Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті

10 Қараша 2023, 22:49 783

Бүгін Айдос Сарымның төрағалығымен VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жиын «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа редакциясын талқылаудан басталды. Оның жобасы қазір Мәжілістің қарауында.

Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылдың өзінде уәкілетті орган осы мәселе бойынша 30 мыңнан астам өтінішті қараған. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұтынушыларды да, бизнесті де қорғау үшін тиісті заңнаманы жаңғыртуды, жаңартуды және оны жетілдіруді тапсырды, - деді Айдос Сарым.

Қазақстанның Ұлттық тұтынушылар лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская аталған заңға шұғыл өзгертулер енгізу қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ осы саланың халықаралық тәжірибесін Қазақстанға енгізу бойынша бірқатар ұсынысын айтты.

Жиынға қатысушылар бұдан соң бюджет кодексінің жобасын талқылады. Бүгінде Мәжіліс Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатымен құжат әзірлеуде белсенді жұмыс істеп жатыр.

Негізделген бюджеттік шешімдерді қабылдаудың негізгі құжаты және тиімді тетігі - ұзақ мерзімді даму болжамы. Оны дәл осы жерден бастау керек және оның айналасында барлық басқа бюджеттік процесті құру қажет. Біз экономикалық және бюджеттік үрдістерді болжауды автоматтандыруға, ресурстарды бөлуді оңтайландыруға және қаржылық тәуекелдердің алдын алуға ұмтылуымыз керек, - деді жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева.

Отырыс барысында депутаттар мен басқа да қатысушылар өз пікірлерін айтып, жобаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Ұсыныстар бойынша жұмыс Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшелері мен сала мамандарынан құралған жұмыс топтарында жүргізілетін болады.

Берік Арманов
Бөлісу: