Мәжілісте мерзімді басылымдарды қолдау мәселесін талқылау басталды

28 Наурыз, 11:15 747

Мәжілісте «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау» заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мерзімді басылымдарға қатысты мәселелерге тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, мерзімді басылымдарға жазылатын оқырман саны мен газет сатылатын дүңгіршектерді көбейту керек. Сондай-ақ өңірлердегі басылымдарды қолдау шаралары қабылдануы керек екенін атап өтті.

Әрбір газеттің редакциясы оқырман үшін жұмыс істеуі керек. Оқырманға қызықты болуы керек, тиісінше, бәсекелестік болуы керек. Мемлекеттен қанша қаржы алса да, нарықта бәсекеге қабілетті бола алмаса, қаржыландыруды тоқтатамыз. Бұл – заңды нәрсе. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тақырыптар көпшілігіне қызықты болмауы мүмкін, дегенмен, әрбір басылым қызықты материалдар беруіне болады, - дейді Қанат Ысқақов.

Вице министр заң жобасындағы негізгі мәселерге тоқталып өтті.

Заң жобасындағы басты стратегиялық бағыттарды атап өтсем. Ең алдымен, журналистердің мәртебесі. Депутаттардың бастамасымен сотқа беру мерзімі 1 жылға дейін қысқартылды. Екіншіден, журналистерді қорғау мәртебесі. Төтенше жағдай болғанда оларды тиісті жабдықпен қамтамасыз ету, қандай да бір жарақат алғанда сақтандыру болуы тиіс. Үшіншісі – ақпараттық қауіпсіздік. Біздің кейбір азаматтарымыз басқа мемлекеттердің ақпараттық кеңістігіне енгізіліп кеткен. Оларды еліміздің ақпараттық кеңістігіне қайтаруымыз керек, - дейді Қанат Ысқақов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: