Мәулен Әшімбаев ұлтты ұйыстыратын құндылықтар жөнінде айтты

24 Ақпан 2023, 16:05 793

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Іс-шара «Әділетті Қазақстанның ортақ құндылықтары» тақырыбына арналды. Отырысқа қатысқан зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар елімізде жүргізілген қоғамдық-саяси реформалардың нәтижелерін талқылады. Сондай-ақ Әділетті Қазақстан және интеллектуалды ұлт қалыптастыру барысындағы ұлттық құндылықтардың рөліне кеңінен тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Диалог алаңының жұмысын бастаған Мәулен Әшімбаев елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Конституцияға енгізілген өзгерістер Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдар болғанын тілге тиек етті.

Сенат Төрағасы заң шығару саласындағы жаңашылдықтарға да назар аударды. Соның аясында бүгінде Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде қалыптасып жатқаны белгілі.

«Әділетті Қазақстан дегеніміз – бірінші кезекте, барлық салаға әділеттілік қағидатын енгізу. Осы бағыттағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның күшін біріктіріп, әр істе ұлттық мүдде тұрғысынан саралап әрекет ету аса маңызды. Бүгінгідей сындарлы кезеңде ұлтты ұйытатын ортақ құндылықтарды дәріптеудің берері мол деп есептейміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз сөзінде Палата Спикері негізгі және қазақстандықтардың мүддесі мен бүгінгі сұраныстарына сай келетін құндылықтар жөнінде айтты.

«Бүгінгі тақырып туралы сөз қозғаған кезде «біздің ортақ құндылықтарымыз қандай» деген заңды сауал туындайды. Бұл тұрғыда әркім әртүрлі көзқарас ұстануы мүмкін. Бірақ негізгі қағидалар бойынша бәріміздің пікіріміз бір жерден шығады деп ойлаймын. Біздің қоғамды Тәуелсіздік, әділеттілік, татулық, білім, еңбек және өзара жауапкершілік сияқты құндылықтар біріктіреді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында ортақ құндылықтарды дәріптеудің тетіктері туралы да сөз болды. Қатысушылар ұлттық мүддеге табан тірейтін дұрыс құндылықтарды өскелең ұрпаққа, жастарға насихаттау кезінде жүйелі жұмыс жүргізу және тиімді жолын табу аса маңызды екенін айтты. Одан бөлек, медиасарапшылар мен креативті индустрияның өкілдері контенттердің жаңа үлгісін және оларды таратудың заманауи тәсілдерін ұсынды.

Мәулен Әшімбаев талқылау барысында айтылған ұсыныстардың бәрі Сенатың алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді.

«Әділетті Қазақстан құру бастамасы елдігіміз бен егемендігіміз үшін аса маңызды қадам. Оны іске асыру тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл ұлт болып жұмылатын маңызды міндет. Осы жолда ортақ құндылықтарды қалыптастырып, оларды дәріптеудің ұтымды, заманауи тетіктері мен формаларын табудың мәні зор. Бұл бағытта зиялы қауым, ғалымдар, мемлекеттік органдар, креативті индустрия мен өнер саласында қызмет етіп жүрген азаматтар, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, бәріміз бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», – деген Сенат Төрағасы барша қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, диалог алаңының отырысына сенаторлармен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «Bilim Media Group» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы, медиасарапшы Мақпал Жұмабай, мультипликатор, халықаралық кинфестивальдердің лауреаты Сақиолла Қасиет және тағы басқа сарапшылар қатысты.

EL.KZ
Бөлісу: