Мектеп оқушысы Марсты бақылайды: Аягөздік жас ғалым тың жаңалық ашты

Кеше, 16:47 228

Аягөз ауданының 10-сынып оқушысы Жақсылық Секенов жасанды интеллект көмегімен Марс планетасының климатын болжауға арналған бағдарлама жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ғылыми жобасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ғарыштық зерттеулер саласындағы жаңа қадамға айналып отыр.

Бағдарлама Kaggle платформасындағы ашық ауа-райы мәліметтерін, оның ішінде NASA-ның ғарыштық құралдарынан алынған деректерді қолданады. Машиналық оқыту әдістерінің көмегімен жүйе температурасының өзгеруін анықтап, Марстағы уақыт, орналасқан жер және маусымдарға қарай температураның қалай өзгеретінін болжайды. Жақсылық үш түрлі модельді сынап көрді: сызықтық регрессия, Random Forest және Gradient Boosting. Соңында оның таңдауы ең дәл нәтиже берген Gradient Boosting моделіне түсіпті.

Мен өзге планеталардағы климат қалай жұмыс істейтінін түсінгім келді. Марс ерекше қызықтырды, себебі онда атмосфера жоқтың қасы, ал температура күрт өзгереді. Осындай жағдайларды жасанды интеллект арқылы есептеуге бола ма деген ой мазалады, – дейді Жақсылық Секенов.


Мектепте Жақсылық ынталы, ізденімпаз оқушылардың бірі, ол көп оқиды және тек мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмайды. Жақсылық болашағын ғарыштық технологиялар саласымен байланыстырғысы келеді. Ол өзге планеталарды зерттеуге және болашақ ғарыштық миссияларға дайындалуға көмектесетін интеллектуалды жүйелер жасауды армандайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: