Майдан әндері

21 Сәуір 2015, 05:04

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерейтойы аясында, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен 29 сәуір күні сағат 18.30 Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов «Майдан әндері» атты моноспектакльдің премьерасын ұсынады.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерейтойы аясында, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен  29 сәуір күні сағат 18.30 -де Қаллеки театрында Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов «Майдан әндері» атты моноспектакльдің премьерасын ұсынады. Шығарма авторы – Р.Сейсенбаев.

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында соғыс туралы қойылымдар жоқ емес. Мәселен, наурыз айында «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драмасының  премьерасын өткізді.Бұл да болса театр ұжымының Жеңістің 70 жылдығына орай өткізіп жатқан жұмыстары. 

Майдан әндері... Рейхстаг... Берлин... 11 май... Глинкаштрассе көшесі... Григорий Авилов... Жеңіс... Бұл - алыста қалған ардақты күндер белгісі. Ол бас кейіпкер Садыр Байбарысовтың сұрапыл соғыста өткерген күндері. Садыр – солдат. Соғыстан аман келген солдат. Соғыстан оралған бетте сақтық мекемесіне қызметке тұрған. Бір мекеменің пілдей ревизоры болып, отыз бір жыл қызмет атқарып келеді. Садыр қашанда ән айтып жүреді... Айтса, майданда салған әнін айтады, көкейіндегі сағынышын осы әндермен басады. Түсінде ылғи майдан, ұрыс, Днепрде өткен соңғы түндерін, жаралы мергеннің орыс қызын арқалап келе жатқанда украин партизандарына тап болғанын көреді. Соғыс аяқталса да, Садырдың көз алдынан сол бір сұрапыл кездер кетер емес...

Қазақстанның халық артисі, актер – Тілектес Мейрамов сахна мен кинодағы өнер тәжірибесінің тағы бір жаңа қырын «Майдан әндері» атты моноспектаклінде ашады. Солдат Садырдың бейнесін – Мейрамовтың сомдауында көре аласыз. Моноспектакль – Т.Мейрамовтың жүрегіне, өн бойына жақын жанрдың бірі. Моноспектакль – бүгінгі қазақ театр өнеріне сұранып тұрған жанрдың бірі. Кәсіби актердің әлемін танығыңыз келсе, актерлік өнердің қыр-сырын түсінгіңіз келсе – «Майдан әндерін» көруге асығыңыздар! Қойылым режиссері – Ұлпан Серікболқызы

Өтетін орны: Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Бөлісу: