Мектептегі кемшіліктер туралы анонимді хабарлауға болады

7 Қараша 2022, 21:30 1972

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті

Қазақстандық оқушылар мен ата-аналар мектеп әжетханалары, жуынатын бөлмелердегі проблемалар және асханасындағы бұзушылықтар туралы Оқу-ағарту министрлігіне хабарлай алады, деп хабарлайды El.kz

Айта кетерлігі, авторлардың анонимділігіне кепілдік беріліп, олар туралы ақпарат жария етілмейді. Мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктер туралы фото және видеоны 8 700 699 04 46 нөмірі арқылы What’s App және Telegram-BOT-қа, Instagram желісіндегі @balaga.laiyq парақшасын белгілеу арқылы жіберуге болады. Сондай-ақ мектептерге осы әлеуметтік желілерге сілтемелері бар QR-кодтар қосымша жіберілді.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен «Балаға лайық» акциясы өтіп жатқанын еске сала кетейік. Акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Сондай-ақ науқан осы жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

«Акцияға кез келген оқушылар, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б. қатыса алады. «Балаға лайық» акциясының нәтижесінде мектептегі жуынатын бөлмелер мен асханалардың жағдайы айтарлықтай жақсарғанын айта кеткен жөн. Заң бұзушылықтар анықталған 100-ден астам мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер жойылды. Мысалы, Павлодар қаласындағы №5 орта мектептің әжетханасындағы кабиналар ата-аналардың министрлік өкілдеріне берген өтінішінен кейін қалыпқа келтірілді. Солтүстік Қазақстан облысы Арықбалық ауылының мектебінде су құбырлары ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орал инновациялық лицейі асханасының жұмысына қатысты түскен өтініштен кейін мектепте асханаға дезинфекция жүргізіліп, оқушыларды тамақтандыру сапасы жақсартылды. Мектептегі әжетханалар мен асханаларға мониторинг жазалау үшін емес, балаларға қажетті жағдай жасауға мектептерді бірлесе тарту үшін жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді»,- деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Акция кезінде мектептердің жуынатын бөлмелері мен асханаларының жағдайы туралы барлығы 1 000-нан астам шағым түсті. Ең белсенділердің арасында Астана мен Алматы қалаларының, Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстарының оқушылары мен ата-аналары бар. Әрбір өтінішті облыстық білім басқармалары қарайды. Ұсақ-түйек кемшіліктерді мектептердің өзі анықтап, жояды.

EL.KZ
Бөлісу: