Мәжіліс Яндекс.Go мен InDrive-қа қатысты жаңа заң жобасын мақұлдады

23 Қазан, 16:26 413

Мәжіліс жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке қатысуға негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет әзірлеген заң жобасы аясында жолаушыларды тұрақты халықаралық, облысаралық, тұрақты емес автобус тасымалы, сондай-ақ такси тасымалын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік функциялар өзін-өзі реттеуге беріледі. 

Бүгінде елімізде халықаралық – 61, облысаралық – 189, тұрақты емес – 625, такси – 2833 тасымалдаушы тасымал қызметін көрсетеді. Олар өз қызметін жалғастыру үшін Автотасымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек. Ол үшін алғашқы үшеуінің иелігінде автокөліктердің кемінде үштен бірі, ал таксилерде кемінде оннан бірі болуы керек. Өзгерістер жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты емес.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жалдамалы жұмысшылары жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты такси тасымалын ұйымдастырудың қолданыстағы нормаларын сақтау туралы түзетулер енгізді. 

Бұл ретте өзін-өзі реттеуге қатысу үшін мүшелік жарналар қарастырылған. Оны Автотасымалдаушылар палатасы мүшелері өздері белгілейді. Автобус тасымалы үшін 1-ден 7 АЕК-ке дейін, таксилер – 0,4-тен 2 АЕК-ке дейін, таксиге тапсырыс беру қызметтері мен қосымшалары – 2-ден 700 АЕК-ке дейін, вокзалдар мен бекеттерде – 2-ден 70 АЕК-ке дейін болады. Сондай-ақ депутаттардың бастамасымен заң жобасында өзін-өзі реттеуге қатысу жарналарын төлеу бойынша шығындарды қызметкерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған, - деді көлік министрі Марат Қарабаев.

Бұл салада өзін-өзі реттеуді енгізу тасымалдаушыларға уақыт талаптарын ескере отырып, қажетті стандарттар мен ережелерді жылдам қабылдауға, тасымал қызметін бақылауды жетілдіруге, жол-көлік қызметінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, заңсыз тасымалдауды бақылауға мүмкіндік береді.

Такси қызметтері өзін-өзі реттеуге қатысудан тыс жұмыс істей алмайды

Өзін-өзі реттеуге міндетті түрде қатысу талаптары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс беретін мобилді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтеріне де қатысты болады.

Құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару» және «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттейді. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады және Қазақстан аумағында шектеулер қойылады.

Түзетулерде өзін-өзі реттейтін ұйымдарға тек көліктік бақылау функцияларын беру ұсынылады. Бақылаудың өзге де түрлерін (жол қозғалысы ережелері, санитарлық, шекаралық, кеден, салық және басқалар) белгіленген тәртіппен тиісті бақылаушы органдар жүзеге асырады.

Осыған байланысты әзірлеушілер өзін-өзі реттеу үшін бақылау механизмін ұсынады. Олар автоматтандырылған диспетчерлік жүйені енгізу және GPS трекерлерін қолдану арқылы автобус қызметтеріне белгіленген талаптардың сақталуын бақылай алады. Сонымен қатар өзін-өзі реттеуге қатысушылардың автобустарының мемлекеттік нөмірлері базада жоқ көліктерді тексеру үшін бақылаушы органдардың деректер базасына көшірілетін болады, - деді министр.

Құжат аясында «Көлiк», «Автомобиль көлігі», «Астананың мәртебесі», «Рұқсаттар және хабарламалар», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңдарға түзетулер енгізіледі.

Миражан Махан
Бөлісу: