Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Мәжілісмен орталық жұмысымен танысып, ұжыммен көлік иелеріне қызмет көрсетудің өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласындағы орталық күніне 300-ге жуық адамға қызмет көрсетеді. Биыл 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, 12 мыңға жуық жүргізуші куәлігін берген. Автодром жолдарымен жабдықталған орталықта азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандар тапсырады, сонымен қатар медициналық тексеруден өтіп, көлігін қайта тіркей алады.
Екі жыл бұрын біздің халыққа қызмет көрсету орталығындағы адамдардың ұзын-сонар кезегі көпке мәлім болды. Тіпті, кейбіреулер кезекке тұру үшін қоршаудың үстінен секіріп жатты. Бұл келеңсіз жайт Түркістан облысынан келген азаматтардың көп болуынан орын алды, кейін ол жақта халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бірақ қазіргі уақытта кезек азайған жоқ. Мекемеде компьютерлер жеткілікті секілді, дегенмен әлі де қағазбастылық мәселесі бар, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Айдос Әбдіразақ.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы көлік иелері мен ХҚО қызметкерлерінің мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Ол халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Халық жалпы мемлекеттің жұмысын халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының сапасына қарап бағалайды. Қызметкерлердің ынтасын және кадрлық әлеуетін арттыру үшін соңғы екі жылда республика бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің еңбекақысы 100 пайызға көтерілді. Біз мамандардың еңбек жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз, бірақ олардың да жұмыс деңгейіне қойылатын талаптар артып келеді. Партиямыздың «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында мемлекет, қоғам және азамат арасындағы қарым-қатынасты барынша цифрландырудың, қызметтер алудың барлық сатысынан адам факторын алып тастаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді, – деді депутат.
Болатбек Нажметдинұлы дайын құжаттарды беру секторының, операциялық залдың, автодромның және басқа да бөлімдердің жұмысымен танысты. Кездесу соңында депутат туындаған мәселелерді шешуге, оның ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының балансында тұрған автодромдарды қаржыландыруға қатысты қажетті қолдау көрсетуге ықпал ететінін айтты.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәселелері туралы заңға қол қойған болатын. Депутаттар бастамашы болған заң азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізе алатын халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне тиісті жауапкершілік деңгейін қамтамасыз етеді, жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау механизмін енгізеді, сондай-ақ азаматтарға қосымша қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.