Маусымдық аллергиядан қалай құтылуға болады?

21 Қыркүйек 2020, 17:07 17584

Дәрігер аллерголог Қайрат Қиықбаевпен сұқбат

Қазіргі таңда көпті мазалап жүрген иммундық дерттің бірі – аллергия. Ол туралы деректер бізге көне замандардан белгілі. Бүгінде жыл сайын көктем-жаз айларында пайда болып, күзге дейін созылатын бұл ауруға шағымданатын адамдардың саны күрт көбейіп келеді. Осы мәселеге қатысты біз арнайы маман, дәрігер аллерголог Қайрат Қиықбаевпен кездесіп, маусымдық аллергияның белгілері, емдеу және алдын алу жолдары жөнінде сұқбаттасқан болатынбыз.



Маусымдық аллергия дегеніміз не?

Маусымдық аллергия – шөп тозаңынан туындайтын аллергияның бір түрі. Ол көктем айларында шөптің, гүлдердің гүлдеп, тозаң шашатын кезеңінде пайда болып, күзге дейін созылады. Бұл уақыт аралығы аллергиктер үшін қауіпті кезең саналады.


– Жалпы Қазақстан бойынша ермен жусанына аллергия бірінші орынды алады. Ермен жусанының алты түрі бар. Бес түрі біздің елімізде, қалған бір түрі Іле Алатауында өседі. Бұл өсімдік аймаққа қарамайды. Жазық, далалы жерлерде көбірек, орманды, ағаштар мен талдар бар жерлерде сирек кездеседі, – дейді дәрігер аллерголог.


Ермен жусаны – биіктігі 1 метрге жететін көпжылдық өсімдік болып табылады. Далалы жерлерде, үй маңайларында арамшөп есебінде өсетін оның ерекше иісі бар. Егер ерменді қолымен ысқыласа, иісі күшейеді. Емдік қасиеті де жоқ емес. Оны медицинада дәрі ретінде тәбет ашу мақсатында пайдаланады.

Аллергияның себебі

Аллергияның пайда болуына түрлі себептер бар. Егер сізде аллергия көктемнен бастап, күздің ортасына дейін жалғасса, ол өсімдік аллергиясы деп аталады. Оны ғылыми тілде поллиноз дейді. Ол жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен туындайтын аллергияның түрі. Бұл аурумен ауыратын адамдар өсімдік гүлдеген кезде көзіне көзілдірік киіп, тыныс жолдарын шаң-тозаңнан қорғап, маска таққаны абзал.


– Аллергия иммунитетің төмендігінен пайда болады. Иммунитет дегеніміз – ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті. Яғни ол біздің ағзамызды сақтайтын жасушалар. Иммунитеттің жасушалары ағзада бөлініп, қорғаныс қабілетін сақтайды. Адамда екі түрлі: инфекцияға және бактерияларға қарсы иммунитет болады. Иммунитеттерді анықтау үшін «иммунный статус» деген анализ жасалады. Оны иммунаграмма деп те атаймыз. Анализ барысында жасушалардың қандай дәрежеде екенін анықтап көруге болады. Аллергия дегеніміз негізі «болезнь цивилизации» яғни өркениет ауруы деп атауға да болады. Ол дамыған елдер мен жерлерде жиі орын алады Мәселен, Алматыда ауа ластанған, зауыт-фабрикалар көп. Қызылорда қаласында да ауа райы нашар. Ракеталар ұшып, зиянды нәрселер ауада ұшқаннан кейін, тікелей мұрынның шырышты қабатына әсерін береді, – дейді дәрігер.


Аллергияны қоздыратын көптеген аллергендер бар. Шаң-тозаң, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау және де қоршаған ортаның ластығы аллергияның пайда болуына әкеліп соғады. Сондықтан да бөлмеде жиі тазалау жұмыстарын жүргізіп, тозаң даладан үйге киім, тері арқылы келетіндіктен киімдерді жуып, таза ұстау керек.

Маусымдық аллергияның емі

Аллерголог Қайрат Шарипқазынұлы маусымдық аллергия ең бірінші басталған кезде адамдар оның аллергия екенін түсінбейтіндігін атап өтті. Себебі дәрігер маусымдық аллергия мен тұмаудың клиникалық симптомдары салқын тигенге ұқсап, сырқаттанған адам түшкіріп, мұрынан су ағып, көздері қыши бастайды екен. Оларды анықтау үшін арнайы анализдер тапсыру керек.


Иммунитеттің жасушалары ағзаға шөптің тозаңы түскен кезде көбейеді. Жалпы қан талдамасында «аллергия жасушасы» деп аталатын жасуша бар. Қан анализін тапсыру арқылы адамда қандай шөптің тозаңына аллергиясы бар екенін анықтай аламыз. Сонымен бірге екінші сынама мұрын жағындысын алу арқылы анықталады. Себебі шөптің тозаңы ауа арқылы ағзаға түсетіндіктен, ол әсер етіп, түскен жеріне қабынады. Сондықтан мұрын мен тамақтың шырышты қабатында қабыну процесі болады. Мұрын жағындысынан алынған сынама нәтижесінде біз науқас адамға ем тағайындаймыз,– дейді дәрігер.


Аллерголог маманның айтуынша аллергиямен кішкентай балалардан бастап, 50-60 жасқа дейінгі адамдар ауырады екен.

– Қазіргі кезде балалар жиі ауырады. Аллергия жүре келе, өмір сүре келе пайда болады. Жастар да бүгінде көп ауырады. Аллергияға иммунитеті толық қалыптаспаған адамдардың ағзасы бейім болады. Жасөспірімдер 14-15 жасқа дейін өте көп ауырады. Және де аллергиктердің ауруы күн ысыған кезде, қатты жел болғанда, ауада көтеріліп қоза бастайды. Ал жаңбырдан кейін ауа өте ылғалды болады. Мұндай ауа райы аллергикер үшін өте ыңғайлы. Қар түскенше аллергия қоза береді. Күн салқындағанда біршама басылады, – дейді аллерголог.

Сондықтан да аллергияның емі бар екенін ұмытпауымыз керек. Дұрыс тағайындалған ем кез келген аурудан айығуға септігін тигізеді.

Үй жағдайында аллергияны дәрігердің тағайындауымен берілген дәрілер немесе тамшылармен емдеуге болады. Ол анализ талдауларына байланысты тағайындалады. Мұрынның және көздің шырышты қабаты қозғанда науқастың жағдайы мен анализне байланысты көз бен мұрынға арналған тамшыларды пайдалануға болады,–дейді аллерголог.

   Аллергия тұқым қуалай ма?

Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Дәрігердің пікірінше уақытында диагноз қою, ауруды асқындырмауға септігін тигізеді. Ал дәрігердің рұқсатынсыз пайдаланылған дәрілер адам ағзасына кері әсерін тигізіп, басқа ауруға әкеліп соғуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.


– Ең жаманы аллергия тұқымға беріледі. Егер ата-анаcы ауырса 89% мүмкіндікпен балаларына беріледі. Кез келген созылмалы сырқат ген арқылы беріледі. Оның болу-болмауы баланың иммунитетіне байланысты. Егер ата-анасы біреуі ғана ауыратын болса, 30-40% ауыруы мүмкін, – дейді маман.

Аллергияға арналған диета

Аллергияға арналған арнайы гипоаллергенді диета бар. Сондықтан аллергиясы бар адамдарға аллергияны қоздыратын тағамдарды жеуге болмайды.


Аллергендер қатарына цитрустар, көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері жатады. Және де тауық етін жеуге болмайды. Себебі тауықты өсірген кезде, оларға жем-шөппен бірге антибиотик береді. Ал сүттің құрамында таза белок бар. Сондықтан оны да аллергиясы бар адамдарға ішуге болмайды. Сүт өнімдерінің ішіндегі шұбат, қымыз сусындарын да аллергия қозған кезде ішуге болмайды. Көп адамдар ем болады деп мән бермей ішіп жатады. Бұл дұрыс емес. Сонымен бірге балық, газдалған сусындар мен балды да пайдалануға тыйым салынады,– деді дәрігер Қайрат Қиықбаев.


Аллерголог маманның айтуынша қазақтың еті, жал-жаясы мен қазы-қартасы барлық дертке ем. Жалпы мұндай диета сіздің денсаулығыңызды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Қатаң гипоаллергенді диетаны ересектер үшін 2-4 аптаға дейін,ал балаларға 7-10 ұстану ұсынылады.

   Аллергия қауіпі ауруға жата ма?

Дәрігерлер маусымдық аллергияны қауіпі аурулар қатарына жатқызбайды. Бірақ аллергия адамның күнделікті жұмыс істеп, қалыпты өмір сүруіне кері әсерін тигізуі мүмкін деген пікір білдіреді.

Аллергия асқынып кетсе, тамақтың шырышты қабаты қабынады. Одан оның өңешке әсері болуы мүмкін. Маусымдық аллергияның негізгі емін біз қыста жасаймыз. Алда қараша айы келе жатыр. Сонда қар түсіп, жер қатып, шөптер, гүлдер мен өсімдіктердің барлығы қатады. Тозаң жерге жабысып, ауа тазарады. Сол кезде теріге сынама жасалынады. Бізде қоздырғыш шөптердің тозаңынан жасалған арнайы дәрілер бар. Сол арқылы адамның қандай шөпке аллергиясы бар екенін анықтап аламыз. Ең негізгі ем иммунитетті көтеру. Егер аллергияңыз бола тұра вакцина жасамасаңыз аллергия жылда қайталана береді,– дейді дәрігер Қайрап Шарипқазынұлы.

Аллергияны асқындырып алмас үшін арнайы маманға қаралу керек. Егер ол асқынған жағдайда бронх демікпесі пайда болып көмей ісінуі мүмкін. Ең қауіптісі адам анафилактикалық шокқа әкелуі мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алып ем қабылдаған абзал.

Аллерголог маманның кеңесі

Дәрігер аллерголог Қайрат Шарипқазынұлы 1994 жылы Семей мемлекеттік медициналық университетін емдеу ісі мамандығы бойынша аяқтап, Алматы қаласында клиникалық ординатурада білімін жалғастырған. Одан кейін Ғылыми-зерттеу институтын эпидемиология және микробиология инфекциялық аурулар бөлімінде екі жыл оқыған 26 жыл жұмыс өтілі бар жалпы тәжірибелі дәрігер 2007 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында дәрігер аллерголог болып жұмыс істеп кедеді.


(Суретте: Аллерголог дәрігер Қайрат Қиықбаев)

Аллергияға қатысты көптеген ғылыми мақалалары жарық көрген Қайрат Шарипқазынұлы бүгінде бронх демікпесі, аллергиялық ринит, есекжем, нейродермит, маусым аллергиялық риноконъюнктивит, маусым аллергозы (поллиноз) және басқа да аллергиялық ауруларды емдеп келеді.

Аллерголог дәрігердің кеңестері:

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: