Мәжіліс адам саудасына қатысты заң жобасын мақұлдады

20 Наурыз, 11:17 635

Мәжіліс депутаттары адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы және оның ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасын ішкі істер министрі Ержан Саденов баяндады. Жалпы заң жобасы 4 бағытты қамтиды. Бұл заң жобасының ерекшелігі – осы саладағы кешенді және жүйелі профилактика тетіктерінің қалыптасуы.

Бірінші бағыты – серіктестік. Осы саладағы адам саудасына қарсы іс-қимыл барлық субъектілерінің өзара әрекеттесу қағидаларын реттейді. Нәтижесінде уәкілетті және мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, жұмысқа тұрғызу агенттіктері, туристік фирмалар және шетелдік құзыретті органдар адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу бойынша кешенді жұмысты бірге атқарады, - дейді ішкі істер министрі.

Заң жобасының екінші бағыты – профилактика. Яғни қылмыс себептері мен жағдайларын анықтап, оларды жою шараларын қабылдау. Ол үшін заң жобасында адам саудасы тәуекелдерін зерделеу және оларға баға беру, таралу масштабы мен себептерін талдау, алдын алу шараларын әзірлеу және құрбандарға көмек көрсету мақсатында оларды тиісті органдарға қайта жолдау тәртібі көзделген.

Үшіншісі – «қудалау» бағыты. Адам саудасының барлық түрлері бойынша қылмыстық заңнамаға сілтеме нормалары қаралды. Оның ішінде мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау, адам ағзасының бөлшектерін (органдарын) және нәрестелерді саудаға салу, сондай-ақ қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да бар. Осылайша қабылданатын нормалар аталған қылмыстық жауапкершілік тетіктерін дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Саденов.

Төртінші бағыт – көмек көрсету. Бұл – ең маңызды бөлігі. Онда көзделген ережелер адам саудасы құрбандарының барлық құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ішінде медициналық, психологиялық, құқықтық жәрдем және тағы да басқа көмек түрлері қарастырылған. Осылардың барлығын бір заң аясында қабылдау жәрдем беру және қорғау процесін жеңілдетеді.

Министрдің сөзінше, басты ерекшілік – ол құрбандардың «азаматтық» мәртебесіне қарамастан қылмыс анықталған сәттен бастап олардың «құрбан» жағдайынан шыққанға дейін жұмыс істеу алгоритмін реттейді. Сонымен қатар «ықтимал құрбандарға» көмек көрсетудің құқықтық негіздері қаралады. Ерекше назар аударатын жағдай – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жеке тарау арналған.

Миражан Махан
Бөлісу: