Мәулен Әшімбаев Қазақ-қырғыз жастары форумына қатысты

17 Қараша 2023, 19:00 918

Қырғыз Республикасына сапары аясында Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламенті Сенаты делегациясының мүшелері Қазақ-қырғыз жастары форумының ашылуына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумда сөз сөйлеген Сенат Төрағасы бауырлас екі халықтың қарым-қатынасының тарихы тереңнен тамыр тартатынын атап өтті. Сондай-ақ ол өзара байланысты одан әрі арттырудың және ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңызды екеніне айрықша назар аударды. 

Қазақ пен қырғыз – ежелден іргесі бөлінбеген, тарихы мен тағдыры егіз ұлттар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғыз Республикасы – еліміз үшін тек одақтас қана емес, бауырлас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Қырғыз елінің басшысы Садыр Нұрғожаұлы Жапаров та қыркүйек айында «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында біздің тарихымыз бір, мәдениетіміз бір, ұранымыз бір деген еді. Екі ел басшыларының бауырластық пен сенімге негізделген қарым-қатынасы барлық сала бойынша ынтымақтастықты бекемдеуге үлкен серпін беріп отыр. Бұл ретте жас буынның, өскелең ұрпақтың өзара достығын нығайту – біздің ортақ міндетіміз, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар Сенат Төрағасы бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында жұдырықтай жұмылып, сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызды екенін айтты. Ол үшін ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ортақ тарихты біліп қана қоймай, оны зерделеп, одан тағылым алу керектігін тілге тиек етті. 

Біздің ортақ тарихымызда өнеге ретінде көрсетуге тұратын тұлғалық, рухани-мәдени байланыстар аз болмағаны белгілі. Шоқан Уәлиханов қырғыздың атақты «Манас» жырын алғаш рет қағазға түсіріп, оның кеңінен танылуына себепші болды. Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Османқұлдың байланысы да көпке мәлім. Егемен елдік жолында күрескен Алаш қайраткерлері мен қырғыз халқының атақты перзенттері Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстановтың достығы туралы айтпай кету мүмкін емес. Осы орайда қос елдің рухани алыптары Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың аға-інілік қарым-қатынасы бәрімізге үлгі. Сондықтан бауырлас екі халықтың өзара қарым-қатынасының тарихы тереңнен бастау алады. Бабаларымыздың осы жолын әрі қарай жалғастырып, келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі жас буынның қастерлі борышы, – деді Сенат Спикері жастарға ақыл-кеңесінде.

Айта кетейік, Қазақ-қырғыз жастарының форумы екі елдегі жас буынның достығы мен бірлігін арттыру, олардың танысуларына және идеяларымен алмасуларына мүмкіндік беру, өскелең ұрпақтың түрлі саладағы жетістіктеріне қолдау көрсету мақсатымен ұйымдастырылған. Осы жиында жастарды алаңдатқан өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу бағытына да баса мән берілді. Форумға 100-ге жуық жас қатысты. Олардың қатарында қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, сарапшылар, Қазақстан мен Қырғыз елінің жастар және студенттер ұйымдарының өкілдері бар.

Қырғыз Республикасына сапардың екінші күнінде Қазақстан Парламентінің делегациясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 56-шы пленарлық отырысына қатысты. Біздің депутаттар ТМД елдерінен келген әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Достастық елдерінің тілдерін дамыту сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ ТМД ПАА-ға қатысушы елдер Парламенттері ынтымақтастығының құқықтық базасын одан әрі нығайтуға арналған бірқатар маңызды модельдік заңды қарады. Олар сақтандыру, денсаулық сақтау, органикалық өндіріс, түрлі секторларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларын қамтиды.

Сондай-ақ қазақстандық парламентшілер Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев ұлы жазушының шығармашылығын екі халықтың «алтын көпірі» деп атады. Сенат Төрағасы алып тұлға әлемдік әдебиет тарихында гуманизмнің және адамгершілік құндылықтардың символы ретінде үлкен құрметке ие екеніне назар аударды. Айтматовтың шығармалары адамның ізгі қасиеттерін және тұлғаның бақытқа, бостандық пен әділеттілікке деген ұмтылысын дәріптейді. 

Шыңғыс Айтматов – халықаралық ауқымдағы жазушы және әлемдік әдебиеттің феномені. Оның шығармалары гуманизмнің, адами асыл қасиеттердің және адамгершіліктің жарқын көрінісі. Шыңғыс Төреқұлұлы көпшілікті алаңдатқан іргелі мәселелерді қозғап, әрдайым назар аударып отырды. Олар қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе бүгінгідей моральдық құндылықтар құнсызданған, популизм, фейк, жалған дүниелер белең алған кезеңде олардың маңызы арта түскені анық, – деді Палата Спикері. 

Сапар кезінде Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шәкиевпен және Тәжікстан Республикасының Оли Мажлиси Милли Мажлисинің Төрағасы Рустами Эмомалимен екіжақты кездесулер өткізді. Сұхбат барысында парламентаралық қарым-қатынастарды нығайту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де сөз болды. 

Өз кезегінде Қырғыз Республикасы және Тәжікстан өкілдері Қазақстан Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына Парламенттер тарапынан ықпал етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар олар Мәулен Әшімбаевқа парламентаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолындағы бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: