Мәжілістің алдағы жалпы отырысына қатысты күн тәртібі нақтыланды

25 Мамыр, 00:34 1493

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алдағы жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметтері арасындағы бірқатар келісімді ратификациялайтын болады. Олар:

- Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы;
- Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту туралы;
- Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту туралы келісімдер.

Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім де бар.

Сонымен қатар депутаттар Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын талқылайды.

Депутаттар екінші оқылымда мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  заң жобасын қарайды.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеті «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алатын болады.

Зарина Арман
Бөлісу: