Мәжіліс төрағасы Израиль Кнессетінің спикерімен кездесті

8 Сәуір, 20:13 1062

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Израиль Кнессетінің спикері Амир Оханамен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, Палата төрағасы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктесінің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан Израильмен жан-жақты ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін атап өтті.

30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Израиль арасында жоғары сенімге негізделген саяси диалог орнатылды. Бұл тұрғыда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті Исаак Герцогтың жуырдағы телефон арқылы сөйлесуін ерекше атап өткен жөн. Әңгімелесу барысында Израиль президентінің биыл Астанаға ресми сапарын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Қазақстан-Израиль ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезеңге айналатыны және елдерімізді жақындастыруға елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері мәртебелі мейманға Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалардың нәтижелері туралы айтып берді.

Сонымен бірге  тараптар екіжақты әріптестікті дамытуда заң шығарушы органдардың рөліне тоқталып, парламентаралық байланысты тереңдетуге уағдаласты.

Біз Израильмен парламентаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Болашақта достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі ықпалдасуымызды одан әрі нығайтуға шақырамын, – деді Палата төрағасы.

Кездесу барысында сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, IT, жасанды интеллекет, денсаулық сақтау, су ресурстарын басқару мен мәдени-гуманитарлық  салалардағы серіктестік мәселелері де қозғалды.

Өз кезегінде Амир Охана мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық қарқынды дами беретініне сенім білдіріп, Қазақстанмен жаңа технология, инновация саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін айтты.

Болашақ технология, инновация мен білімде екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Осы орайда екі елдің игілігі үшін бар күш-жігерімізді біріктіруге болады деп санаймыз. Сіздермен жиған білімімізбен, идеяларымызбен және технологияларымызбен бөлісуге дайынбыз, – деді Амир Охана.

Кездесу соңында тараптар мұндай сапарлар елдерімізге екіжақты ынтымақтастықты, халықтарымыз арасындағы достық пен парламентаралық байланысты нығайтуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.

Асқар Таудай
Бөлісу: