Мәулен Әшімбаев боччадан республикалық турнир жеңімпаздарын марапаттады

Кеше, 19:20 147

Астанада боччадан еліміздегі алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған дәстүрлі ашық республикалық сайыстың финалдық кезеңі өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған сайысқа Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев арнайы барып, жеңімпаздарды марпаттады, деп хабарлайды senate.parlam.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Мәулен Әшімбаев спортшыларға ілтипат білдіре келіп, аталған спорт түрінен Қазақстандағы алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровтың боччаны дамытуға қосқан зор үлесіне тоқталды. Айтуынша, Сұлтанбек Орынбасаров ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін жүзеге асыруға жол ашып, жас буынды спорт пен жетістіктер әлеміне жетеледі. Жыл сайын елімізде бочча қауымдастығына қосылуға және жарыстар мен спартакиадаларға қатысуға ниет білдірушілердің артып келе жатқаны, ата-аналардың ерекше қызығушылығы мен өңірлерде Федерация филиалдарының ашылуы осы спорт түріне деген сұраныстың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев инклюзивті қоғам құрудың маңызына және бұл бағытқа Мемлекет басшысы баса мән беріп келе жатқанына назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр азаматқа тең мүмкіндіктер беретін қоғам құрудың маңызды екенін әрдайым айтып келеді. Осы ретте бүгінгі сайыс ерекше мәнге ие. Өйткені бұл турнир біздің қоғамда инклюзия мәдениетін насихаттауға еселі еңбек сіңірген азаматты еске алуға арналып отыр. Сұлтанбек бауырымыздың табандылығының арқасында Қазақстанда бочча қозғалысы қарқынды дами бастады. Бүгінде осы игі бастаманың оң нәтижелеріне бәріміз куә болып отырмыз. Бочча – жай параспорт қана емес. Ол – үлкен мәдениет және дұрыс құндылықтар жүйесін дәріптейтін инклюзия қозғалысы. Сондай-ақ бұл ерекше қажеттіліктері бар балалардың үлкен өмірге бейімделуіне жол ашатын маңызды әрі керекті тетік екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мұнан соң Сенат төрағасы жарысқа қатысушылармен бірге ата-аналарға, жаттықтырушыларға және ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Турнир бағдарламасына сәйкес спортшылар жеке, командалық және жұптық сайыстарда бақ сынады. Жарыстың басты мақсаты – еліміздегі үздік боччистерді анықтау және инклюзивті қоғам құру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тең құқықтар мен мүмкіндіктер қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылықтың назарын аудару.

Сайыс қорытындысы бойынша командалық жарыста бірінші орынды Астана қаласы мен Жетісу облысының құрамалары (Қуаныш Асқарбеков, Аманай Батханов, Меруерт Тілебалды) бөлісті. Екінші орынды елорда командасы (Ерхат Алмат, Виктория Шайдурова, Мейірбек Оразбек) еншілесе, Батыс Қазақстан облысының спортшылары (Гүлсезім Арыстанғалиева, Назерке Өтеғалиева, Наурызбек Нұрберген) үздік үштікті түйіндеді.

ВС3 дәрежесіндегі жұптық жарыста Жамбыл облысы мен Астана қаласының құрамалары топ жарды. Астананың тағы бір жұбы екінші орыннан көрінсе, үшінші орынды Жамбыл және Жетісу облыстары бөлісті.

ВС4 дәрежесіндегі жұптық жарыста бірінші орынды – Жетісу облысының спортшылары (Мадияр Мұратқан, Айым Мұхаметқан), екінші орынды – Маңғыстау облысының жұптық командасы (Тәттімбет Теңелгенов, Әйгерім Танысбаева), үшінші орынды Жамбыл облысының командасы (Руслан Ғайбатов, Балжан Бейсебаева) жеңіп алды.

Айта кетейік, боччадан ашық республикалық турнир 5-10 наурыз аралығында елордадағы «Аспан» спорт кешенінде және Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Оған 130 спортшы қатысты. Бұл көрсеткіш былтырғыдан екі есеге жуық көп екенін айта кеткен жөн. Спортшылар еліміздің 14 өңірінен келді. Олардың қатарында Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен бірге Қарағанды, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының өкілдері бар.

Айта кетейік, турнирді Астана қаласы әкімдігінің, ERG компаниялар тобының және басқа да серіктестер мен демеушілердің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырды.

Асқар Таудай
Бөлісу: