Медицинадағы қара жұмыс: Науқастарға күні-түні қарайтын қызметкерлердің айлығы қашан көбейеді

28 Ақпан, 13:10 843

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға медициналық әлеуметтік мекемелердің кіші персоналы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, бүгінде медицина саласындағы қызметкерлердің мәселелері жеткілікті, оның ішінде, қызметкерлердің тағы бір проблемалық санаты - медициналық әлеуметтік мекемелердің кіші персоналы туралы. Жұмысшылардың осы санатына баса назар аудару керек.

Әсіресе операциялық блокта жұмыс жасайтын мед персонал қызметкерлері. Операциядан соң жуатын да, тазалайтын да солар. Отадан кейінгі орынды тазалау да оңай емес. Медициналық қоқыстарды шығару да солардың мойнында. Себебі қоқысты жоятын арнайы мамандарға уақытылы дайындап қою керек. Және де операциялық құралдардан, жуатын химиялық заттардан болатын радиация да бар. Және де психо-эмоцианалды көрсеткіш үшін дәрігерлерге, медбикелерге үстемақы төленеді, кіші персоналға жоқ, - дейді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар реанимацияда жұмыс жасайтын кіші медициналық персонал қызметкерлері, олар ауыр халде жатқан адамдарға, жандарын шүберекке түйіп, көздері жәутеңдеп көмек күткен науқастарға қызмет жасайды.

Тіпті, ұлы сөзде ұят жоқ, дәретке отырғызу, орнын тазалау, тағы да басқа қызметтер жатады. Және кіші персоналдар үшін ауыр жұмыстың бірі ол хосписте. Әрине, ондағы жағдайды ешкімге тілемейміз, бірақ онда соңғы күндерін өткізіп жатқан ауыр науқастар жататыны белгілі. Ол жерде кіші мед персонал қызметкерлері ауыр жұмыстар атқарады. Бұндада жаңа жоғарыда айтқан қызметтерді жасайды. Сонымен қатар олардың қатарында психодиспансер мен туберкулездік диспансерлердегі медициналық кіші қызметкерлер бар.  Олардың  күнделікті жасайтын жұмыстары, оның ішінде төсектен тұрғызу, киіндіру, жуу, тамақ сусын ішкізу, дәретхананы пайдалану, күту сияқты тағы басқа қызметтер жатады, - дейді Таңсәуле Серіков.

Мәжілісмен осындай ең ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің, хирургиядағы санитарлардың жалақысы өте аз екенін атап өтті. Деректер бойынша 90 мыңның шамасы. Тіпті кереметтей үстемақы қосқанның өзінде 100-120 мыңнан аспайды.

Неге? Себебі олар кіші медициналық персонал! Сонда әділдік қайда? Биылғы жаңа жылдан бастап 25 пайыз қосылды деді, бірақ ол 5-6 мыңды ғана құрайды. Оның өзінде ол ақша әлі бөлінбеген. Иә, ем жасайтын дәрігерлердің еңбегі бар, бірақ ауыр жұмыстар атқаратын осы қызметкерлердің еңбегі неге бағаланбайды? Ауылдық жерлердегі осы санаттағы қызметкерлерге ауылдық квота мүлде қосылмаған. Айлығын келесі айлығына жеткізе алмай отырған кіші медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің көңіл күйі қандай болмақшы?, - дейді ол.

Осыдан соң оларда сапалы жұмыс атқаруына да мүмкіндік болмасы анық. Жалпы кіші мед персоналдар үшін қосымша үстемақы, олардың жұмыстарының зияндылығын да ескере отыра берілуі керек. Бізде солай ма? Қосылды деген аты ғана, болар болмас қосылған тиын тебен қазіргі күні неге жетеді? Оған инфляцияны, өсіп жатқан коммуналдық төлемді қосыңыз. Ол қызметкерлердің де отбасы, тұрмыс тіршілігі бар емес пе. Олар тіпті үй-жайларды, дәретханаларды тазалағаны үшін, сондай-ақ түнгі уақытта жұмыс істегені үшін қосымша ақы айтарлықтай түрде қосылуы керек. Әйтпесе 20-30 пайыз қосылды дегеннің өзінде 5-6 мыңның айналасы ғана.

Мысалы, Германияда Қазақстандағы санитарлардың функционалдық міндеттерін медбикелердің көмекшілері (ассистенттері) орындайды. Мұндай мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысы 1800-ден 2600 еуроға дейін құрайды, бұл теңгемен есептегенде 900 мыңнан 1млн 300 мың теңгеге дейін жетеді. Германияның мемлекеттік бюджетінің деңгейі Қазақстанның республикалық бюджетінің деңгейімен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Алайда, Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарға көңіл бөлінбейінше, біз еңбекке қабілетті халықтың шетелге тез кетуін байқайтын боламыз.

Және де санитар атауын медбикенің көмекшісі немесе ассистенті атауына өзгерту керек деп санаймын. Себебі, санитар дегенде қоқыс жинап, тек тазалық жұмысын атқаратын сияқты көрінеді. Керек десеңіз санитарлар уколын да салып, берілген дәрісін де ұсынып медбике қызметін де атқарады.

Медицина қызметкерлерімен қоян-қолтық бірге қызмет етіп жүрген қызметкерлердің еңбек ақысы ерекше төмен болуы естір құлаққа ұят, олардың еңбекақыларын көтеруге жасап жүрген қызметі лайықты деп санаймын.  Жоғарыда айтқан мәселелер бойынша ұсынамын, - деді депутат.

  1. Осы қызметкерлердің жалақысы кем дегенде 2 есе көтерілсін.
  2. Жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін.
  3. Пәтер алу үшін жалақысын ескере отырып, жеңілдетілген несие берілсін.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: