Қазақстан Республикасының медиация туралы заңы 2011-ші жылы қабылданып, күшіне енген. Бұл құжат еліміздегі медиацияны ұйымдастыру, бұл саладағы қоғамдық және азаматтық қатынастарды реттейді.
Барлық заңды тетіктер қамтылып, айқындалған. Ел тұрғындарының арасында туындауы ықтимал деген даулы мәселелерді ушықтырмай, сотқа дейін жеткізбей-ақ дауласқан тараптарды ортақ мәмілеге келтіру механизмдері бекітілген. Толық жағдай жасалған сияқты, бірақ, медиация айтарлықтай дами қойған жоқ. Не кедергі деген орынды сауал туындайды. Жауап іздеп көрейік.
Биылғы жылдың мамыр айында Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов қазақстандықтарға үндеу тастады. Ондағы мақсат, ақшаға, қандай да бір мүлікке қатысты даулы мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешуге шақыру. Яғни, медиаторлардың көмегіне жүгінуге шақырды. Мұның бірнеше артықшылықтары бар.
Біріншіден, дауды уақыт созбай, қысқа аралықта шешуге болады. Екіншіден, сотқа дейін жетпейді. Демек, жеке өмірдің құпиясы сақталады. Уақыт созбай, тезірек шешуге мүмкіндік бар, медиаторлардың көмегіне жүгінгендер қағазбастылықтан арылады. Даулы мәселе шешімін таппай, сотқа дейін жетіп жатса, сот алдында әрбір аргумент, әрбір пікір құжатпен дәлелденуі керек. Заң талабы сол. Демек, сотқа жүгінсеңіз, бума-бума қағаздарыңызды дайындауға әзір болыңыз. Бір жағынан мұндай үндеу судьялардың жағдайын жақсартуға, жұмысын жеңілдетуге бағытталғаны рас. Алайда, мұны міндетінен қашқақтау деп түсінгендер де жоқ емес шығар, сірә.
Дегенмен, іс жүзінде кәсіби медиаторлар тек судья жұмысының біраз бөлігін мойнына алумен ғана шектелмейді. Әрине, әртүрлі даулы мәселелер сотқа дейін шешіліп жатса, судьяларға да жеңілдігі тиетіні сөзсіз. Бірақ, бұл ең алдымен тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталғаны хақ. Уақытты үнемдейді, жүйкені тоздырмайды.
Айталық, дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылар ажырасуға бел буады. Ащы болса да өмірдің шындығы ғой. Сол ажырасу процесі көбіне үлкен дауға әкеп соқтырады. Әсіресе, бұрыңғы жұптың ортақ мүліктері бөліске түссе, тіпті қиын. Әр тарап өзінің шындығын айтып, аргументтерін ақиқат деп біледі. Ал, әрбір аргументті айқын дәлел ететін құжат керек. Демек, қағазбастылық арта түседі. Мұндайдан кейін жүйкесі тозып, бір-бірін мүлдем көре алмай кететіндер де жоқ емес, жасыратыны жоқ. Жағдайды соншалықты шиеленістірмей-ақ, тараптар толық татуласпаса да, ортақ мәмілеге келіп, аяғында жақсы қарым-қатынастарын сақтап қалатындай жағдайға жетіп жатса, бұл медиатордың үлкен жеңісі шығар.
Медиация дегеніміз не? Неліктен біз оны бабалар мұрасына балап отырмыз? Біздің заңгерлік сөздікке бұл сөз латынның mediare – делдал деген ұғымымен келген. Бұл нағыз демократиялық және адамдар арасында орын алатын даулар мен жанжалдарды сот органдарына жүгінбей-ақ шешудің ең тиімді түрі десек артық болмас.
Кәсіпқой заңгерлер тілімен айтсақ, үшінші тұлғаның қатысуымен реттелетін даулы мәселелерді шешудің альтернативті технологиялардың бірі. Қазақстанда медиацияның дамуы 2011-шы жылдан бері қарқын алып келеді деген пікір қалыптасқан. Себебі дәл сол жылы, жоғарыда айтып өткеніміздей, тиісті заң қабылданып, барлық процедуралық тетіктер реттеле бастады.
Содан бері жеті жыл да өте шықты. Аз емес сияқты. Алайда, тарихи өлшеммен алсақ, өте қысқа мерзім. Яғни, біздің елімізде медиация механизмдерінің қанаты енді қатайып келе жатыр деген сөз. Әзірге ол әлі сыналып жатыр деуге де болады, дейді заңгер мамандар.
Дегенмен, қазірдің өзінде Қазақстанда медиация және бітімгерлік орталығы құрылып, жаңа жүйенің қолдану аясы жыл озған сайын кеңейіп келеді. Бастапқыда медиаторлар көбінесе отбасылық-тұрмыстық дауларды шешуге атсалысып жүрсе, қазір азаматтық, тіпті, қылмыстық құқықтың кейбір салаларында кеңінен қолданыла бастады.
Әрине, медиация институтын құрып, Қазақстан еш жаңалық ашқан жоқ. Себебі, қазірдің өзінде мұндай механизмдер көптеген елдерде пайдаланылып келеді. Тіпті, көне заманнан бері адамзат баласы даулы мәселелерді шешіп беру үшін үшінші тараптың көмегіне жүгінген. Мұндай деректер ежелгі Грекия тарихында да кездеседі. Көне Рим құқығында да мұндай қызмет түрі заңмен реттелетін.
Қазіргі заманғы ұғымда медиация институт ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана қарқынды дами бастады. Ең алдымен АҚШ, Австралия және Ұлыбритания елдерінде мұндай механизмдер кеңінен қолданысқа енгізілді. Кейін Кәрі құрлықтың басқа да елдеріне тарады. Бұл мемлекеттерде қазір медиаторлар экономика, бизнес, құқық салаларындағы барлық келіссөздерге араласатын болған. Жай ғана араласпайды, ортақ мәмілеге келтіріп, шешім табуға көмектеседі. Кейбір істер, тіпті, медиаторлардан өтпесе, сотпен қабылданбайды да екен. Демек, бұл елдерде медиацияны қолданудың өте бай тәжірибесі жинақталған. Ол ғылыми негізделген. Заңнамада ерекше орны бар. Біз бұған әлі жеткен жоқпыз деген ой туындауы ықтимал.
Дей тұрғанмен, Ұлы Дала тарихында да медиация институты ерекше орын алатыны хақ. Біздің де бұл механизмді "бабалар мұрасы" деп атауға толық құқығымыз бар. Себебі кешегі даладағы билер соты дәл осы медиация принциптеріне негізделген.
Атақты Төле, Қазыбек, Айтеке билер бүгінгі күннің кәсіпқой медиаторлары іспеттес. Өзара дауласып, жанжалдасып қалған руларды, ауылдарды, әулеттерді бір-бірімен татуластырып, әділ шешімін шығарып, ортақ мәмілесін тауып жүрді емес пе. Тәуке ханнан мұра болып қалған "Жеті жарғыда" да баптардың біразы медиация принциптеріне негізделеді.
Айталық, аса ауыр қылмыстар үшін, адам өлтіру, зина жасау, қарақшылыққа бару сияқты қылмыстар үшін өлім жазасына да кесілуі мүмкін еді. Алайда, іске билер, беделі зор ақсақалдар араласатын болса, жауласқан тараптарды татуластырудың амалдары қарастырылып, көп жағдайда қантөгіссіз, кек алусыз шешілетін.
Айталық, кісі өлтіргенді қатты жазаламай, қылмыскерге қамқоршысыз қалған балаларды өмір бақи асырау міндеттелген. Кейбір қылмыстар үшін жазаланушыға құн төлеткізетін. Жалпылап айтсақ, дауды одан сайын ушықтырмай, бейбіт жолмен шешуге бар күш салатын.
«Кешірімді бол», дейді атам қазақ. Жауыңмен татуласа біл, ортақ мәмілеге келе біл деген мағынаны білдіретін сияқты. Бұл да медиация принциптері дала демократиясында кеңінен қолданылғанын айғақтаса керек.
Дала демократиясы демекші, көшпенділердің салты да, тұрмысы да, барлығы да татулықты сақтап, бірлікті нығайтуға бағытталып отырған ғой. «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді», деген қанатты сөздер де халық жадында. Сондықтан, ел ішіндегі халықты татуластырып отыру, өзара туындаған түрлі кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешу сол билердің үлкен міндеті іспеттес.
Мұның барлығы, әрине, билерге жүктелген. Демек, сол билер, бүгінгі тілмен айтқанда, кәсіпқой медиаторлар болған. Яғни, бүгін біз сырттан көшіріп отырған заманауи механизмдер, Ұлы Дала жерінде ғасырлар бойы қолданылып келген. Бірақ, белгілі бір себептермен ұмытылған.
Қазір енді тәуелсіз Қазақстанда бабаларымыздың мұрасы қайта жаңғырып, жаңа, заманауи форматта қоғам өміріне енгізіліп жатыр. Медиацияның барлық механизмдері заңмен реттелген. Тіпті, қай санатқа жатқызылатын істер де медиаторлар көмегімен шешілуі мүмкін даулардың классификациясы да бекітілген. Ірі қалаларда медиация орталықтары ашылып, жұмыс істей бастады.
Бұл ретте айта кеткен жөн, әлемдік тәжірибеде медиация орталықтарының екі түрі болады. Біріншісі - соттар жанындағы орталықтар. Олар негізінен отбасылық дауларды шешуге белсенді атсалысады. Оған қоса бірқатар шаруашылық жанжалдарды реттеп, белгілі бір материалдық құндылықтар үшін дауласқан тараптарды ортақ мәмілеге келтіреді. Екінші түрі - аса көлемді қоғамдық дауға айналып кеткен жанжалдарды реттеуге үлес қосатын орталықтар.
Бұлардағы процесс күрделілеу. Татуласу процесстері тіпті жылдап созылып кетуі ықтимал. Мұндай медиаторлық орталықтар негізінен академиялық бағытқа ие. Көп жағдайда олар классикалық ғылыми университеттер жанында жұмыс істейді. Бұдан бөлек, сотқа дейінгі татуластыру кабинеттері мен түрлі орталықтар да белсенді түрде қызмет атқарады. Олар қоғамдық ұйымдардың жанынан құрылады. Айталық, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында мұндай орталық ашылған.
Әрине, бүгінгі таңда медиация барлық даулы мәселелерді шешеді деуге болмайды. Кейбір жасалған қылмыстар медиаторлардың қарауына мүлдем берілмейді. Солардың қатарында терроризм, экстремизм, кісі өлтіру, қарақшылық жасау, отанды сату, жемқорлық қылмыстары және тағы басқалары. Яғни, тараптардың татуласуы мүмкін емес деген сөз. Мұндай істерді тек сот қарап, заң шеңберінде тиісті жазасын тағайындауы керек.
Ал, медиаторлардың құзыретіне көбінесе, отбасылық-тұрмыстық, мәдениетаралық, өндірістік жанжалдар немесе авторлық құқық жөніндегі даулар қарастырылуы мүмкін. Себебі тараптардың материалдық мүдделері бар жағдайларда медиаторлардың көмегі зор болуы тиіс. Ең бастысы олар уақытты, ақшаңызды үнемдеуге және жүйкеңізді тоздырмауға көмектесетіні сөзсіз.
Асан ҚАЛИАХМЕТ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.