«Масс медиа» туралы заң қажет кезде жарияланды - Дихан Қамзабекұлы

20 Маусым, 14:58 1050

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс медиа» туралы заңға қол қойды. Заңдағы негізгі мәселелер мен БАҚ-тың жүйелі жұмысы туралы «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының «Масс медиа» туралы заңы әлемдік, өңірлік сын-қатерлер тұсында саясаттағы түрлі аумалы-төкпелі кезеңде аса маңызды уақытта жарияланды деп есептеймін. Бұл заң бір күндік немесе бір жылдық емес, біршама кезең бойы қордаланған мәселелерді, қоғамның барлық жігінде, соның ішінде кәсіби мамандардың ордаларында, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық салаларында талқыланды, жүйеленді. Тіпті біраз сындар айтылды, түзетулер енгізілді. Парламенттің екі палатасында қаралды, - деді ол.

Дихан Қамзабекұлы заңның негізгі тармақтарына тоқтала кетті.

Біріншіден – заңда қоғамды реттейтін проблемаларға БАҚ күш жұмылдыра алады деген мәселені қарастырғаны ерекше әсер етті. Соның ішінде қатыгездік, зорлық-зомбылық, кәмелет жасына толмаған балаларға ақпаратты қандай тәсілмен беру керек деген мәселелердің барлығы қаралды. Бұл дұрыс шешім болды. Себебі, бұл қоғамның сапалылығына, салауаттылығына әсер етеді. Екінші мәселе – технология дамыған сайын күрделі жағдайларға тап болдық. Ақпараттық ағында суицидтік бағыттағы түрлі күштер пайда болды. Ол жасырын да, ашық та таратылды. Сонымен қатар эротикалық сипаттағы өнімдерге қатысты ақпараттарды реттейтін нормалар да заңда көрініс тапты, - деді Дихан Қамзабекұлы.

Ол шетелдік БАҚ-тың жұмысына қатысты көтерілген мәселелерді де атап өтті.  

Шетелдік БАҚ-тың Қазақстандағы көлемі, мазмұны және ақпараттық негіздері заңдағы бапта негізге алынды. Бұл да маңызды шешім. Себебі, біздің айналамызда тіпті, шет елдерде біздің тұтастығымыз бен бірлігімізге, құндылықтарымызға қауіп төндіретіндей біраз мәселе бар. Олар ақпарат көзі арқылы елді бұзатын, іріткі салатын дүниелерді жасауы мүмкін. Сондықтан бұл тұстағы қауіпсіздік шаралары заңда кеңінен көрсетілді. «Масс медиа» туралы заң өмірдің өзінен туындаған және қазіргі елдегі әрекеттерді реттейтін заң ретінде тарихқа енеді деп ойлаймын, - деді Дихан Қамзабекұлы.  

Миражан Махан
Бөлісу: