Жеңіс күні қарсаңында Алматы облысы Іле ауданының және Алатау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагері Тәңірберген Толғанбаевты 102 жасқа толған күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олар Қорғаныс министрі атынан ардагерге ерен еңбегі үшін асқан ризашылықтарын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етіп, оған зор денсаулық, ұзақ өмір және сергектік тіледі.
Тәңірберген Толғанбаев 1923 жылы 1 мамырда Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Киров колхозында дүниеге келген. 1942 жылы мамырда 19 жасар жігітті Ақсу аудандық әскери комитетімен Кеңес әскерінің қатарына шақырылды.
1942 жылы бізді Лепсіге жинады, – деп еске алады ардагер. – Пойызға қайтсең де кешікпеу керек, кешіксең трибунал күтіп тұр. Анам мені ертіп барды. Үлгеру үшін түні бойы түйемен жүріп отырдық. Пойыз қозғалған кезде анам артынан ілесе жылап жүгірді. Ол әскери қызметін Кавказдағы шекара әскерлерінде бастады. Оқу-жаттығу орталығында жас жауынгерді мерген мамандығына дайындады. Алда Сталинград маңындағы қанды шайқастар болды. Кавказдағы даярлық майдангер үшін ерік-жігері қайралып, жауынгерлік машығы шыңдалған нағыз өмір мектебіне айналды. Көпұлтты құрамның арасында Еревандағы шекара жасағында қызмет етіп, сонда орыс тілін үйренді. 1949 жылы елге оралды. Алдымен соттың хатшысы, содан кейін кіші лейтенант шенімен жедел уәкіл болды. Сталинабад милиция мектебін, кейін Киров атындағы ҚазМУ заң факультетін бітірген.
Он жыл бойы Тәңірберген Толғанбаев Алматы облысының Жамбыл АІІБ басқарды. 1976 жылдан бастап Іле ауданының прокуратурасында жұмыс істеп, онда ол азаматтардың құқықтарын заң жүзінде әрі әділ қорғаушы ретінде құрметке ие болды. Кейінгі жылдары Бұрындай қант зауытында заң кеңесшісі болып жұмыс істеді.
Ерлігі мен мінсіз қызметі үшін майдангер «Кавказды қорғағаны үшін», Жуков медальдарымен, басқа да мерейтойлық наградалармен және ерекше белгілермен марапатталды. Тәңірберген Толғанбаев – Іле ауданының Құрметті азаматы.
Майдангер көп жыл ұстаздық еткен жұбайы – Дәмелі Әлпейісовамен бірге алты бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 12 немере, 16 шөбересі және бір шөпшек сүйіп отыр.