Мәжіліс депутаттығына үміткерлер өңірлерді аралап жүр

14 Наурыз 2023, 19:34 1160

«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Болатбек Қыстауов,  София Әбдіразақова, Ілияс Досқожаев,  Нұркен Қаржаубаев және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Қызылорда облысының сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

«Ауыл» партиясы мен «Мансап» жекеменшік мектебі Қызылорда қаласында ауыл ұстаздарын қолдау мақсатында шара ұйымдастырды.  «Білімді ұрпақ ауылдан» деп аталған осы жиынға «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар қатысты.  Жиында жас педагогтерді ауыл мектептеріне жұмысқа тарту, ауыл мектептерінің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мәселесі талқыланды.

Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Жақсылық Қахарман Жетісу облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлерімен сайлауалды үгіт-насихат жиынын өткізді.

Қазақстан Халық партиясы табыстың әділетсіз бөлінуімен сипатталатын Қазақстандағы қалыптасқан капитализм жүйесінің мәнін түбегейлі өзгертуді көздеп отыр.  Бұл жүйе бойынша олигархтардың шағын тобы ел байлығын басқарады, ал халықтың басым бөлігі кедейшілікте өмір сүреді.  Ол жемқорлықтың, трайбализм мен клептократияның өсуімен сипатталады.

– Біз жаңа әділ қоғам құрамыз!  Халық партиясы Конституцияға табиғи байлық пен жер қойнауы халыққа тиесілі деген норманың енгізілуіне қол жеткіздік, – деді Жақсылық Қаһарман.

14 наурызда ЖСДП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына бірмандаттық аумақтық округ бойынша кандидат Дамир Жақанов «Фармаком «ИМПЭКС» ЖШС қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Депутаттыққа кандидат жиналған қауымды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сараланған салық салуды енгізу қажеттілігі мәселесі көтерілді. Іс-шара соңында Дамир Жақанов тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

EL.KZ
Бөлісу: