Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде Астананың әлемдік және өңірлік саясаттағы рөліне арналған кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Іс-шара «Mathias Corvinus Collegium» аналитикалық институтының Халықаралық экономика орталығының бағдарламасы аясында Мажарстан және Карпат бассейнінің жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен өтті.
СІМ мәліметінше, Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Абазал Сапарбекұлы воркшоп қатысушыларының алдында сөз сөйлеп, мажар жастарына еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы айтып берді.
Бұдан әрі елші оларға Қазақстанның сыртқы саяси бағыттың негізгі бағыттары мен экономикалық басымдықтары туралы баяндап берді. Қазақ дипломаты өз сөзінде экономикалық әлеуетті нығайтуға, егемендікті қамтамасыз етуге және Қазақстанның халықаралық мәртебесін арттыруға бағытталған елдің көпвекторлы тетіктерінің маңыздылығын атап өтті. Сөз сөйлеу барысында Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі аспектілері, оның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы бастамалары, сондай-ақ Еуропалық одақпен ынтымақтастық перспективалары қозғалды. Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту және халықаралық экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі стратегиясына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар «Born Bold» науқаны аясында іс-шараға қатысушылардың назарына Қазақстанның экономикалық және инвестициялық перспективалары туралы презентация ұсынылды. Бұдан басқа мажар студенттеріне еліміздің туристік әлеуеті, сондай-ақ Мажарстан азаматтары үшін визасыз режим шеңберінде Қазақстанға саяхаттау мүмкіндіктері және «Neo Nomad» жаңа визасының артықшылықтары туралы айтылды.
Кездесу соңында Қазақстан елшісі мажар студенттерінің сұрақтарына жауап беріп, қонақтар қазақтың ұлттық дәмдерінен де ауыз тиді.
Іс-шара Қазақстан мен Мажарстан арасындағы академиялық және сараптамалық ортадағы диалогты кеңейтуге ықпал етті, сондай-ақ студенттерге өзекті геосаяси үрдістерімен және Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған үлесімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
Айта кетері, «Mathias Corvinus Collegium» (MCC) аналитикалық институты гимназияның жоғарғы сыныптағы оқушыларына тегін оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйым ретінде 1996 жылы құрылды. Уақыт өте келе ұйым Мажарстанның жоғары оқу орындары мен Карпат бассейнінің этникалық мажарларына экономикалық және саяси зерттеулер бойынша семинарлар, воркшоптар ұйымдастыра отырып, Мажарстанның таланттарын дамыту бойынша білім орталығы ретінде жұмыс істей бастады. 2022 жылдан бастап «MCC» институтының өкілдігі Брюссельде, ал 2023 жылы Венада жұмыс істей бастады.
Осыдан бұрын Қазақстан елшісі «MCC» халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ноэми Палфавимен кездесу өткізіп, Қазақстан мен Мажарстанның талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.