Масуд Сəд

27 Тамыз 2014, 04:28

Масуд Сəд

Масуд Сəд – толық аты – Мəсуд Сəд Сəлман, шыққан тегі Хамадан қаласынан. 1047-1049 жылдар шамасында Лаһурда дүниеге келген. Бұл кезең Сұлтан Ибраһим Ғəзнəви патшалық құрған (1059-1101 ж.) заманмен тұспа-тұс келеді. 1077 жылы Сейф əд-Дəуле Махмұд ибн Ибраһим Үндістанның билеушісі болғанда Мəсуд та оның жақын туысы ретінде Үндістанға келген. Сейф əд-Дəуле мен оның қызметкерлері əкесі Сұлтан Ибраһимнің бұйрығымен 1088 жылы қуғындалып, түрмеге қамалды. Мəсуд Сəд те солардың қатарында қамауға алынған еді. Ақын жеті жыл бойы «Дəһəк», «Су» қорғанында, ал, үш жыл «Нан» қамалында абақтыда отырды. Оған Сұлтан Ибраһимге жақын жүретін Хəмит-ол-Мəлек-əд-Дəуле Əбілқасым Хас деген кісі араша түсіп, ақынды зынданнан босатқан (1097 ж.). Мəсуд Сəд тұтқыннан босатылған соң əкесінің үйіне оралады.

Сұлтан Ибраһим қайтыс болған соң (1101 ж.) оның ұлы Мəсуд ибн Ибраһим 1115 жылға дейін билік құрады. Ол Үндістан билігін өз ұлы Əзд əд-Дəуле Ширзадқа тапсырады. Оның уəзірі Əбу Нəсір парсылық ақынды Чаландар əмірлігіне тағайындайды. Бірақ, өкінішке орай, біршама уақыт өткен соң Əбу Нəсір патшаның қаһарына душар болып, қамауға алынады. Бұл тағдыр Мəсуд Сəдтің де басына келіп, мал-мүлкі тəркіленеді, өзі орнынан алынып, сұлтанның бұйрығымен Мəренжеде зынданға қамалады. Сегіз жыл өткен соң, яғни 1105 жылы Сəқəтолмоқ Таһир ибн Əли ибн Мошқан оған кешірім жасап, босатады. Ақын бостандыққа шыққан соң көптеген əмірлердің кітапханаларында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарады. Əмірлерді өлең жырларында мадақтай жүріп, сарайдың құрметіне бөленеді. Уақыты келген соң фəни дүниеден бақи өмірге аттанды (1120 ж.).

Қасида жанрында ерекше шеберлік танытқан шайырдың артында 16000 бəйіт жыр жинағы мұра болып қалған. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, парсы тілінде жазылған бір жинағы мен араб, үнді тілдеріндегі екі «Диуаны» да бар. Осындай ауыр тауқымет шеккен ақын да Тараз аруын естен шығармай, шайырлық шабытпен жыр жолдарына енгізген:

Сыланған кербез жүріспен өткен күнді еске алып, Тараздық жарым жаныма оңаша келді бетке алып, – деп еске алған ақын бір бəйіт өлең жолымен тараздық арудың ғажап кербез жүрісті сұлу бейнесін көз алдыңа келтіреді. Сопы ақындарда ұшырасатын символдық шартты түрдегі сүйген жар шығар деп болжау да мүмкін емес. Тараз сұлуын əсем де кербез жүріспен ынтыға күткені нақтылы бейнемен берілген. Сондықтан ақын көне Таразда бастан кешкен өмір шуағын жыр шумағына орап, еске алып отырған шығар. Не болса да ақын махаббаты Тараз жерінде гүл ашқан жүрек сырын жырға орап беріп отырғандай əсерде қалдырады.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: