Мәжіліс депутаттары Ермек Маржықбаевпен өзекті мәселелері бойынша талқылау өткізді

18 Сәуір, 23:42 441

​​Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен туризм, дене шынықтыру және спорт салаларындағы мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тақырып аясында министрліктің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баяндады. Министр елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде ұлттық құрама Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Спорттың 20 түрінен сайысқа қатысу жоспарланған. Қазіргі уақытта ел құрамасында спорттың 13 түрі бойынша 33 лицензия бар.

Келесі маңызды оқиға – елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Министрдің айтуынша, оған 100-ден астам елден 3000-ға жуық адамнан тұратын делегациялар қатысады деп күтіліп отыр.

Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар жауапты орган өкілдеріне салаға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, спорт пен туризм саласын қаржыландырудың теңдігін қамтамасыз ету, артспортты дамыту, еліміздің туристік аймақтарын таныту және олармен байланыстыратын транспортты қолжетімді ету.

Сонымен қатар биыл өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мен Париж олимпиадасына дайындықты пысықтау, отандық спортшыларды қолдау және басқа да мәселелер көтерілді. Жиын соңында Комитет төрағасы көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, оларды шешу жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Зарина Арман
Бөлісу: