Майданнан жазылған хаттар

19 Мамыр 2015, 10:03

Ақмолалық майдангерлер хаты сыр шертеді.

Ақмолалық майдангерлер хаты сыр шертеді.

Ақмолалық майдангерлер жайындағы төртінші топтамаға майдан хабарлары  және жеңіспен  құттықтаған, атасын ұлықтаған шөберенің  хатын   жайғастырдық. Майдангерлер хаты араб / төте/ латын, кирилл әріптерімен жазылған. Осыған қарап қазақ жауынгерлері аса сауатты болғанын көреміз. Қәзіргі заман ұрпақтары қаламмен хат жазу, хатты конвертпен жіберуді ұмытқалы қашан. Әлем ғаламтормен шырмалса, айнала  электронға байланған заман.  Ал, 20 ғасыр және соғыс жылдарындағы үш бұрыш хаттар бүгінгі ұрпаққа таңсық болары сөзсіз. Сондықтан қәзіргі жастар, көрсін, білсін деп, осы хаттарды топтамаға кіргізіп отырмыз.  Кезекті хаттарға берейік.

Жауға жалаң қолмен шапқан көзсіз ердің хаты

Көкшетаудағы Кеңес Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллин музейінде  Ақмолада жасақталған 106-кавалериялық дивизияның жауынгері Дәуіт Өскенбавтың  майданнан жазған хаты сақтаулы тұр. Хат араб әрпінде төте жазумен  жазылған. Кириллшеге түсірген нұсқасы бар. Дәуіт соғысқа дейін бұрынғы Көкшетау облысында  (қазіргі СҚО, Ақжар ауданы, Алқатерек ауылы) колхоз төрағасы болыпты  1942 жылы ұрыс даласында хабарсыз кеткен. Хатты  баласы Еркін музейге  тапсырған. Хаттың мазмұнын келтірмес бұрынғы Ақмола,  қәзіргі Астана қаласында құрылған 106  - қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы жайлы қысқаша мағұлмат келтірген жөн сияқты.

1941 жылдың соңы 1942 жылдың наурыз айы аралығында Ақмола (қазіргі Астана) қаласында 106-Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы құрылады.

Дивизияның командирліне майор Борис Панков, комиссарына Темірғали Мәмбетов, саяси жетекшісіне  Нұрқан Сейітов, штаб бастығына майор П.М Осадченко, саяси бөлімнің бастығына  Ақмола облыстық партия комитетінің екінші хатшысы  Сағадат Құлмағанбетов деген азамат тағайындалады

 Жасақ құрамында үш полк, артилериялық дивизион, мал дәрігерлік қызмет, дәрігерлік және күзет взводының  әскерерін қосқанда барлығы 4091  адам болған.  Құрамадағы 4091 жауынгерлерде небәрі 102 винтовка, 43 дана 50 милиметрлік, 18 дана 82 милиметрлік миномет  қана  болыпты. Автомат пен тапанша мүлде болмаған. Мыңнан астам әскер, ат жоқ, жаяу жүрген, қылышта жетіспеен.  1942 жылдың 16 наурызында  106-атты әскер двизиясы таратылып, генерал А.Носков басқарған 6-атты әскер корпусына қосылады. Корпус жаңарып 4175 адамнан тұратын атты әскер дивизиясы болып толығады. Басқарма құрамында  356 шенділер, 528  кіші командирлер, 3921 қатардағы жауынгер  және  59 адамдық саяси кеңес мүшелері болыпты. Әкімшілік-шаруа шылық құрамда 31, медперсоналда 27, малдәрігерлік құрамда 21, техникалық құрамда 7 адам  болған. Дивизияның 90 пайызы қазақ...  Осылай қазақтың мұрты жаңа тебіндеген   жастары басынан бақайшағына дейін заманауи қарумен қаруланған неміс басқыншыларына қарсы,  жалаң қолмен  қарсы соғысып көзсіз ерлік  көрсетеді.  Осы 6- кавал ериялық корпус, танк бригадаларымен бірлесіп, Харьков қаласын азат ету операциясына қатысады. Күш тең болмаса да қазақ дивизясы соғыса отырып 50 шақырым ілгерлегенімен  Красноград қаласы үшінгі  шайқаста әскердің  азық-түлігі,  оқ дәрісі  бітіп, күш сарқылады. Жауынгерлер бірнеше тәулік  ұйықытамай, аштықтан  қатты шаршайды. 1942 жылы 26 мамырдағы шешуші айқас нәтиже бермейді.  Дивизияға  әуеден, не жерден көмек болмаған. Танклердің  жанар-жағар майы  таусылып  танкистер танктерін жау қолына бермес  үшін  жаруға мәжбүр болады. . Осылай «Харьков қазаны» - аталған майданда  600 мың адамы бар Оңтүстік-Батыс майдан шебіндегі әскерлеріден  23 500 жауынгер ғана аман қалды. Көбіс шейт кетсе, қалғандары еріксіз тұтқынға түскен.  Біздің хаттағы кейіпкерімізде сол көп құрбандардың арасында шейт кеткен...сияқты.  

Амандық хат

Құрметті, жақсы көретін, бапа, мен Дәуіттен сағынышты сәлем! Қалай, аман-сау жүрсіз бе? Үй іші тегіс аман ба? Сақып, Клара, Күлшира, Рахметолла аман ба? Тәтеме хат жазғамын, алған шығар. Үй іші аман ба? Тәтем ауру-сырқаудан аман ба? Апам аман ба? Зейке, Ғалия, Мара, Бақыт аман ба? Бекқожа, Дүйсен, Марғуаш, Қабыкен, Мажи үйлері аман ба? Ал, бапа, мені сұраған үлкен-кішіге тегіс сәлем айт. Ал менен амандық сұрасаңыз: Қамзе, Әліппен біргеміз. Тура «тойға» аттандық. Үйге әдейі хат жазғанмын Қорғаннан. Мына хатты 19 күні мамырда Свердловтан жазып отырмын. Жауды жермен-жексен етіп қайтамыз деген талаппен келеміз. Ал, бапатайым, Еркін, Кәмәш далада қалмасын. Реті келсе Зұлқизаны көшіріп алыңдар. Еркінге хат жазғам жоқ. Амандықты Зейкеге толық түсіндіріп жазармын. Сұраған жанға менен сәлем айт. Аман көрісуге жазсын! Зейке, тәтем мен апамды ренжітпе, тәтемді ая. Мені ойлап жүрмесін. Көппен, халықпен көрген «ұлы тойға» кеттім, тегіс сәлем айт. Қош бол! Жазған –Дәуіт,19 май, 1942 жыл, Свердловск қаласынан. Орныққан жерде тағы жазамын.

Майдангер ұшқыш Қасым Насыровтың хаты

Көкше өңірінің тумасы Қасым 18 жасында соғысқа аттанып, әуеден шабуылдау оқу жаттығу курсын  бітіріп, атқыш- радист мамандық алады, Қасым дала қазақтарындай құралайды көзге атқан мерген болып шығады. Қасымның экипажы 93 рет шабуылға ышығып, жаудың 19 танк, 60 автомашина,  25 тіркеме вагондарын және 375 солдат офицерлерін жояды.  Осы ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен силанады. Майдангер Қасым Насыровтың жазған кирилл және латын әрпімен жазған хаттардың фото көшірмесі төменде.

Беларусь Республикасының  Президенті А.Лукашенконың хаты 

Беларусия Президенті А. Лукашенко Беларусь жерін неміс басқыншыларынан азат еткенінің 65 жылдығына арнап көзі тірі майдангерлерге арнайы «Үш бұрышты» құттықтау хатын жолдаған екен. Сон дай хаттың бірі Көкшетаулық майдангер Наби Ахметжановтың  өзінде сақтаулы.

Наби Ахметжанұлы бұрынғы Көкшетау облысы, Қызыл ту ауданында дүниеге келген. 1944 жылы соғысқа аттанып, екінші Беларусь майданында соғысады. Наби Беларусь жерін азат етуге қатысқан қазақ жауынгерлерінің бірі. Беларусь елін азат етуге қатысып, ерлік көрсеткені үшін Беларусия Президенті А. Лукашенко арнайы жауынгерлік үш бұрыш хат жолдаған аз қазақ жауынгерлерінің бірі. Наби ағамыз қәзір көзі тірі Көкшетау қаласында жайлы өмір сүруде.  Хаттардың фото көшірмесі төменде.

Жапонды  жеңген майдангердің , шөбересінің хаты

Мына бір хатты Монғолиядан ата мекеніне оралған Балнұр Талас деген жеткіншек ақпарат құралдарына жариялатуға жолдапты. Оның ұл атасы Қуандық Башық Кеңес әскерлерімен Монғолия  армиясы бірігіп Жапонның Квантун армиясын жойып, екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталуына нүкте қойған ардагерлердің бірі екен. Хатты «Ақмола –Медиа орталығы» алғашында орыс тілінде келтірді. Оны қайта жіберіп, қазақшалаттым. Монғолиядан келген ағайынның баласы мақаласын орысша жазғанына таңқалдым. Орыссыз елден келіп, орыс тілін жақсы менгергеніне қуанасың. Бірақ, өз тілі қазақ тілін қорсынып, орысша жазғанына қынжыласың. Бұл Ақмола облысы Шортанды ауданынның білім саласында «Мемлекеттік тілдің мәртебесі » ақсап тұрғанын білдіретіндей. Амал не.  Балнұрдың хатына  түзету енгізбей, қазақшалаған нұсқасын,  өзгеріссіз беріп отырмын.


Балнұр Талас, №3 Шортанды орта мектебінің 8-сынып оқушысы:

Менің арғы атам – соғыс ардагері

Мен бақытты адаммын. Менің атам мен арғы атам бар. Мен оларды қатты жақсы көремін және олармен мақтан етемін. Менің атам 67 жаста, ал /ұлы/ арғы атам 95-те. Мен осы жаныма жақын, әлемдегі баға жетпес адам жайлы айтқым келеді.

Мен кішкентай болғанда, атамның пиджагындағы жарқыраған төсбелгілеріне қызыға қарайтынмын, бұл әсем ордендерге қалай қол жеткізді екен деген ой мені қатты мазалайтын. Бала  болғандықтан көп нәрсенің мәнісін түсінбейтінмін. Бүгінде бұл ордендер үлкен термен, төзімділікпен жеткен екен. Олардың барлық жастық шағы, жалындаған кездері осы жан мен қан таласқан уақытты өтті. Олар елінің алдындағы міндетін абыроймен атқарды. Атам туған жері үшін жан беруге әзір болды.  

Менің /ұлы/  арғы атам өзінің жақындары, туғандары, немерелері мен шөберелері үшін осы жеңісті жақындатты. Ол Моңғолияда тұрған уақытта осындай ерлік көрсетемін деп ойламаса керек...

Атам 1920 жылдың 5 сәуір күні Моңғол Халық Республикасы Баян – Өлгей аймағынының Шұбартас ауылында дүниеге келді. Майданға Қытайдың Шұңқыркөл жерінен 1943 жылы аттанады. 1944 жылы Халхин Голе әскери қимылдарына қатысып, 1945 жылы Қиыр Шығыста Японияға қарсы соғысты.   «Жауынгерлік достық» ордені, «Маршал Жуков» медалі, Моңғол Халық Республикасының 50-жылдығы мен 60-жылдығына арналған / медаль/  орденімен, Жеңістің 60-жылдығына арналған «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысының ардагері» медалдарымен марапатталған.

Менің атам бізге талай рет: «Жауынгердің тағдыры қиын, соғыста екі есе қиын, себебі майданда жараланып не көз жұмуға болады. Егерде жолың болғыш болса, соғыстан аман елге ораласың» деп айтып отырады.

Мен оның әжім басқан бетіне, тұңғиық көздеріне қарап, оның қандай кең жүректі адам екендігін  көремін. Ол біздің маңдайымыздан сипап: «Менің бағым бар адам екенмін, мен бақытты адаммын. Соғыстан елге аман-есен оралып, тағдыр маған немерелерім мен шөберлерімді көруге жазды, осыдан артық қуаныш бар ма?» деп айтады. 

Қазақтарда жақсы адамға тілек тілегенде: «Немерелерін мен шөберелерінді көруге жассын, алақанынан су ішуге Алла қабыл етсін» деп айтады. Осындай тілектерді біздің үйге жиналатын қонақтар атама жиі айтады. Біз 15 немересі, 34 шөбересі және 1 жасар шөпшегі атамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Біздің жетістіктерімізге тоймай, арамызда қазыналы қартымыз болып отыра берсін. 

1993 жылдың қыркүйегінде біз туған жеріміз / Атамекен деген болар. Д. Ж/ Қазақстанға оралдық. Біздің отбасы осы күнді көп күтті, алғашқы жылдары қиын болды. Дегенмен, біз барлық қиындықты жеңе білдік. Бүгінде татулығы мен бірлігі жарасқан, үлкен отбасымыз. Шортанды ауылы бізді жылы қабылдады, осында үлкен үй салдық, мен бірінші сыныптың табылдырығын аттадым. Алда келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен барлық ардагерлерді құттықтаймын және менің /ұлы/ арғы атам Қуандық Башық Ұлы Отан соғысының ардагері екендігін мақтан етемін.


Әзірлеген: Дахан Шөкшірұлы Жәмші.

Бөлісу: