Мәжіліс депутаттары жылу электр станциясының жұмысымен танысты

1 Шілде, 14:29 518

2024 жылдың 1 шілдесінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының аймақтарға іс-сапарлары басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары сайлаушылармен кездесіп, 10  шілдеге дейін «АМАNАТ» партиясы Сайлауалды бағдарламасы Жол картасының нысандарын аралайды.

Жоспарға сәйкес, Дүйсенбай Тұрғанов, Павел Казанцев, Самат Нұртаза, Марат Башимов, Татьяна Савельева, Снежанна Имашева сынды ҚР Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаттары «АМАNАТ» партиясы Сайлауалды бағдарламасының «Жол картасы» аясында салынып жатқан «Тұран» ЖЭС-ның жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесті.

Қаланы жылумен қамту – Мемлекет басшысының бақылауында тұрған елорданы дамытудың басым бағыты. Нысан жұмысымен танысуға, қызметкерлердің ұсынысы мен өтініштерін тыңдауға Астана қаласы Мәслихатының депутаттары, «Астана қаласының Энергетика басқармасы» ММ өкілдері, «АМАNАТ» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы кеңес мүшелері де барды.

«Қорғалжын» тас жолы ауданындағы бұл қазандық жылу тапшылығы бар негізгі аудандарды және Сығанақ көшесінің оңтүстігінде, Тұран даңғылының батысында перспективалы құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Ellington» көпфункционалды отбасылық-ойын-сауық туристік ауданының, Қазақстандық ипотекалық компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешендерінің және Қорғалжын тас жолы мен С.Сейфуллин көшесі арасындағы Аралдың жаңа құрылыс нысандарын жылумен қамтамасыз етеді.

2023 жылы «Тұран» ЖЭС-ның қуаты 350 Гкал/сағ болатын 6 қазандығы бар 1-кезектің құрылысы аяқталған болса,  биыл қуаты 250 Гкал/сағ болатын 4 қазандығы бар 2-кезекті аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, «Тұран» ЖЭС-да 95 адам жұмыс істейді.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Астана қаласының Энергетика басқармасы» ММ өкілдерін мазалаған мәселелердің оң шешімін табуға атсалысатынын, 2-кезектің іске қосылуын бақылауда ұстайтынын айтты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: