Медициналық мекемелерге ақпараттық жүйені таңдауда еркіндік беріледі

17 Наурыз 2023, 13:14 742

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында медициналық ақпараттық қызметтер нарығында монополияға қарсы әрекет ету шаралары талқыланды.

Атап айтқанда, емханалар мен басқа да медициналық ұйымдарға ақпараттық жүйелерді жеткізушілерді таңдауда барынша еркіндік беру тетіктері қаралды. Бұл қандайда бір компанияның нарықта үстемдік етуінің техникалық мүмкіндіктерін шектеуді білдіреді. Бүгінгі таңда медициналық мекемелердің таңдауы шектеулі, өйткені жеке компаниялар оларға жинақталған мәліметтер базасын бермеуге құқылы, бұл ауруханаларды сол жеткізушілермен ғана келісімшарт жасауға мәжбүрлейді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, eHealth мемлекеттік платформасын құру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Осы арқылы қажетті медициналық мәліметтері бар пациенттер туралы бірыңғай дерекқор қалыптастыру жоспарланып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: