Мәжіліс депутаты АҚШ-та өткен алғашқы технологиялық конференцияға қатысты

30 Қазан, 16:48 368

2024 жылғы 25-30 қазан аралығында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Орталық Еуразия мен Кремний алқабының технологиялық индустриясын біріктіретін алғашқы технологиялық конференция өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл іс-шараға Орталық Еуразиядан және әлемнің өзге аймақтарынан IT-индустрия көшбасшылары, жетекші технологиялық компаниялар, университеттер, венчурлық қорлар, инвесторлар және стартапшылар қатысуда. Қазақстанның атынан осы іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов барды.

Конференция TechCrunch Disrupt форумы аясында ұйымдастырылды. Бұл форум – стартаптардың негізін қалаушылар, инвесторлар, киберқауіпсіздік мамандары, Web3 технологиясының және жасанды интеллекттің  сарапшылары жиналатын әлемдегі ең маңызды іс-шараның бірі.

Форумда Ерболат Саурықов Қазақстанның цифрлық экономиканы дамытудағы жетістіктерін айтып, мұндай жиындардың елге қажеттілігін және олардың пайдасын ерекше атап өтті. Депутаттың айтуынша, біздің елімізде де осындай форумдарды жиі өткізу қажет.

Депутат атап өткендей, бұл платформа жаһандық инвесторлар қауымдастығы мен озық технологиялық шешімдерді таныстыруға және қаржылық қолдау көрсетуге арналған маңызды алаң болып саналады.

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс деген болатын. Осы орайда Krot Innovation хабының TechCrunch-пен серіктестігі Қазақстанның IT-секторын дамыту үшін жаңа перспективалар ашады. Бұл іс-шараға қатысу қазақстандық стартаптарға ауылдық аймақтарды цифрландыру, деректерді қорғау секілді жергілікті қажеттіліктерге бағытталған технологиялармен танысуға, өзара тәжірибе алмасуға және халықаралық компаниялармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай серіктестік қазақстандық IT-компаниялардың әлемдік деңгейде дамуына және елге жаңа технологияларды енгізу үдерісін жеделдетуге септігін тигізеді, – деді Ерболат Саурықов.

Қазір Мәжіліс депутаттары жаңа цифрлық кодекс бойынша жұмысты бастап кетті. Ерболат Саурықовтың айтуынша, әлемдік тәжірибені зерделеуде осындай жаһандық алаңдар мол мүмкіндік береді.

Конференцияға Google, Coinbase, Honeycomb, NASA сияқты әлемге әйгілі көшбасшы компаниялардың сарапшылары атсалысып, пікір бөлісті.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты TechCrunch Disrupt инновациялық форумына да қатысты. Стартап көшбасшылар, инвесторлар, киберқауіпсіздік сарапшылары, Web3 технологиясын және жасанды интеллект жасаушылар бас қосқан жиында жаңа стратап жобалардың тастырылымы болды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: