Медициналық басылымда өз қолтаңбасы бар баспа

2 Мамыр 2017, 14:57 10941

Әлемдегі үздік медициналық кітаптарды қазақша сөйлеткен баспа

Салалық баспалар – бүгінгі кітап басу ісінің негізгі тұтқасы. Жекелеген баспалардың көбісі қазіргі таңда аса қажетті кітап шығару жолында салалық кітап шығару ісімен айналысып келеді. Қазақстандағы салалық баспалардың жұмысы өткен ғасырдан бастау алды. Ал, қазірде нарықтық экономикаға қарамастан олар өскен, дамыған. Солардың қатарындағы «ГЭОТАР-ҚазМедиа» – Қазақстандағы ең ірі медицина саласындағы баспа. Ең ірі болатын себебі де сол, баспа тобы 5 жылдың ішінде Қазақстандағы медициналық ЖОО мен колледждерге арналған оқулықтарды, медициналық кітаптардың басым көпшілігін қазақ тіліне аударып үлгерген. Әлемдегі үздік медициналық кітаптарды қазақша сөйлеткен баспаның жұмысымен танысу үшін «ГЭОТАР-ҚазМедиа» ЖШС бас директоры, баспагер Ботакөз Артықбаеваны әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Ботакөз Ермекқызы, елімізде жұмыс бастағанына санаулы жылдар ғана болса да қыруар еңбек тындырған «ГЭОТАР-ҚазМедиа» баспасы жайлы айтсаңыз?

–       «ГЭОТАР-ҚазМедиа» баспасы мәскеулік Гэотар-Медиа баспа тобының филиалы. Бұл компанияның Қазақстан нарығында қызмет жасап жатқанына 10 жылдай уақыт болды. Біз заманның талабына сай бұдан бұрын жарық көрген дәрігерлерге арналған оқулықтар мен нұсқаулықтарды өңдеп, толықтырып қайта шығарамыз. Олардың көпшілігі классикалық медицинаға арналған. Кейбір кітаптарымыз 7-9 рет, тіпті, 11 рет қайта басылып шығып жатыр.

2012 жылы нарықтағы қазақтілді медициналық кітаптар мен оқулықтардың тапшылығын ескеріп «Бірыңғай оқулық» жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Сөйтіп, классикалық медициналық оқулықтарды аударуға кірістік. 5 жылдан бері ауқымды жобаны жүзеге асырып, қазақтілді студенттердің білім алуына үлес қосып келеміз.

– Қазірге дейін қанша кітап шығардыңыздар?

–  Қазір баспамызда шығарылған және дайындалып жатқан 1500 кітап бар. Оның 200-ден астамы қазақ тілінде жарық көрді. Яғни, медициналық ЖОО студенттеріне арналған 560 оқу әдебиетінің 150-ін,  колледждерге, медбикелер мен фельдшерлерге арналған 140 оқулықтың 40 аталымын және тәжірибелік дәрігерлерге арналған 660 кітаптың 10 түрін қазақ тілінде басып шығардық. Сондай-ақ, 15 басылым «Денсаулық мектебі» және «Науқастарға арналған жаднама» сериялары бойынша болса, 16 басылым ветеринарлар мен зоотехниктерге арналған.

– Аударма жобасын ұйымдастыру жағына тоқтала кетсеңіз.

– Басылымдардың авторлары мен аудармашылары еліміздегі медицина саласының білікті мамандары. Нақтырақ айтқанда, С.Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінен 11 автор, 40 редактор, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен 17 автор, 27 редактор, Астана медициналық университетінен 3 автор, 14 бас редактор, Семей қаласы мемлекеттік медицина университетінен 3 автор, 15 бас редактор, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен 12 бас редактор біз ұйымдастырған жұмысқа жұмыла кірісті. Авторлардың кейбірі кітаптарын орыс тілінен қазақ тіліне өздері аударды. Сондай-ақ, өз компаниямыздың мықты редакторлары мен корректорларының тынымсыз еңбегінің арқасында 5 жыл ішінде еліміздегі медициналық оқулықтардың барлығын дерлік ана тілімізде басып шығардық.

– Басылымдардың сапасын қалай қамтамасыз етесіздер?

– Біріншіден, біздің авторларымыз – шетелдік және қазақстандық медицина саласындағы білікті мамандар. Каталогымыздағы әрбір жетінші кітап – әлемге белгілі үздік оқулықтар мен нұсқаулықтардың орыс және қазақ тіліне аударылған нұсқасы.

Екіншіден, басылымдарымыз ұзақ болғанда 3 жыл бұрын ғана әлемдік кітап нарығына шыққан еңбектерді және 20 пайызы соңғы жылдары жарық көрген кітаптарды қамтиды. Олардың ішінде 200-ге жуық аталым қазақ тілінде шығарылды.

Үшіншіден, біз кітаптарды сапа стандартына сай талаппен шығарамыз. Біздің мамандар: редактор, аудармашылар, корректорлар, беттеушілер, суретшілер, технологтар білімі мен кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Сонымен қатар, барлық оқулық басылымдары, олардың ішінде қазақ тіліне аударылған кітаптарымызға ҚР Білім және ғылым министрлігінің грифін алып, медициналық ЖОО мен колледж студенттеріне ұсындық.

– Биылғы жылы қандай жаңа басылым әзірлеп жатырсыздар?

– Біз бұған дейін шыққан клиникалық нұсқаулықтар мен Кәсіби қоғамдастықтың Ұлттық нұсқаулықтарын өңдеп, қайта басып шығарумен қатар, негізгі пәндер бойынша қазақ тілінде жаңа 100 аталыммен оқулықтар мен оқу құралдарын шығаруды көздеп отырмыз. 2014 жылғы үздік шетелдік кітаптар мен бұдан бұрын орыс тілінде шығарылған кітаптарды, сондай-ақ, жаңа әлемдік бестселлерлерді аударып шығару бойынша жұмысымызды қайта кеңейттік.

Медициналық білім беруге арналған электрондық жүйелеріміздің жаңа нұсқаларын сынақтан өткізбекпіз. Электрондық жүйені пайдаланушылардың саны соңғы бір жарым жылда екі есеге артты. Заманауи электронды технологияларымыз жазба, аудио және бейнематериалдарды, интерактивті мүмкіндіктерді қамтиды.  Мысалы, студент немесе дәрігердің алған білімін тексеруге арналған тесттік бақылау тапсырмаларын уақытылы жаңартып отыруға жағдай жасадық. Бұл Қазақстанда баламасы жоқ әлемдік стандарттарға сай жүйелер. ЖОО және колледж студенттеріне арналған «Студент кеңесшісі» электронды кітапханалар жүйесі топтамасында  жоғары медициналық білім берудегі әртүрлі мамандықтар мен пәндер бойынша 9000-нан астам басылым бар. Дәрігерлерге арналған «Дәрігер кеңесшісі» электрондық жүйесі де ғаламтор желісінде пайдалануға қолайлы. Жаңалықтар легі, іс-шаралар күнтізбесі, сондай-ақ, үздік әлемдік медициналық жанрларға шолу ұсынылған 500-ге жуық клиникалық нұсқаулары бар.

Дәрігерлерге қашықтықтан үздіксіз білім беруге арналған модулдерді белсенді түрде дайындаудамыз. Қазірдің өзінде «Дәрігер кеңесшісі» жүйесіне жазылушылар бірқатар мамандық бойынша оқу моделдерін пайдалана алады. Жүйеде ресейлік мамандар дайындаған 300-ден астам модуль берілген. Бір жыл ішінде олардың санын барлық медициналық негізгі мамандықтар бойынша 1300-ге жеткізу жоспарда бар.

Сондай-ақ, биылғы жылға орысша-қазақша Медициналық терминдердің түсіндірме сөздігін дайындап жатырмыз. 2100 беттік бұл көлемді сөздікте 30000 терминге түсініктеме берілген. Аталған сөздіктің дайындалуына отандық білікті мамандар мен жетекші ЖОО-ның профессор-оқытушылары атсалысуда. Бұл біздің медицина саласындағы қазақ терминологиясын алға жылжытуға қосқан үлесіміз деп білеміз.

Бөлісу: