31 Шілде 2014, 07:32
– Сiз жарты ғасырдан аса уақыт бойы қолыңыздан қа-ламыңызды тастамай, шығармашылық жұмыспен айналы-сып келесiз. Туындыларыңыздың басым бөлiгi сатирадан тұрады. Бұл – ешкiмге абырой əпере қоймайтын жанр. Соны бiле тұра, неге сатира жазасыз?
– Мен қолыма қалам ұстаған кезден бастап, əдебиет пен журналистиканың барлық жанрында қалам тартып келемiн. Ғылымға үлес қосу мəселесiнен де дəмем болды. Соның бəрiнен де сатира жанрында көбiрек төбе көрсеттiм. Жұртымның менi «Сатирик» атап кетуi де содан болар. Ал ендi, ешқашан, еш жерде мен өзiмдi «Сатирикпiн» деп атымды дардай қылған адам емеспiн. Басылым бетiнде жарық көрген жазған-сызғандарымның астына «Сықақшы», «Сатирик» деген тiркеме сөздердi тiркеп жүрген көбiнесе редакциядағы ағайындар. Ал абырой-бедел жағына келсек, əрине сатира – əрi абыройлы, əрi қауiптi жанр. «Ара – Шмель» журналында қызмет iстеп жүрген кезде талай-талай қауiп-қатерге кезiктiк, пəле-жалаға тап болдық. Бiрақ бəрiнен аман қалдық. «Ақ, аққа Құдай жақ» деген осы да.
– Шығармашылық адамының шарықтау, төмендеу ке-зеңдерi болады. Тасыңыздың өрге домалаған уақытын, Сiзге атақ-абырой алып берген туынды немесе жинағыңызды айтып бере аласыз ба?
– Бала да, кiтап та – iштен шыққан шұбар жылан. Қарға ба-ласын «аппағым», кiрпi баласын «жұмсағым» дейтiнi сияқты, əр баланың, əр жинақтың өз орны, өз қуаныш-күйiнiшi бола-ды. Олар туралы сын-ескертпе де, жылы сөз де естiдiм. Сын естiгенде қуарып, өмiрден түңiлiп, ал жылы сөз естiгенде қуанып, бақыттан басым айналып кеткен жоқ. Екеуiн де өте салмақты, қалыпты жағдайда қабылдадым.
Сатира шаруашылығына, шамамен 1970 – 1980 жылда-ры көбiрек өнiм бердiм. Сол жылдар аралығында «Ендiгiсiн айтпаймын», «Iшiң бiлсiн», «Контейнермен келген кемпiр», «Тiлсiз қоңырау», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Особая сто-личная простокваша», «Пəлен-пəштуан», «Алло, бұл кiм?», тағы басқа жинақтарым жарық көрдi. Ал олардың бағасын оқырман қауымның бергенi абзал. Мен осы уақытқа дейiн атақ, даңқ қуған емеспiн. Өзi iздеп келiп жатса, қораға кiргiзiп алатын шығармын.
– Қазақта ақын-жазушы көп. Олардың саны бiр əскери бөлiмдi жасақтай алады. Соған қарамастан сатира сарбаз-дары неге аз деп ойлайсыз?
– Аздың да, көптiң де о жақ, бұ жақ əңгiмесi бар. Бiреу – өлең-шi, бiреу – өрмекшi. Екеуi де арамызда жоқ емес. Бiрақ сирек кездесетiн асыл металл көп пе? Əдептен озбайық. Сатирадағы «азға» Жасаған Ие, кiм бiледi, осы жағынан келдi ме? Зады, Қожанасыр, Алдаркөселер қай заманда да көп болмаған ғой.
– Кезiнде шығармаларыңыз «Тамаша» ойын-сауық отау-ының бағдарламасынан түспейтiн. Қазiр мүлде көрiнбей кеттi. Мұның себеп-салдарын қалай түсiнгенiмiз абзал?
– Рас, кеңес қоғамы тұсында сатиралық шығармаларым сах-нада бiршама орындалды. Сахнагерлер өздерiнiң жанына жақын, көңiлiне ұнаған туындыларды басылымдардан тауып алып орын-дайтын. Кейде тапсырыстар беретiн. Теледидарда «Қымызхана», радиода «Қалақай» деген сатиралық бағдарламалар болды. Олар да жазған-сызғандарымды əжеттерiне жаратып тұрды. Сол «Та-машадан» туғаны бар, жаңадан пайда болғандары бар, əйтеуiр соңғы кезде ойын-сауық отаулары тiптi көбейiп кеттi. Олардың репертуарлық-мəтiндiк сапасы жайында баспасөз аз айтып, аз жазып жатқан жоқ. Оған пысқырып қарап жатқан ондағы бау-ырларымды да көре алмай жүрмiн. Құр қарап жүрмей, оларға бiраз ағайынгершiлiк жасап, жанашырлық та таныттым. Жөн сөз айттым. Сөйтсем, көңiлдерiне ауыр алды. Бiр кездегi «О, Үмбеке» дейтiндер бүгiнде «Түрiң құрсын сен шалдың, кет əйдə» дегендей осқырынып қарайтын болды. Мейлi ғой...
– Əрбiр қаламгер өзiнiң еңбегiнiң жемiсiн жегiсi келедi. Қазақ əдебиетi мен қазақ сатирасына аз үлес қосқан жоқсыз. Сонда да ешқандай сыйлық, атақ алмапсыз. Бұл Сiздiң шамыңызға тимей ме?
– Жоғарыда атақ қуатын адамдардың сапында еместiгiмдi айттым. Ал шығармаларым Үкiмет, ел тарапынан бағаланып жатса, марапат, қошемет, құрметтi жек көрмеймiн. Бiрақ, иман-дай шыным, үлкен сыйлыққа татитындай қыр басында жарқырап тұрған шығарма жаздым деп айта алмаймын. Соңғы «Əумин!» жəне «Сен кiмге күлесiң?» атты екi жинағымды Жазушылар одағы жанындағы сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығы мен қатыспаған мəжiлiсiнде үлкен сыйлыққа ұсыныпты. Кейiн Көпенге: «Соның қажетi бар ма? Ертең орта жолдан қайтып келедi ғой» дегенiм бар. Мұным, əрине жалған сыпайылық емес, шыным. Егер де ел-жұрттың шынайы бағасын алып, бəйгеден озып келiп жатса, құба-құп.
– «Қазақ сатирасының дəуiрлеу кезеңi» деп қай жылдар-ды айтар едiңiз?
– Менiңше, қазақ сатирасының дүркiреген кезi – 1960-70-80 жылдар. Осы жылдар аралығында Садықбек Адамбековтiң сатиралық романдары, Есенжол Домбаевтың повестерi жарық көрдi. Балғабек Қыдырбекұлының деректi фельетондары талай-ларды тəубесiне келтiрсе, ел-жұртты қыран-топан күлкiге көмiп Оспанхан Əубəкiров келiп қосылды ортаға.
– Дəстүрлi сұраққа айналып кеткен сауалымды қоюға мəжбүрмiн. Бұл сұрақты сатираның шөмiшiнен ас-су айы-рып жүргендердiң бəрiне қойып келемiн. Өйткенi «Қазақта сатира жоқ» деген керi ауыздардың сөзiнен құлақ тұнады. Сатира сардары ретiнде Сiз не дейсiз?
– Қазақ сатирасы, қазақ күлкiсi төңiрегiнде «Қазақта оңған са-тира жоқ», «Қазақта денi сау күлкi жоқ», «Қазақ күле алмайды» деген алып-қашпа əңгiме гулеп жүр. «Қазақта сатира жоқ, күлкi жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртiп, сықақшыларға қарадай ұрынып жүргендер кiмдер? Көп. Онда Абайша айтсақ: «Көпте ақыл жоқ». Күлмейтiн адам, халық бола ма? Қашан, қай қоғамда сатираға тосқауыл, күлкiге тыйым салынып едi? Қай заманда күлкi тоқтаған? Кезiнде əлгiндей жағымсыз əңгiменi естiгенде марқұм профессор Темiрбек Қожакеев ақырып орнынан атып тұрып едi. Ал ендi əлгiндей сыншысымақтарға: «Онда сiздер С.Адамбековтiң роман-сатирасын көрмеген, оның «Қожанасыр қақпасына» кiрмеген екенсiздер. С.Иманəлиев, С.Əлжiков, Е.Домбаев жəне менiң сатиралық повестерiмiздi оқымаған екенсiздер. Соңғы 4 – 5 жылда шыққан Ж.Сабыржановтың «Кəрi сайтан», Т.Құлиясовтың «Сауда сақал сипағанша», М.Юсуповтың «Қандауыр», «Шымшуыр», Н.Мүфтақтың «Қыл көпiр», Е.Жаппасовтың «Кiмге – күлкi, кiмге – түрпi?», Т.Кенеевтiң «Қыңыр», З.Асабаевтың «Жалғыз көздi балық», Қ.Əшеновтiң «Өзiмнен де бар» С.Кенжеахметовтiң «Мiрдiң оғы», Қ.Iлиясовтiң «Бiле-бiлсек...» атты сатиралық жинақтарынан бейхабар екенсiздер деймiз». Намысқа қызып, шыр-пыр болғандардың бiрi марқұм Мəтжан Тiлеужанов болатын. Нəн жұдырығын жазу үстелiне тiрей ұстап, қазақ сатирасындағы бар мен жоқты Ғаббас Қабышұлы да жағы талмай айтып жүр. Бұл мəселенi «Айқын» газетi де үнемi қозғап келедi. Осы тақырыпқа қашан соңғы нүкте қойылар екен?
– Биыл – Асқар Тоқмағамбетовтың туғанына 100 жыл толды. Оның соңғы жиырма жыл көлемiнде бiрде-бiр кiтабы жарық көрмептi. Сонда ол кiсiнi iздеушi адам табылмағаны ма?
– Асқар Тоқмағамбетов – қазақ сатирасына зор еңбек сiңiрген сықақшы қаламгер. Оның өзiндiк стилi, тiлi, қалыптасқан қолтаңбасы бар едi. Оған заңғар жазушымыз Мұхтар Əуезовтiң өзi «Қырғи тiлдi Асқар» деп баға берген. Кезiнде оның шығармалары сахнадан түспедi. Барлық газет-журналдарда туындылары жиi жарық көретiн. Аты-жөнi дүрiлдеп-ақ тұрды. Ол ешкiмге ұқсамайтын ерекше адам болатын. Адам баласын ренжiтпейтiн. Дауыс көтерудi бiлмейтiн. Мiнезi өте жұмсақ едi. Бiр күнi досына əңгiме айтып отырып: «Мен бүгiн пəленшеге қатты ашуландым. Айтып-айтып тастадым» десе керек. Досы: «Сонда не дедiңiз?» деп сұрапты. Сонда ол: «Сiз де қызық адам екенсiз ғой» деп салдым» дептi. Сондағы бар ашуы осы ғой. Ал ендi оның 100 жылдық мерейтойына келер болсақ, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Найзагер» сатира қауымдастығының назарынан кешегi жəне бүгiнгi сатириктердiң тағдыры тыс қалмайды. Өткен жолғы мəжiлiсте бұл туралы əңгiме қозғалды. Тиiстi орындарға хат жазып, басылымдар-да мақала ұйымдастырып жатырмыз. Ол кiсiнiң мерейтойы лайықты аталып өтiледi деген сенiмдемiз. Асекең көз жұмған-нан кейiн 4 – 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Қызылорда қаласында ол кiсiнiң атында театр, кө-ше, ескерткiш бар. Дегенмен, Асекең – əлi де қандай құрмет көрсетсек те жарасатын тұлға.
– Қазiр не жазып жүрсiз? Алдағы уақытта қандай жинақ-тарыңыз жарық көредi?
– Əзiрге көзге, қолға тыным жоқ. Биыл, Құдай қырсығынан сақтасын, үш жинағым жарық көрiп қалады. Сосын осы уақытқа дейiн жазған публицистикалық шығармаларымды жинақтап шығару ойымда бар. Ол – «Сөз сұраймын» деп аталады. Көлемi 25 баспа табақтан асады. Сондай-ақ, жаны жалғандыққа қас, өтiрiктi суқаны сүймейтiн, сол мiнезiмен жүрген жерiнiң бə-рiн айқай-шу қылып қайтатын бiр бейне туралы шығарманы бастағаныма көп болды. Əлi бiткен жоқ. Жазып отырып, əлгi кейiпкердi əрi аяймын, əрi айызым қанады. Бұл құпиямды еш-кiмге ашпайыншы деп едiм...
– Ал сатиралық повесть, роман жазуға бел буған жоқсыз ба?
– Сатиралық повестерiм бар. Бiрақ роман жазуға беттеген жоқпын.
– Əңгімеңізге рақмет.