Медиацияның басты мақсаты – кез келген істі сотқа жеткізбеу

24 Қазан 2018, 06:25 3093

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылы елімізге медиаторлық жүйе енгізіле бастады.

Бұған қатысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Елімізде соттардың жүктемесі жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан, бізге судьяларға көмектесетін балама жүйе болуы керек. Кезінде ата-бабаларымыз алқа билер соты арқылы талай дау-шарларды шешіп отырды. Елді бітімгершілікке шақырып, дау-дамайды сотқа жеткізбей шешетін осындай жүйені ұстану біз үшін маңызды. Сондықтан, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда медиация мәселесін жетілдірген жөн» деген болатын.

Міне, Елбасының осы ұсынысынан кейін елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданды. Содан бері бірнеше жылдың жүзі болды, бұл салада бірқатар алға жылжу бар.

Бұл ретте «Халықаралық құқық қорғау» орталығының кәсіби медиаторы Балнұр Сыдықбаева еліміздегі медиаторлардың қызметі артып келе жатқанын, алдағы уақытта бұл саладағы білім алу, тәжірибе алмасу жағын тереңдете түсу қажеттігін алға тартып отыр.

 Кәсіби мамандандаған медиаторлар одағы болса...

«Қазір медиаторлардың қызметіне жүгінушілердің саны артып келеді. Медиаторлар дауға қатысушылар үшін тиімді қызмет істеуге ұмтылып жатыр. Дауға қатысушылар үшін шығынның аз болуын, екі жаққа да тиімді  қорытынды қойылуы біз үшін аса маңызды. Медиаторлардың негізгі ұстанымы бітімгершілік болғаннан кейін, қазір оларға деген көзқарас жақсара бастады. Біздің тәжірибемізде бітістіру маңызды. Сондықтан, біз әрдайым халықаралық тәжірибелерге сүйенеміз. Халықаралық тұрғыда жасалып жатқан жұмыстарға мән береміз. Оларды зерттейміз. Халықаралық медиаторлар одағымен онлайн сабақтар аламыз. Осыған орай айтарым, біздің елімізде қазірде 300-ден астам кәсіби медиатор бар. Меніңше, алдағы уақытта осы медиаторлардың басын біріктіретін кәсіби медиаторлар одағы құрылуы керек. Бізде жекелеген медиаторларды оқытатын орталықтар бар. Ендігі кезекте осы медиаторлардың басын қосатын бір одақ немесе қауымдастықтың болғанын жөн санаймын», деді Балнұр Сыдықбаева.

Оның айтуынша, мұндай одақтар құрылатын болса, медиаторлардың да жұмысы алға бастайды. Маманның пайымдауынша, біраз жылдың жүзі болса да, елімізде медиаторға қызметақысын төлеу мәселесі, олардың да құқын қорғау жайы толыққанды шешіле алмай келеді. «Міне, осындай одақтар құрылса, бұл мәселелер сәл де болса жеңілдер еді» дейді маман.

Кәсіби медиатор мен қоғамдық медиатордың жөні бөлек...

Жалпы, медиатор Балнұр Сыдықбаеваның бұл пікірін заңгер Жандос Сайлаубай да қолдап отыр. «Алдағы уақытта кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың тізіміне қарап, оларға қызметақы төлеу жағын бір ретке келтіру керек» дейді Жандос Сайлаубай.

«Медиатор — латын тілінен аударылғанда делдалдық келісім деген мағына береді. Бізде осы келісімге келтіріп, дауласқан екі жақтың арасын бітістіретін кәсіби және кәсіби емес медиаторлар бар. Кәсіби медиаторлар осы салада білімін жетілдірген, оқыған кәсіпқой мамандар. Ал, кәсіби еместер елдің арасынан шыққан қоғамдық медиаторлар. Олар бұрынғы билер сияқты дау-шарларды өзіндік тәжірибесіне сүйене отырып тоқтатады. Міне, осы арада айта кететін мәселе, бізде медиаторлардың қызметақысын төлеу жөнінде заң толық жұмыс істемей отыр.

Өз басым, кәсіби мамандарға бөлек гонарар, кәсіби емес медиаторларға бөлек гонарар тағайындау керек деп есептеймін. Олардың қызметақысының құны істің ауқымына қарай да бағалануы тиіс. Медиаторлар көбіне отбасылық жанжалдарға, ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушіліктерге, коммуналдық төлемдерге қатысты дау-шарларға қатысады. Осындай істердің ауқымына, даудың ауыртпалығына қарап, оларға тиісті ақы төленгені жөн деп ойлаймын. Ал, осы жайттардың барлығын бақылап, қадағалап, медиаторлардың басын біріктіріп, елдегі медиация орталықтарына жөн сілтеп отыратын бір арнайы одақ болса тіптен жақсы болар еді», деді заңгер Жандос Сайлаубай.

Медиатор білімді болуы тиіс

Жалпы, медиация ілімі дамыған инфрақұрылымы жетілген елдердің барлығында тәжірибеде бар. Өркениетке ұмтылған кез келген елде қылмыстық істердің азайып, істің сотқа дейін жетпеуіне, мәселенің екі тарапқа да ыңғайлы шешілуіне үлкен мән беріледі. 2011 жылдан бері медиаторлардың құқықтары заңмен реттеліп, қызметтері жайында тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Елімізде содан бері бірнеше медиаторларды даярлайтын орталықтар құрылды. Қоғам біз үшін мұндай қызмет түрлері керек екенін түсініп келеді.

Бұған қатысты әлеуметтанушы маман Әсем Қасымханова «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен пайда болған мұндай мамандар бізге қажет. Кез келген дамыған және дамушы елдерде мұндай жүйе бар. Сондықтан, болашақта соттарға балама медиаторлар жүйесін жетілдіру біз үшін маңызды. 18 млн халқы бар Қазақстан үшін 300 медиатор аздық етеді. Демек, болашақта еліміздегі медиаторлар саны өсуі тиіс. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғаннан кейін медиаторлардың ерекшелігі де ескерілуі тиіс. Медиаторлар жан-жақты білімді болуы қажет. Кәсіби тұрғыда жетілген медиаторлардың легі артуы тиіс. Сонда қандай да болмасын дау-дамай екі жаққа да тиімді шешіледі» дейді.

 Ассамблея жұмысының маңызы зор

Негізінен, елдегі медиация жүйесін жетілдіру Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін де аса маңызды болып отыр. Қазір елде этномәдени бірлестіктер мен конфессиялық қатынастар саласында да кәсіби медиаторлар жұмыс істеуде. Мұның барлығы Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы аясында атқарылып отыр.

Бұған қатысты «Аналитик» сараптау орталығының сарапшы-маманы, экономист-ғалым Дәурен Арын бұл арада Ассамблея жұмысының маңызы зор екенін алға тартты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан мұндай медиаторлар ұйымының құрылуы өте маңызды. Бұл істе Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділік танытуы қуантарлық жайт. Себебі, біз 130 ұлттан ұйысқан мемлекетпіз. Көпұлтты мемлекетке татулық пен бірлікті, берекені ұйыстырып ұстау өте маңызды. Қазақстандағы тыныштыққа, бірлікке көптеген елдер қызыға да, қызғана қарайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  сындарлы саясатының арқасында елімізде тыныштық, береке, бірлік бар. 130 ұлтты бір тудың астында бірлікпен ұстау оңай емес. Сондықтан, бұл арада Қазақстан халқы Ассамблеясының да жұмысының маңызы зор. Осы арада медиация жүйесінің жетілуі Ассамблея үшін де маңызды. Елде ұлт араздықтың болмауы үшін олар қызмет етуі керек. Міне, медиаторлардың маңыздылығы осында. Ұлтқа қатысты дау-шарлар болғанда олар «бетегеден — биік, жусаннан — аласа» болу арқылы мәселені тиімді шешуі тиіс. Медиацияның басты мақсаты — кез келген істі сотқа жеткізбеу болғандықтан, олар қазір өз міндеттерін меңгере бастады. Әрі қарай да бұл істе озық болатынымызға сенім мол. Заман талабына сәйкес бізге мұны жетілдіру қажет», – дейді Дәурен Арын.

Абзалында, медиация жүйесі көптеген дамыған елдерде 1960-жылдардан бері қолданыста екен. Мәселен, Америка, Бельгия, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Германия елдері медиаторлардың қызметіне 1960-жылдардан бастап жүгіне бастапты. Ал, Қазақстанда бұл жүйенің енгеніне небәрі тоғыз жыл болды. Мамандар осы тоғыз жылдың өзінде білікті медиаторлар сапы қалыптасып келе жатқанын алға тартады. Әйтсе де, халықаралық талапқа сай болуы үшін бұл жоба әлі де жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты сарапшы-мамандар «кез келген мемлекет үшін соттасып жатқаннан гөрі, татуласып бітіскен маңызды. Демек, алдағы бес жылда бұл қызмет түрі елімізде кеңінен қолданыла бастайды. Ендеше, кәсіби жетілген медиаторлар легі өсуі үшін жоғарыда аталған ұсыныстарға мән берілгені дұрыс. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы әрі қарай да сауатты әрі тиімді жұмыстарын жалғастыруы тиіс» деп отыр.

 

 

Бөлісу: