Мектеп кітапханаларында кітап қоры жеткілікті ме?

1 Қараша 2016, 11:23

Кітапханашыларға арналған семинар өтті

«Оқушылардың оқу сауаттылығын және оқу дағдысын жетілдіру мақсатында қолданылатын белсенді әдіс-тәсілдер» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен «PISA бағдарламасы аясында оқушылардың оқу сауаттылығын және оқу дағдысын жетілдіру мақсатында қолданылатын белсенді әдіс-тәсілдер» тақырыбында кітапхана қызметкерлеріне арналған семинар ұйымдастырылды.

 

Іс-шараға 40 астан жалпы білім беру және Республикалық физика-математика, сонымен қатар Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектептерінің кітапхана қызметкерлері қатысты. Жалпы 2013 жылдан бері республика бойынша кітапханашылаға арналған 148 семинар өткізілген. 

 

Аида Ағаділ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру саясаты, бағдарламалар департаментінің аға менеджері:

— Барлығымызға белгілі, Қазақстан PISA бағдарламасы бойынша математика және оқу сауаттылығы жағынан төмен көрсеткіштер көрсетіп отыр. Сондықтан бүгін біз «Оқу сауаттылығын арттырудағы мектеп кітапханасының рөлі қандай?» - деген сауалды талқылаудамыз. Өкінішке қарай, жалпы білім беретін мектептердегі кітапханашылардың айтуынша бүгінгі күннің басты проблемасына — кітап қорының жетіспеушілігінде. Мектеп басшылығы кітапхана қорын көбінесе негізгі кітаптармен ғана шектеп жатады. Ал әлемдік тәжирбені алып қарайтын болсақ, жыл сайын шетелде 20-30% дейін кітаптар жаңартылады. Тағы бір ерекшелік, қаражат тікелей мектепке бөлініп, оқушылар мен мұғалімдер қажет кітаптардың тізімін беріп, кітапханашы ол кітаптарды сатып алады. Алайда бізде қаражаттың аз бөлінуіне және бөлінге қаражат орталықтандырылғандығына  байланысты мектептер тек оқу жоспарына енген кітаптармен шектеліп, кітапханаға қосымша әдебиеттер жетпей қалып жатыр. Сондықтан бүгінгі семинарға келген біздің әріптестеріміз айтатын басты арызы — мектептеріндегі кітапхана қорының жұтаң екендігі.   

Шын мәнінде кітапхана қорының аздығы бүгінгі қазақ жастарының деңгейлі білім алуына кедергі ме? Оқушыларға қызық кітаптар мектептерде жоқ па? Кітапханашылардың арызы орынды ма? Бұл сұрақтардың жауабын №54-мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі, Астана қаласы бойынша әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Шолпан Сәбитқызынан сұрап көрдім.

  

Шолпан Әбілғазина, №54-мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі, Астана қаласы бойынша әдістемелік бірлестіктің жетекшісі:

— Мектебімізде кітаптар саны жеткілікті. Оқу жылы басталғанда біз оқушыларды кітаптармен, мұғалімдерді оқу-әдістемелік құралдармен жүз пайыз қамтамасыз еттік. Бүгінгі таңда мектеп қорында 9800 кітап бар. Олардың алпыс пайызға жуығы оқу бағдарламасының кітаптары болса, қалған қырық пайызы әдеби-энциклопедиялық кітаптармен жабдықталған. Кітапхана қоры жыл сайын 200-300 кітапқа толықтырылып отырады.  

Кітапханаларда кітап қоры жеткілікті, жеткілікті еместігін біле алмай, семинарға қайта оралдым. Айтпақшы, семинардың басты мақсаты – қалалық жалпы білім беру мектептеріне мектеп кітапханасы жұмысын жетілдіру, оқушыларға ғылыми зерттеу жұмысын жасатудың әдістері, мектеп қауымдастығындағы кітапханашының рөлін дамыту және тығыз әріптестік орнату. Бұл жиналыстың көздегені — өткен жылғы төрт семинарды қортындылау.

     

Іс-шара аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагог-кітапханашылары отандық және халықаралық деңгейдегі озық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтсақ, «Халықаралық PISA зерттеу бағдарламасының аясында оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын арттыру», «Академиялық шыншылдық және плагиат», «Кітапхана – ойын алаңы», «Кітап оқуды насихаттаудың заманауи әдістері», «Оқуды жетілдіру барысында қолданылатын жаңа әдістер мен тәсілдер», «Мектеп кітапханасы ғаламтор кеңістігінде», «Халықаралық «Нүкте күні», «Оқушыларды кітап оқуға ынталандырудың әдістері», «Мәтінге мазмұнда жасаудың тәсілдері» тақырыптарында теориялық және практикалық жұмыстар, сонымен қатар психологтармен ұйымдастырылған арнайы жаттығулар жүргізілді.  


Рүстем ӘЛПИ

Фототілші — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Бөлісу: