Математикадан халықаралық байқаудың жеңімпазы

12 Мамыр 2016, 06:57

Мәскеуде өткен халықаралық байқау

Повлодарлық оқушы Аружан Нажмиден Мәскеуде математикадан өткен халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. «Математика және жобалау» деп аталатын байқауда алтын медаль еншілеген жас ғалым — Павлодар қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі.

Оныншы сыныпта оқитын Аружан бұл жобаға бір жыл бойы дайындалған. Өзінің ғылыми жұмысында «қарапайым сандарды іздеу» формулаларын ұсынған жеңімпазға қазылар алқасы ерекше назар аударған.

«Осы жылғы байқау өте тартысты болды. Іріктеу кезеңінің өзіне мыңнан аса оқушы қатысты. Олардың ішінде 200 жұмыс келесі ақтық сынға өтті. Жалпы математикада қарапайым сандарды іздеудің формуласы жоқ. Мен өз жұмысымда осы тақырыптың айналасында көп іздендім. Жазған еңбегімді қазылар алқасы жоғары бағалағанына қуаныштымын» - дейді, Аружан Нажмидин.

Аружанның математикаға қызығушылығы жастайынан оянған. Алайда екі жыл бұрын ұстазы оған ғылымға ден қоюға кеңес береді. Жас ғалым ұстазының айқанын жерге тастамай, сол кезде ғылымға бет бұрғанына еш өкінбейтінін айтты. «Математика мен үшін тек құрғақ сандар емес. Бұл ғылым менің өмірімнің бір бөлігі болып кетті. Бұл байқаудағы жеңісім менің болашақ жолымды айқындап, өзімнің дұрыс бағытта келе жатқанымды көрсетті»  - дейді, Аружан бізге берген сұхбатында.  

Қазақ-түрік лицейінің оқушысы болашақта механикалық математикамен айналысқысы келеді. Аталмыш байқауда алған жүлде оған ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді.

Айта кететін жайт, осымен 10-шы рет өткізілген халықаралық байқау — Мәскеу қаласында 30 сәуір мен 4 мамыр аралығында болды. Байқауға Ресей, Белорусия, Болгария т.б мемлекеттерінен 250-ге жуық оқушы қатысты.


Алмас САУДАНБАЙ   

Бөлісу: