«Мәжілістегі айлық жыртығымды жамамайды». Мәжіліс депутаты қалай күн көріп жүргенін айтты

27 Қазан 2023, 15:00 15413

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов «Ұйқым келмейді» бағдарламасына берген сұхбатында Мәжілістегі айлығынан бас тартып, қалай күн көріп жүргенін айтып берді, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл хайп емес. Басында бұл туралы мен еш жерде айтпағанмын. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтан журналистер «сіз бизнестегі адамсыз ғой, айлық аласыз ба?» деп сұрайды. Ол «біз өзара партиядағы әріптестерімізбен айлығымызды қайырымдылыққа береміз деп шештік» деп жауап береді. Осындай ақпарат тарағаннан кейін тілшілер маған «сіздің әріптесіңіз Айдарбек айлығынан бас тартыпты. Сіз ше?» деген сауал қойды. Бір сұхбатымда «Мәжілістегі айлық менің бір жыртығымды жамамайды» дедім. Осыдан түсініспеушілік пайда болып, «Мынау менсінбей тұр ма?» деген сияқты пікірлер пайда болды, - деді депутат.

Руслан Берденов әлеуметтік желіде өзіне теріс пікір жазатындарды еш уайымдамайды екен.

Маған негатив болмайтындай мен кіммін? Абайға негатив болды ма, болды. Шәкәрімге негатив болды ма, болды. Пайғамбарларға негатив болды ма, болды. Меніңше, ол ешқандай өмірлік бір уайымдайтын зат емес. Қанша топ болса да құрыла берсін. Сенің ниетің, істеп жатқан жұмысың таза болса, маңыздысы сол ғой, - деді Мәжіліс депутаты.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: