Мәжіліс төрағасы Ресей Федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрайымымен кездесті

13 Желтоқсан, 03:19 254

Мәжіліске Ресей Федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко келді. Ерлан Қошановпен өткен кездесуде тараптар екі елдің парламентаралық байланысын талқылады, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Валентина Матвиенконы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің басшысы болып қайта сайлануымен құттықтап, Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық байланыстар мен мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары кезінде екі елдің көшбасшылары Бірлескен мәлімдемеде парламентаралық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын ерекше атап өтті. Расында, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың нығаюына парламенттердің айрықша маңызын үнемі атап көрсетеді. Біздің парламентаралық жұмысымыз да мазмұнды. Достық топтары тиімді жұмыс атқарып, депутаттар арасында тығыз жеке қарым-қатынас орнаған. Биыл жазда біз Мемлекеттік Дума өкілдерімен Ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның отырысын өткіздік, – деді Мәжіліс төрағасы.  

Сондай-ақ Ерлан Қошанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы және Парламентаралық Одақ сияқты ұйымдар шеңберінде Қазақстан мен Ресей депутаттарының өзара ынтымақтастығын ерекше атап өтті. Бұл ретте Ерлан Қошанов жақында өткен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысын мысалға келтірді. Онда Қазақстан ұйымға төрағалығын қорытындылаған болатын.  

Өз кезегінде Валентина Матвиенко қазақстандық тарапқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әрине, бұл жұмыстан парламенттер тыс қалмай, барлық келісімдер, ауқымды жоспарлар мен жобалардың жүзеге асуына толықтай ықпал етуі тиіс, – деді ол.  

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттарының екіжақты күн тәртібіне белсенді қатысуын ерекше атап, Қазақстан мен Ресей парламенттерінің қосмемлекеттің билік тармақтары арасындағы тығыз әрі нәтижелі қарым-қатынастың үлгісі екенін айтты.  

Кездесу барысында тараптар заң шығару саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу, сондай-ақ мәдениет, білім, инновация және басқа да салалардағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Зарина Арман
Бөлісу: