Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қыпшақтарға жақын екендеріңізді қазақтар жақсы біледі. Қазақ пен мажар ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанға алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы тарихи тамырластық және тығыз байланыстар бүгінде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.
Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамыды. Біз бауырластығымызды өзара тиімді қарым-қатынасты бұдан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – дейді Президент.
Ал Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
Соңғы рет Қазақстанда пандемияға дейінгі кезеңде болған едік. Қазақстан өте керемет дамып келе жатқан ел екеніне көз жеткізіп отырмыз. Қол жеткізген табыстарыңызға қуаныштымыз. Туыс жақсы болса, біз де жақсымыз. Отбасы мүшелерінде бәрі жақсы болса, біз де бақыттымыз, - деді Мажарстан премьер-министрі.