2024 жылдың 4 қаңтарында Павлодар облысы Баянауыл ауданы «Майқайыңалтын» АҚ шахтасында 4 құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астына құлап кетті. Оқиға орнынан 2 адамның мәйіті жер бетіне шығарылды. Арада 6 ай өткен соң, 19 шілдеде төрт адамның бірі Айдос Шаймерденнің денесі табылды. Ал кеше ғана 75 метр тереңдіктен 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі..
Қазіргі таңда олардың денесі медициналық тексеруге жіберілді.
5 ақпан күні ТЖМ іздеу жұмыстары тоқтатылғанын мәлімдеді. Себебі «GRP-RIDDER-GROUP» ЖШС жүргізген зерттеу қорытындыларына сәйкес шыңырау түбінде топырақ құрылымы өзгеріп әлсіреген, тіпті қуыстар пайда болғаны анықталған. Осылайша жұмыс істейтін құтқарушылардың, экскаватор машинистерінің өміріне қауіп төнуіне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Дегенмен «Майқайыңалтын» АҚ өкілдері 28 маусымнан бастап іздеу жұмыстарының қайта жанданғанын мәлімдеді. Кәсіби әскерилендірілген авариялық құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабымен бірлесіп, іздеу жұмыстары басталған. Іздеу жұмыстары күндізгі уақытта таңғы 05:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасты. Бастапқыда іздеу жұмыстары 7 шілдеге дейін жоспарланды. Кейін сәтсіз нәтижеге байланысты іздеу жұмыстарының уақыты ұзартылды.
Іздеу жұмыстарына түрлі қызметтердің 200-ден аса қызметкері жұмылдырылды. ТЖМ мәліметінше, 180 мың тоннадан астам тау массасы қазылып, экскаватордың автобустың орналасқан жеріне түсуіне мүмкіндік туды.
Апат болғаннан кейінгі күні 24 жастағы Сарқыт Бердіқан пен 52 жастағы Олег Тышкевичтің мәйіті үйінді астынан табылды. Бұған дейін «Көреміз» бағдарламасында айтылған дерек бойынша, Сарқыт Бердіқан Қытай Халық Республикасынан 2006 жылы қоныс аударып, Жетісу облысы Қабанбай ауылына көшіп келген. Марқұм шаштараз және мал дәрігері мамандықтары бойынша білім алған. Кейін жұмыс бабымен Павлодар облысы Баянуыл ауданына қоныс аударған. Мұнда Майқайыңалтын авариялық құтқару взводының құтқарушысы қызметін атқарған. Отбасының жалғыз асыраушысы болған.
Олег Тышкевич өмірінің 27 жылын құтқыру қызметіне арнаған. Марқұмның қызы Яна Осолодкова әкесінің қазасы туралы көршілерінен естіген. Олег Тышкеевичтың артында екі баласы қалды.
Бұған дейін 36 жастағы взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерденнің әйелі Нұрсұлу Шаймерден бірнеше рет видео үндеу жолдап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң Нұрсұлу Шаймерден апат орнына Айгүл есімді көріпкелді шақырып, оның кеңесіне жүгінген. Бүгінде Айдос Шаймерденнің артында 5 баласы қалды, ең кеңжесі екі жаста. Айдос Шаймерденді құтқарушылар 19 шілдеде сағат 06:15-те өздері болжамдап, іздестіру жұмыстарын жүргізген жерінен тауып, мәйіт тек 13:45-те ғана шығарылды.
24 шілде күні кешкі уақытта апат орнынан құтқарушылардың автобусы табылды. 25 шілде таңғы 05:00-де құтқару жұмыстары қайта жалғасып, сағат 16:05-те 75 метр тереңдікте 55 жастағы автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтың мәйіті табылып, жер бетіне шығарылды. Апат болған күннің куәгерлері жүргізуші шахта аймағындағы опырылып жатқан жерді көрмеген, салдарынан автобус құлап кеткенін айтады.
Отбасы мұрғатынан алынған сурет
Қаза тапқандардың отбасына мемлекет 4,5 миллион теңгеден берді.
Апаттан кейін Майқайыңдағы «Шанхай» ықшам ауданының тұрғындары «Үйіміз жер астына опырылып түсіп кете ме?» деп алаңдады. Себебі олар алтын кенішінен небәрі 300-400 метр жерде тұрады. Халықтың бұл қорқынышына кәсіпорын басшылығы шахтаның үйлер астымен өтпейтінін айтып, сендірді. Шахта маңына жақын орналасқан тұрғындардың бірқатары үйлерін тастап, барынша шахтадан алыс жердегі жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр болған. Тіпті шахтадағы дүмпулерден тұрғындардың үйлерінің сырты опырылып түсе бастаған. «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин «үйлердің асты шахта деген құр қауесет, шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеді.
26 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, комиссия 7 адамды кінәлі деп тапты.
Олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болды, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратта.
Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді. Тергеуге 4 сараптамалық ұйым, оның ішінде Ресей сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларына сауалнама жүргізді. Сонымен қатар комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша апаттың себептері:
жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмау;
«Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмағаны;
блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмағаны.
Сонымен қатар бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеген. Ал тау массасы кенеттен опырылып түскен.
Майқайыңалтын туралы
Майқайың алтын кен орны – Павлодар облысы Баянауыл ауданынан солтүстікке қарай 45 шақырым жерде орналасқан. 7,5 мың тұрғыны бар. Кен орны туралы алғашқы мәлімет 1895 жылдан белгілі. 1914 жылы мұнда алтынмен бірге мыс өндіруге болатындығы анықталған. 1915 жылдан бастап ағылшындар, тотыққан Майқайың алтына кенінен мыс кентасын өндіре бастады. Барлау және іздеу жұмыстары 1926 жылдан жүргізілді. Майқайың алтын кен орнында негізінен 9 кенді телім бар. Бұлардың ішінде қоры жөнінен ең ірісі – «Майқайың В» телімі.