Мәжіліс төрағасы Жамбыл облысындағы «Агросауат» оқу орталығына барды

17 Қыркүйек, 12:14 441

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарды түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге үйрету бойынша AMANAT партиясының пилоттық жобасының тиімділігін атап өтті. Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші кезеңін іске асыру барысымен танысты. Ерлан Қошанов ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясын үйрететін елдегі алғашқы «Агросауат» орталығына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл сәуір айында партия бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» агробіліктілік орталығы ашылған еді. Бұл қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасысының қисынды жалғасы болмақ. Онда несие төлеу мерзімін 90 күннен астам кешіктіргенде басымдық беріледі, олардың саны Мерке ауданында 4 мыңға жуықтайды және олар «Ауыл аманаты» жобасына қатыса алмайды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Жамбыл облысы Меркі ауданындағы AMANAT партиясының пилоттық жобасы мысалында агробіліктілікті оқыту орталықтарын ашуды тапсырды. «Агросауат» орталықтары келесі жылдан бастап еліміздің барлық аудандарында ашылады. Бұдан басқа, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға қаржы қарастырылады. Бұл өндірістік кооперациялар арқылы жеке шаруашылық өнімдерін сатып алуға, оны қайта өңдеуге және сауда орындарында сатуға мүмкіндік береді. Бүгінде сирек жағдайларды қоспағанда, ауыл өнімдері дүкен сөрелеріне қойылмайды. AMANAT партиясы жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сертификаттау мәселесімен айналысуда. Біз мемлекеттік органдармен келісіп, «егін даласынан сөреге дейін» принципі жұмыс істеуі үшін қолайлы шешім табамыз. Одан бөлек, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындары үшін «тауарлық несие» беру мәселесін пысықтау тапсырмасы болды. Бүгін мен ел халқының тауарлық несиеге деген үлкен қажеттілігін өз көзіммен көрдім. Аталған барлық өзгерістер «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз Президенттің қоғамдық тірегі ретінде оның тапсырмасының уақытылы орындалуын қадағалаймыз, бұл ел халқының табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Агробіліктілік орталығы Мерке ауданының мамандануы негізінде оқыту жүргізеді. Бұл – құлпынай, таңқурай, алма, қант қызылшасын өсіру, сүт және ет бағытындағы ірі қара малды бордақылау, құс және қой шаруашылығы.

Жоба қатысушылары өндірген өнімдерді сату және өңдеу мәселесі де жолға қойылған. Іссапар барысында делегация Т. Рысқұлов ауданындағы «Ауыл жасалған» тұтыну кооперативінің жемістер мен көкөністерді сақтау, жөндеу, қайта өңдеу, буып-түю цехына барды. Мұнда мұздатылған құлпынай, жеміс-жидек тосабы, жеміс-жидек джемі, көкөніс салаттары,көкөніс пасталары мен тұздықтар, жеміс-жидек шырындары және консервіленген көкөністер шығарылады. Цехта 7 адам жұмыс істейді және облыстың жеке шаруа қожалықтарынан күніне 3 тонна шикізат қабылдайды. Дайын өнімдер аумақтағы ірі және шағын маркеттер желісіне сатылады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы, «Агросауат» оқу орталығының түлегі Бауыржан Арыстанбаевтың мысалында «тауарлы несие» жүйесі қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.

55 жастағы Бауыржан Арыстанбаев Мерке ауданының Ақарал ауылында тұрады. Бүгінгі таңда отбасының 10 миллион теңгеден астам 6 несиесі бар. Биыл сәуір айында қатысушы 20 сотық аумақта құлпынай өсіру бойынша қосалқы шаруашылығын бастады. Борышкер тапқан табыстың 50 пайызы кешіккен несиені жабуға жұмсалады, 25 пайызы «тауарлы несиені» жабуға және қалған 25 пайызы – өзіне қалады.

Ең алдымен «тауарлы несие» түрінде маған 10 мың көшет берілді. Қазірдің өзінде еңбегімнің жемісін жинап жатырмын. Ауыл тұрғындарына жарты тоннаға жуық құлпынай саттым. Жағдайымды едәуір жақсарттым, қарыздан біртіндеп құтылып келемін. Бұған дейін екі жыл егін шаруашылығымен айналысқанмын. Алайда, білім мен тәжірибенің жетіспеушілігінен көп табыс түспеді. «Агросауат» орталығында апталық оқытуға қоса тәжірибенің де болуы ұнайды, - деді Бауыржан Арыстанбаев.

«Агросауат» орталығы ауыл әйелдерін де жұмыспен қамтыды. Райхан Бабижанова отбасымен құлпынай өсірумен айналысады. Алғашында 10 сотық жерге еккен құлпынай көшеттерінен шамамен 1,5 тонна өнім алып отыр. Райхан «Агросауатта» жылыжайда құлпынай өсірудің жаңа әдісін меңгергісі келеді.

«Агросауат» атауының өзі көп нәрсені айтып тұр. Мұнда біз қаржылық сауатты арттырамыз. Біз де өз бақшамызда жидек өсіруге тырыстық, бірақ пайдасы аз болды. Несие алдық, бірақ уақытында төлей алмадық. «Агросауатқа» жүгінгенімізде бізге тәжірибелі сарапшылар көмектесті, іс жүзінде құлпынайды егу мен өсіру жолдарын көрсетті. Тауарлық несиені алғашқылардың бірі болып алдық, қазір табысымыз жақсы. Адамдарға қажетті осындай жобалар үшін партияға алғыс айтқым келеді. Сіздер ауыл тұрғындарына қаржылық жағынан еркін болуға көмектесіп жатырсыздар. Біз тіпті құлпынай өсірудің жаңа әдісін – гидропониканы зерттей бастадық. Ауданымызда бос жерлер көп емес. Гидропониканың арқасында жидектерді топырақсыз жасанды ортада өсіруге болады. «Агросауатта» бұл технологияны мұқият зерттеп жатырмыз, - деді Райхан Бабижанова.

Орталықта тыңдаушыларға арналған оқу-әдістемелік құралдар, технологиялық карталар әзірленген. Мұның бәрін тиісті мамандар халыққа түсінікті тілде жазып шыққан.

Бұл орталыққа несиесі бар, кепілге қоятын мүлігі жоқ, тіпті 90 күннен асқан төленбеген берешегі бар азаматтар қосымша табыс көзін іздеп келеді. Олар «Агросауат» орталығында білім алады, демеушілер есебінен тауарлы несие алады, одан кейін бастаған кәсібіне сүйемелдеу жүргіземіз. Біздің орталық теория мен практиканы ұштастырып оқытады. Мәселен, мына жерде құс шаруашылығы практикалық түрде көрсетеді. Құсты қалай жемдеу керек, қашан су беру керегіне дейін арнайы мамандар іс жүзінде үйретеді, - «Ауылда жасалған» тұтыну кооперативі филиалының басшысы Айман Ақынбекова.

Сонымен бірге, жоба қатысушылары өндірген барлық өнімді арнайы құрылған кооперативтер алып кетеді. Яғни оларда сату, нарыққа өткізу мәселесі жоқ.

Мұнда өсіруге, өндіруге болатын кәсіптің бәрін көрсеттік. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте жақсы шешім, өйткені Мерке ауданында тек шаруа қожалықтары 3 мың тоннадан астам алма шығарады. Бірақ оны қайда сатарын білмейді, кейде арзан бағаға беруге мәжбүр болады. Сондықтан біз осы өнімдерді шығаратын өндірістік цех ұйымдастырдық. Сонымен қатар, жәрмеңкеде сүт, ет өнімдері, құс шаруашылығы, көкөністер мен жемістер қойылды. Яғни «Агросауат» орталығы оқытудан дайын өнімге дейін толыққанды қолдау көрсетеді. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының табысын көбейту, қаржылық сауатын ашу және қарызсыз болашаққа сенімділік беру, - деп атап өтті «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Партия төрағасы «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобаларының қатысушылармен, «Агросауат» оқу орталығының түлектерімен кездесті және партия билеттерін салтанатты түрде табыс етті. Кездесуге 100-ден астам адам келіп, өздерінің өмірлік оқиғаларын айтып берді және халықты ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытудың өзектілігі, несиеге батқан отбасыларын қолдау шаралары туралы айтылды.

«Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Президент тапсырмасымен еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды.

Жыл басында арнайы оқытылған 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгердің пулы құрылды және бүгінгі күнге дейін 180 мыңнан астам адам жаңа білім алды.

«Қарызсыз қоғам» жобасына демеушілік көрсететін банктер саны артып келеді. Атап айтқанда, Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды.

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін www.qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: