Мектеп формасын қалай таңдау керек? Ата-аналарға кеңес

18 Тамыз 2023, 16:26 998

Мектеп формасын таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені бала оны 9 ай бойы киеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Мектепке арналған киімге қойылатын барлық қажетті талаптар «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентімен (КО ТР 007/2011) реттеледі. Техникалық регламентке сәйкес ол химиялық, биологиялық қауіпсіздікті (бос формальдегидтің массалық үлесі, гигроскопиялығы, ауа өткізгіштігі) қамтамасыз ететіндей етіп дайындалуы тиіс. Киімге арналған материалдар бояуының орнықтылығына қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Есіңізде болсын, бала мектеп формасында бес-алты сағат немесе одан да көп уақыт өткізеді, сондықтан синтетикалық материалды таңдамаңыз. Бұл баланың жүйке жүйесіне әсер ететін статикалық электр энергиясының жиналуына ықпал етеді, яғни ол тітіркенуді тудыруы және тез шаршауға әкелуі мүмкін. Табиғи талшықтар басым аралас маталардан жасалған өнімді алған дұрыс. Мақта мен зығыр маталарын жаз бен көктемгі уақытқа, жүн мен кашемирді күз бен қыс уақытына таңдаған абзал.

Сонымен бірге балалар киімін сатып алғанда, таңбалауды оқып шығыңыз, ол сенімді, анық, оңай оқылатын, мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы керек.

Таңбалау келесі ақпаратты қамтуы керек:

- өнім дайындалған елдің атауы;

- дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының, дистрибьютордың атауы және орналасқан жері;

- бұйымның атауы;

- дайындалған күні (айы, жылы);

- «ЕАС» белгісі;

- материалдағы табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен салмақтық үлесі (пайыздық құрамы);

- жүннің түрі және оны өңдеу түрі (боялған немесе боялмаған);

- бұйымның өлшемі.

Сонымен қатар, қажет болған жағдайда:

- бұйымды күту символдары және (немесе) пайдалану процесінде бұйымды күту ерекшеліктері жөніндегі нұсқаулық;

- бұйымның түрі (мақсаты);

- өнімнің қызмет ету мерзімі;

- кепілді қызмет ету мерзімі;

- бар болған жағдайда: тауар белгісі.

Сонымен қатар, балалар киіміне оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар (сәйкестік сертификаты, сәйкестік туралы декларация) болуы тиіс. Сондықтан сатушыдан осы құжаттарды талап етуге құқығыңыз бар. Болмаған жағдайда, тауарды сатып алудан аулақ болыңыз. Сондай-ақ, мектеп формасын мамандандырылған дүкендерден сатып алуды ұсынамыз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: