Медет Салықов: «Әнім Алатау асыпты...»

25 Қараша 2015, 10:04

Медет Салықовпен сұхбат

Музарт тобының орындауындағы «Мөлдіреген жанарың», Жаңабай Өтегеновтың «Аяла», Клара Төленбаеваның орындауындағы «Аққу арман», «Нағашыма», «Жібек сезім» әнімен елге танымал сазгер, әнші Медет Салықовпен болған сұхбат.

– Шығыстан шыққан қазақтың қара домалақ баласына ән айту өнері кімнен дарыған?

– Менің туып-өскен жерім Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылы өнерден және өзге де саладан кенде жер емес. Сол өңірден елге танымал көптеген азаматтар шыққан. Адам бойындағы өнер сол табиғаттан берілсе керек-ті. Мен өнердің нәрін сол тәрбиелеп, өсірген ортадан алдым деп ойлаймын.

– Сіз дәстүрлі ән өнерінің өкілісіз. Эстрада саласында да еңбектеніп жүрген жайыңыз бар. «Аламан» тобының әншісіз. Жалпы, эстрадаға бет бұруыңызға не себеп?

– Дәстүрлі әншілердің жартысынан көбі эстрада сахнасында өнер көрсетіп жүр. Эстрада мен дәстүрлі әнді  қосақтап алып жүргендері де бар. Өз басым дәстүрлі ән өнерінің ауылынан алыс кеттім деп айта алмаймын. Ән жазып жүргеннен кейін сазгер ретінде дәстүрлі әннің бояуын қосуға тырысамын. Әр жазған әуенімде дәстүрлі әннің сарыны бар десем қателеспеймін. Балаларымның бірін жетігенге, екіншісін домбыра үйірмесіне бердім. Оларды да дәстүрлі ән өнеріне баулудамын.

– Дәстүрлі әнші ретінде ең алғаш сахнада орындаған әніңіз есіңізде ме? Сол кездегі толқуыңызда ұмыт болмаған шығар?

– Көп дүние ұмыт болады ғой. Бірақ сол кездегі толқуым әлі есімде. Ауылдан қалаға алғаш келген кезім. Танымал әншілердің қолынан ұстамақ түгел көргенімізге мәз боп жүрген шағымыз. Ең алғаш рет Семей қаласында оқып жүргенде Амангелді Жікенов ағамыздан үйренген «Жесірлер толғауын» орындағам. Сол әнді орындау кезіндегі толғанысым ерекше еді.

– Бүгінде сахнаға бейімделген әншісіз. Дегенмен, сахнаға шығар алдында бойыңызды әлі де қорқыныш билейтін шығар?

– Әрине! Сахнаға шығар алдындағы әншінің қорқынышы оның жауапкершілігі деп есептеймін. Бірде Қайрат ағамыз (Байбосынов) «сахнаға шығар алдында қол-аяғым дірілдеп кетеді» деп айтқаны бар. Сахна саңлақтары солай деп жатса, біздің сахнаға қорықпай шығуымыз мүмкін емес.

– Сахна саңылағы деп жатсыз. Сіз өзіңіз ерекше құрмет тұтатын өнер саңылақтары кімдер?

– Қазақ өнеріне еңбегі сіңген майталмандарымыз көп. Олардың барлығының еңбегін білемін, бағалаймын. Ерекше атап айтар болсам, ұстазым Бекболат Тілеухан,  Қайрат Байбосынов, арыға баратын болсақ Жүсіпбек Елебеков. Өз замандастарымнан Еркін Шүкмән, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Тілеулес Құрманғалиев, Елмұра Жаңабергенова, Қайрат Хакімовты айтар едім. Олардың дәстүрлі ән өнерінде жасап жатқан еңбектері зор. Сыр өңірінен Берік Жүсіп ағамыз, Сәуле Жанпейсова, марқұм Жәнібек Кәрменов. Семей өңірінен Толғанбай Сембаев, сазгер Тұрсынғазы Рахимов ағаларымды ерекше қадір тұтамын.

– Өзіңіз әнін жазған Клара Төленбаеваның орындауындағы «Жібек сезім», «Аққу арман», «Нағашыма», Жаңабай Өтегеновтың «Аяла», Музарт тобының орындауындағы «Мөлдіреген жанарың» әндері көптің көңілінен шыққан шығарма десем, қателеспейтін шығармын. Ән жазу өнері бойыңызда бұрыннан бар болған боп тұр ғой. Жалпы, ән тудыруда сазгерге бір дүние себеп бола ма? Әлде әуен өздігінен төгіліп тұра ма?

– Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін ән жаза бастадым. Бірақ, бастапқы кезде біреуге көрсетуге ұялатынмын. Ең бірінші жарымның пікірін білетін едім. Оған ұнап қалса, алу қиын (күлді).  Ең алғашқы туындым «Жібек сезім» көптің көңілінен шыққаннан кейін, ән жазуды қолға алдым. Жалпы, өз басымда көбіне ән жақсы көңіл-күйде отырғанда туады. Лирикалық, көңілді, көңілсіз туындыларымның барлығы көңілім орнықты кезінде жазылады. Сөзден қатты әсер алуым мүмкін. Мысалы «Нағашыма» әнінің сөзін журналист інім Дархан Кәрімов «оқып көрші» деп ұсынды. Нағашы деген үш жұрттың бірі ғой. Оқыдым, тебіренбей қоймадым. Сол күні түнде әуені туды.  Ал, «Аялада» бірінші әуен туды. Содан кейін сөзі жазылды.  

– Сөзге аса мән беретін сазгерлердің қатарынансыз ба?

– Мән беру керек. Кейбір әнде әуені мен сөзі сәйкес келмей жатады. Шығармашылық байланыста бірге жұмыс істеп жүрген Серікзат Дүйсенғазин, Қалқаман Сарин, Қанат Жүнісов сияқты ақындарға сөзі көңілімнен шықпаса, айтамын. Олар да соған дағдыланған. Келісіп пішкен тон келте болмас. Ақылдасып шығаруға тырысамыз.

– Сазгер ретінде 50-ден астам ән жазған екенсіз. Соның ішіндегі «Көк байрағым» патриоттық әніне тоқталайықшы. Тапсырыс арқылы жазылған дүние ме? Әлде ойыңызда пісіп-жетіліп жүрген әуен бе еді?

– Негізі бір патриоттық ән жазу ойымда жүрді. Осы «Көк байрағым» әні жазылып, жарыққа шығар алдында «Аламан» тобымен бірге Құрмет қарауыл ротасы, президент оркестірінің бишілері де өнер көрсетті. Бұл ән сахнаға үлкен еңбекпен шыққан композициялық туынды болды. Әннің сөзін ақын Серікзат Дүйсенғазин жазған. Бұдан өзге, туған жерге арнап жазған «Шығысым-шынарым» деген әнім бар. Сөзі Қалқаман Сариндікі. Бұл ән «Жерім менің» республикалық байқауында бас жүлдені алған. Өмірқұл Айниязовтың орындауындағы «Байтақ ел» әні де биыл жарыққа шықты. Сөзін Серікзат Дүйсенғазин жазған.

– Дәстүрлі әнші және сазгер екендігіңізді, эстарада да еңбектеніп жүргеніңізді «Жібек сезім» деп аталатын өзіңіздің шығармашалық кешіңізде байқаттыңыз. Ендігі шығармашылық кешіңіз қашан және қалай өтпек?

– Мен үшін шығармашалық толысулар, жаңалықтар  болмай жыл сайын кеш өткізу мүмкін емес. Сондықтан, он жылда, не бес жылда бір ұйымдастырған жөн деп санаймын.  

– Майқи би бабамыз «Тұлпардан тұлпар, сұңқардан сұңқар, асылдан асыл, жалқаудан масыл туады» дейді. Сіздің жарыңыз Клара Төленбаева дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы. Өнерлі ортадан шыққан ұрпақтың әннен алыс болуы мүмкін емес шығар?

– Құдайға шүкір! Балаларымыз өнерден құр алақан емес. Өнер мен сабақты қоса алып жүреді. Жалпы, қасымыздан қалдырмауға тырысамыз. Әркез білетінімізді айтып, үйретуден жалыққан емеспіз. Өздеріңіз білесіздер Тұрсынбек Қабатовтың «Өнерлі отбасы» жобасына қатысып, отбасымызбен «Аққу арман» әнін орындағанбыз. Бұл әннің сөзін ақын қарындасым Жұлдызай Ысқақ жазған.

– Сіздің Музарт тобы орындап жүрген  «Мөлдіреген жанарың» әніңізді қырғыз әншілері орындап жүр. Сізден рұқсат сұрап пе еді?

– Иә, әрине. Жалпы, музыкаға шекара жоқ қой. Бірақ бір ауыз айтқан жөн деп есептеймін. Қырғыз ағайынымыз рұқсат сұрады, орындады, оған бейнеклип түсірді. Өте сәтті шыққан екен. Жоғары бағаладым. Әнім Алатау асып жатыр. Соған қуаныштымын. «Аяла» әнін белгілі өзбек әншісі Шахзода сұратқан. Оған да рұқсатымды бердім. Орындап жүр.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар көп. Әншілер тапсырыс беріп жатыр. Бірақ, тапсырыс алған екенмін, бүгін-ертең жазып тастау керекпін демеймін. Жоғарыда айтқанымдай бәрі көңіл-күйдің еншісінде.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Шығармашылық табыстар тілеймін!

Медет Салықовтың орындауындағы және өзі жазған әндерін кәсіби әншілердің орындауындағы музыкалық туындыларын келесі сілтемеден тыңдай аласыз. 


 Сұхбаттасқан Арай Сүгірбай

Бөлісу: