Мәскеу жұртын таңғалдырған композитор – Ахмет Жұбанов

8 Қараша 2022, 16:34 4409

Іргелі интернет басылым El.kz ақпараттық-танымдық порталы мен ұлттың айнасы «Abai tv» телеарнасының бірлескен жобасы аясында белгілі композитор Ахмет Жұбановқа арналған «Дәуір даналары» бағдарламасының жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

XX ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ даласында адам айтқысыз зобалаң-зұлмат жылдар өтті. 1920 жылдары басталған халықты қанау, 30-жылдардың соңындағы репрессияға ұласып, соғыстан кейінгі жылдары жүргізілген зиялы қауым өкілдерін қудалау саясаты Сталин көз жұмғанша жалғасты.

1940 жылдардың екінші жартысында партия шешімімен қазақ ауыз әдебиетінің 100 томға жуық құнды туындысы қоғамға зиянды деп танылып, пайдалануға тыйым салынды. 1950 жылдары елімздегі кітапханалардың кітап қорларына және кітап сататын мекемелері мен дүкен сөрелерінен белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылардың, тарихшылардың туындылары алынып тасталды. Шығарма авторлары халқымыздың сол тұстағы маңдай алды азматтары бірінен соң бірі қудалауға ұшырады. Осындай айыптауларға Ахмет Жұбановтың да аты ілікті.

1951 жылы Ахмет Қуанұлы Мәскеуге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болды. Әрине, туған елін, жерін тастап белгісіз уақытқа жыраққа кету Ахметке оңай соққан жоқ. Ол Отанына деген сағынышын, жүрек түкпіріндегі махаббатын өзімен бірге ала кетті.

Құрманғазының «Сарыарқа» күйіне ерекше жан бітіріп, оны оркестр тілінде сөйлетіп, сол арқылы қазақтың музыкалық өнерін, ұлттың үнінін әлемге танытқан тұлға – Ахмет Жұбанов.

1936 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында тұңғыш рет өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің декадасында «Сарыарқа» күйін алғаш рет үлкен сахнада ұлттық аспаптар оркестірі орындады.

Кеңес Одағының халқы осы декаданың арқасында қазақтың өнерімен танысты. Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және  «Жалбыр» опералары қойылып, бұлбыл үнді әнші Күләш Байсейтіова тамылжыта ән салды. Декаданың жас дрижер Ленинград консерваториясының түлегі Ахмет Жұбановтың басқаруындағы құрамында 40 орындаушысы бар Қазақ халық аспаптары оркестрі қорытындылады. Ұлттық оркестр үлкен театр сахнасында алғаш рет Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Серпер», «Балбырауын», «Көбік шашқан», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін шегіне жеткізе орындады. Осы он күндікте қазақ музыка өнерінің ғажайып құдыреті күллі одаққа кеңінен танылды. Дей тұрғанмен, құрылғанына көп уақыт бола қоймаған оркестр мүшелерінің сол кезде кәсіби музыкалық сауаты да жоқ еді.

Ахмет Жұбановқа арналған риясыз сүйініштері әлі есімізде...

А.Жұбановтың шөбересі, дрижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев: «Ұлы қазақ даласының мықты музыканттары бір мезетте домбырада ойнады. Ахмет Жұбанов «Сарыарқа» күйінің ғаламатын таныту үшін шығарманы оркестрмен ойнау керек деп ойлады. Расында да керемет емес пе?! Сөйтіп, барлық музыканттарды бір жерге жинады. Оларды отырғызып, күйді бірге орындауға кірісті. Бірақ шашыраңқы болып шығады. Шығарманы бірі ерте, енді бір кеш аяқтайды. Себебі, олар өз беттерінше күй тартып үйренген орындаушылар болатын. Осыдан соң, Ахмет Жұбанов оркестр мүшелеріне бір ырғақта қалай ойнау қажеттігін және қай жерінде бесеңін немесе қай тұста домбыра үнін қаттырақ шығару, қай жерінде үзіліс жасауын тәтпіштеп түсіндіреді. Міне, бұл ол кісінің дрижерлік таланты еді», – деп еске алды шөбересі. 

Осылайша, көшпелі халықтың өнерін тамашалап, мәдениеті мен танысуды қызықтап келген мәскеулік қалың көрермен концерт соңында таңдай қағысып, өнерпаздарға қол соғып, қошемет көрсетті. Ұлттық музыканың үнін, Ұлы даланың сазын естіді. Қазақтың тұңғыш халық аспаптар оркестрінің негізін қалап, оған өзі дрижерлік еткен Ахмет Жұбанов болса одақтың «Құрмет» белгісі орденімен марапатталып, республиканың еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды.

Осы сәттен бастап, Жұбанов құрған оркестр ұлттың мақтанышына айналды. Атақты «Правда» газеті қорытынды концерт, оркестр туралы мақала жазды. Осылайша, Ахмет Жұбанов дала салтында бұрын-соңды болмаған ұжымдық орындаушылық дәстүрдің негізгін қалады.

Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов былай баға берді: «Қазақ искусствосының Москвада өткен тұңғыш декадасы кезінде астаналықтардың біздің ұлттық оркестрімізге, оның ұйымдастырушысы әрі дрижері Ахмет Жұбановқа арналған риясыз сүйініштері әлі есімізде. Ал, бүгінде сол оркестр Советтің көп ұлттық муызкалық мәдениетінің ең құрамды бөліктерінің біріне айналып отыр. Бұл сөз жоқ, біздің Ақаң еңбегінің зейнеті. Бүгін республикамыздағы жүздеген ұлт аспаптар оркестрі өзінің негізін салған Ақаңның шығармаларын ойнайды. Академик Ахмет Жұбанов республикамыздағы бүкіл өнертану ғылымының жолбасшысы», – деп жазушы Ғабит Мүсірепов лайықты бағасын беріп кетті.

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Ескендір Хасанғалиев көзі тірісінде Ахмет Жұбановтың Құрманғазы оркестрін ұйымдастыру, соған сіңірген еңбегі ерекше. Ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі күнге дейін сол оркестр бар, деп айтты.

Ахмет Жұбанов 1906 жылы 29 суәрде қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданындағы Ақжар деп аталатын ауылда дүниеге келді.

Осы ауылдың беделді азаматы Жұбанның балалары Қуан мен Тәңірбергеннің үлкен және кіші үй болып отырған екі шаңырағы сол екі ғасырдың арасындағы өтпелі кезеңде өз балаларына тек мұсылманша ғана емес, жаңа білімді игеруді, орыс, татар тілдерінде шығып тұратын мерзімді баспасөз хабарларын оқып біліп отыруды күнделікті дағдыға айналдырған. Ахметтің әкесі Қуан мұсылманша хат таныған. Ауылында медресесі бар мешіт салдыруға атсалысқан адам. Қырғыздан келген Омар және Оспан атты ағалы-інілі имамдарды жаңа мешітке алдыртады. Балаларын әуелі осы мешітте оқытады. Одан соң, сол кездегі Темір-Орқаш болысында екі орыс-қазақ учлищесі ашылатынын естіп, Орынборға барып учлищенің біреуін өз ауылынан аштыруға рұқсат қағаз алады. Оның мектеп ашудағы сұрап жазған осы арызы Орынбор мұрағатында сақталыпты.

«Әкем кішкентай кезінен музыкаға жақын болатын. Ауылда бәрі мынау муыкның баласы деп айтатын. Сол кездің өзінде-ақ, көп күйді білетін. Әкесі Қуан кезінде Орынборға барып орыс патшасынан рұқсат алып, ауылда мектеп салды. Бұрын бір классты мектеп дейтін үш жыл оқитын. Екі классты мектеп алты жыл оқыды. Әжем 13 бала таптым деп айтатын. Сол балаларының бәрі сол жерде білім алды», – дейді А.Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова.

1911 жылы Уездегі орыс мектебіне Құсайын Әжіғалиев есімді мұғалім келеді. Ол Ахмет Жұбановтың үйінжде жатып, жұмыс істейді. Құсайын домбыра мен скрипка, мандолина тартады. Азадап нотадан да хабары болған. Осы аспаптың қайсысында ойнаса да, бала Ахмет ұстызының жанынан табылады. Бес жастан асқан Ахмет сол аспаптың бәрінде ойнап кетеді. Ол музкалық білімін мектепте оқып жүргенде-ақ жалғастырады.

Дрижер өз естелігінде мектептегі ұстазы музыкаға деген ұмтылысын арттырғанын айтады.

«Менің туып-скен үйім – домбыра, ән, күй, жыр. Көркем әңгімені кәрі-жасына дейін қадірлейтін осындай ауылда өскен мен бес жасымда хат танып, домбыра тартып, өлең айтып, тақпақ жаттайтынмын. Ауылдың қақ ортасында суы мол үлкен құдық болатын. Кешке қарай салқын түскен соң ауыл адамдары қүұдықтың басына жиналушы еді. Ән, күй, дыр тыңдап, ақындар айтысын тамашалйтын. Әсіресе, күйге деген ықыласы ерекшетұғын. Күй тартпайтын кәрі-жас, әйел, еркекті кездестірмейтінбіз. Тағы бір есте қалғаны, ауылдастарым қуанышты да, қайғыны да өлең, жыр арқылы білдіретін. Сондықтан маған бүкіл дала ән-жыр айтып, күмбірлетіп күй тартып, әсем әсерге бөлейтін. Әнші, күйші, жырау дегендерді ауыл адамдары пір тұтатын», – деп жазады Ахмет Жұбанов.

Бүкіл ауыртпалықты өзі көтерді

1919 жылы сүзек ауруы осы аймақтағы халықты жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл трагедия Жұбановтар шаңырағын да айналып өткен жоқ. Отағасы Қуан осы дерттен көз жұмады. Сүйікті әкеден, сол жылғы жұтта бар малынан айырылған отбасының бас көтерері буыны қатпаған жасөспірім Ахмет еді. Әкесі өмірден өткен соң, бар ауыртпалық 13 жасар Ахметтің мойнына түседі. Оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Анасы мен бауырларына қамқоршы бола білген жас бала отбасының барлық шарушалық жұмыстарын атқарады. Отын жарып, суын тасып, күнделікті күйбең тірліктің қамын жасайды. Қиындыққа моймай, ерте ер жетеді. Жастайынан алған білімінің арқасында алғашқыда бір ауылға, кейіннен үш бірдей ауылдық кеңесте хатшы қызметін атқарады. Жұбанов 1928 жылы Ақтөбе қаласында партактив курсында оқыған кезінде Варшава консерваториясының түлегі, скрипкашы Чернюкпен кездеседі. Ұл адам оның музыкалық сауатын жан-жақты ашып, музыка теориясы және скрипка аспабында ойнау сабағынан жүйелі түрде тәлім береді.

Ахметтің музыка өнеріне бейімділігін байқаған туған ағасы Құдайберген Жұбанов 1929 жылы інісін өзі оқып жатқан Ленинград қаласына ертіп барады.

«Консерваторияда атақты Е.Брусловский деген композитор болды. Сол кісі әкем туралы Ахмет Жұбанов жалғыз бүкіл консерваторияның жалғыз қазағы болатын деп жазды», – дейді қызы Ажар Жұбанова.

Консерваторияны сәтті бітірген Ахмет Жұбанов аспирантураға түсіп, ғылыми ізденіс жолына бет бұрады. Ал осы уақытта елімізде алғашқы кәсіби музыкалық білім беру мекемесі құрылған еді. Қазақ үкіметінің шақыртуымен 1933 жылы Ахмет Қуанұлы Алматы музкалық техникумына ұстаздық етуге келеді.

«Сол кезде оқу-ағарту С.Меңдешов деген халық оқу-ағарту комиссары Ахметке бір жыл жұмыс істеп, сосын оқуыңа барасың деп айтады. Содан өмір бойы осында қалып жұмыс жасайды. Оның алдында музыкалық театр техникумының ашылған кезі. Сол театрға директор етіп тағайындайды», – дейді Қр еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев.

Елге оралған соң Ахмет Жұбанов Ленинград консерваториясында алған білімі мен тәжірибесін төл музыкамыздың заман талабына сай түрленуі жолында жұмсап, тынымсыз еңбек етеді. Қазақ музкасы мен теориясын зерттеуге ден қояды. Одақ көлеміне тарайтын «Рабочий и театр» деп аталатын журналға мақаласы жарияланады.

1936 жылы «Музыка әліппесі» атты тырнақ алды туындысын жазып шығады. Бұл уақытта қазақ даласында саяси құғын-сүргіннің екінші толқыны жүріп жатқан еді. 1936 жылы КСРО конституциясы қабылданады. Бұл конституция әміршіл және әкімшіл жүйені нығайтады. Тоталитарлық жүйе орнайды. Ұлттың маңдай алды тұлғаларына жазықсыз жала жабылып, халық жауына айналып, абақтыға айдалып, атылып жатты. Ахметтің өзінен алты жас үлкен туған ағасы Құдайберген Жұбанов та қанды қырғынға тап болады.

Қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, педагог,  түркітанушы бірнеше тілді қатар меңгерген Құдайберген Жұбановқа Жапон имперализімінң шпионы деген жала жабылып, 1937 жылы қамауға алынады. Артынша, ату жазасына кесіледі.

«Барлығы кезінде халық жауы болып атылып кетті. Сол себепті, 1936 жылы Кеңес үкіметі Алаш және ұлт қайраткерлерінің бүкіл еңбектеріне тыйым салатын арнайы қаулы қабылдады», – дейді филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сұлтан-Хан Аққұлы.

«Құдайберген атамыз тілші болатын. Бірнеше тілді меңгерген адам еді. Ленинград қаласының консерваториясында білім алды. Алайда, 1937 жылы халық жауы деп, атып тастады. Алматыда халық жауы деп танылған тұлғалармен бірге жатыр. Артында алты баласы қалды. Біздің әкеміз балаларын өсіріп, бағып-қақты», – дейді қызы Ажар Жұбанова.

Жалған желеудің құрбаны болды

Туған ағасы Құдайберген атылғанан кейін Ахметті сол кездегі театр басшысы, Жоғары басқару органы»халық жауының ініс»і деген желеумен қуғындап, филормонияның халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетешілігінен және опера театрындағы дрижер қызметінен босатады.

Қызметте бірге жүрген әріптестері теріс айнала бастайды. Алайда, Ахмет Қуанұлы бұл кедергілерді елеп-ескермей, есесіне ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмысымен көбірек шұғылданады.

«Әкем білім қуыңдар, оқыңдар деп бізге үнемі айтатын. Бәріміз сол кісінің арқасында білім алдық. Мәскеуге бізді оқуға жібереді. Өйткені, қазақ ішінде сенің әкең айдалып кетті деген қауесеттер көп болды. Енді бірі бізге көз алартқан жоқ. Әкемнің арманы жұмысты жақсы істеп, білімді адам болуымызды қалады», – дейді қызы.

Қр еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев Ахаңның ұлылығы – даналығында деп санайды.

«Бірінші құдайдың және екінші сол даналығының арқасында аман қалды. Бәріне шыдап, көп сөйлемейтін адам болды. Ал Құдайбергеннен кейін оның атылып кетуге дейін қауіп болды. Домбыраны феодализмнің насихаттау аспабы деп айтты», – деді ол.

Бар ғұмырын музыка саласын зерттеуге арнады

Ахмет Қуанұлы бар өмірін муыщка саласын зерттеуге арнады. Композиторлықпен айналасып, ұлт аспаптар оркестріне арнап халық күйлерін өңдеді. Орыс пен Батыс композиторлардың туындыларын ұлттық музыкаға бейімдеді. «Амангелді» атты қазақтың тұңғыш көркем фильміне арнап М.Гнесинмен бірге музыка жазады.

Ахмет Жұбановтың музыкалық дарынын айтпағанда, оның іскерлігі мен көрегендігі, кәсіби шеберлігі сол тұста аузында жүрді. Ол тұтас үнді оркестр құру үшін алдымен ағаш шеберханасын ұйымдастырды. Ұлттық музыкалық аспаптардың пішінін, үнін бір жүйеге келтіріп, әртүрлі материалдан түрлі аспап жасауды жолға қояды. Ағаш ұсталарын алдыртып, олармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Аз ғана уақыт ішінде түрлі орындаушылардың басын қосып, ұжымдық өнердің іргетасын қалайды.

Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік берерліктей болмашы ғана жағдайлар жасалғаннан кейін бірер жыл өтпей-ақ, күлден көтерілген феникс сияқтанып қазақтың ұлт аспаптар оркестрі пайда болды. Мен Ахмет Қуанұлының көп дауысты ұлттық оркестрді құруы, аса елеулі және тарихи еңбек деп санаймын. Ұлт оркестрінің кіндік атасы – Ахаң», – деп жазады.

«Ел іші өнер кеніші» демекші, оркестрге Жұбановтың шақыртуымен ел-елден, жер-жерден майталман музыканттар жиналады. Әйгілі күйші Дина Нұрпейісова, Маханбет пен Науша Бөкейхановтар, Меңдіғали Сүлейменов пен оның ұлы Қисмет, Ұлықпан Мұхитов, Ғылман Әлжанов, Дүйсебек Толымбеков сынды тағы басқа өнерпаздар оркестрдің негізін қалауға атсалысады.

1940 жылдан бастап Ахмет Жұбанов ғылыми экспедиция ұйымдастырып, еліміздің түкпір-түкпірін аралап қазақтың әні мен күйін ел аузынан жинап, нотаға түсірумен айналысады. Оның мұрындық болуымен құрылған ғылыми экспедицияның нәтижесінде 10 мыңдай ән, 5 мыңдай күй нұсқаларын жинақтайды. Осылайша, қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинақтап, шығармаларын нотаға түсіріп, оны кәсіби күйші мен әншіге үйрету арқылы халықтың рухани мұрасын толықтырды. Оның ғалым, педагог, композитор, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестің бірі болып қалды. Ол ұлтымыздың музыкалық мәдениетін зерттеп танытуда және түсіндіруде, жүйелеп насихаттауда ерекше жанкештілік танытқан тұлға.

Оны биік шыңға, алыпқа теңер едім...

Дрижер Алан Бөрібаев – Ахмет Жұбановтың жиені. Жапония және Ирландия оркестірінің бас дрижері алан үшін нағашы атасының Л.Хамидинмен бірлесіп жазған «Абай» операсының орны ерекше. Бүгінгі күні ол да Ахмет Жұбановтың ізін жалғастырып жүр.

«Бірден айтайын, Ахмет Жұбанов мен үшін батыр адам. Мен атамды өзіме үлгі тұтамын. Оны биік шыңға, алыпқа теңер едім. Біздің үйде үнемі оның муызкасы ойнап тұрады. Атам туралы бала кезімде көп естідім. Оның өмірі мен шығармашылығы жайында анам, әжем мен атам жиі айтып отыратын. Біз отбасы әулетіімізбен жыл сайын қыркүйек айында Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ашылу маусымына баратынбыз. Тетар әрқашан «Абай» операсымен ашылатын. Білесіз бе, осы күнге мен алдын ала дайындық жасайтынмын. Бұл күн мен үшін үлкен мереке болатын», – дейді жиені Алан Бөрібаев.

Еліміздегі опера және балет театрының маусымдық ашылуын «Абай» опреасымен бастауы – қазақ өнер тарихында композитор Ахмет Жұбанов қалыптастырған дәстүр. Осы опера мен қазақ елі әлемге мақтанып, бірнеше ұрпақ әншілері сахнадағы қайталанбас жұлдызды сәттерін басынан өткерді.

«Абай» операсының орны ерекше

ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай «Абай» операсында неше жыл қатарынан Абайдың досы Айдардың рөлін сәтті сомдап жүрген әнші. 1944 жылы алғаш рет сахналанған «Абай» операсы содан бері мән-мазмұнын өзгертпесе де, операның талай буын әншілерін Ұлы хәкімнің рухында тәрбиелеп шығарды.

«Абай операсын тңғыш орындағандар Ришат Абдуллин, Күләш Байсейітова, бері қарай Роза Жаманова, Майра Айманова, Нұржамал Үсенбаева тағы басқалар. Нұржамалмен бірге орындағанымыз бар. Одан соң, Ришат Абдуллин, Ермек Серкебаев, Мұрат Мұсабаев, Әбікей Қабылаш сынды жалғасып жатты. Қаншама адам осы операмен кәсіби әнші ретінде тәрбиеленіп шықтық», – ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай.

Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев есейген шақта оның шығармаларына өзі дрижерлік еткенін айтты.

«Сол кезде мен атамның туындыларына басқаша көзбен қарай бастадым. Яғни, қоюшы режиссер ретінде қарадым. Өйткені, өздеріңіз білесіздер мен «Абай» операсын редакциялауды, өңдеуді бастадым. Осы шығармамен ұзақ айналысып, уақытымды жұмсадым. Жұмыс барысында көкеімде біраз сауалдар туындады. Соған жауап тапқым келді. Егер атам жанымда болса, мен одан көп дүние сұрар едім. Дрижер ретінде оған нақты кәсіби сұрағымды қойып, жауап алар едім деп ойладым. Нақты «Абай» операсы жайында сұрар едім деп ойлаймын», – деді ол.

Ахмет Жұбанов симфониялық оркестрге арналған көлемді туындылар жазды. Бес бөлімнен тұратын «Абай» сютасын, Төлеген Тоқтаровтың «Фантазия» обертюрасын, Мұхтар Әуезовтың «Абай» спектакльіне музыка, сондай-ақ, Л.Хамидинмен бірге Төлеген Тоқтаров операсын жазды.

Талай талантты тұлғаларды кәсіби өнерге баулыды

Ахмет Қуанұлы өмір бойы ізденіс үстінде таланттарды табу және оларды кәсіби өнерге баулу жолында тер төккен тұлға. Ол іссапарда жүрсін, экспедицияда болсын немесе жай көше бойымен жүріп келе жатса да үнемі құлағы түрік жүретін. Жас дарындарды іздейтін. Талай тарланның талантын ашып, өнер әлеміндегі үлкен өнерге жолдама беріп, тәрбиелеп шығарған да академик Ахмет Жұбанов болатын.

«Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің бас дрижері болған Шамғон Қажығалиевт Ахаң  сонау Батыс Қазақстанның бір ауылдың жоғарғы мектебінде оқушы болып жүргенде соны тауып алып, Алматыға алып келіп, консерваторияға оқуға түсірді. Одан кейін, Нұрғиса Тілендиев ағамызды айтсақ, оны да жас кезінде Құрманғазы оркестрінің музыканты ретінде қабылдады. Ол кезде Ахаң бас дрижері, басшысы болатын. Сөйтіп, таланттарды жан-жақтан жинай білді», – дейді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ескендір Хасанғалиев.

Репрессияның үшінші толқыны басталған кез еді..

Дегенмен, академик, ұстаз ұлттық өнертану ғылымының негізін қалаушы, композитор, дрижер Ахмет Жұбановтың шығармашылық қызметі шарықтап тұрған кезде қазақ даласында репрессияның үшінші толқыны басталды.

1940 жылдың аяғы мен 1950 жылдың басында шығармашылық және ғылыми интеллегенция өкілдері Сталиннің құрығына ілікті. Кеңестік құйтұрқы саясат ұлттың мадай алды азаматын қудалап, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сынды халқымыздың ұлдарын қызметінен айырып, елден кетге мәжбүр етті.

«Кеңес өкіметінің идеологиясына Ахмет Жұбанов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлы шығармашылық өкілдері керек емес, оларға Кеңес үкіметінің қарасын ақ қып көрсететін адам керек болды. Сол социалистік реализм және идеология талабына жұмыс істеген ақын-жазушының бәрі шетінен қазақтың классик жазушылары болып шыға келді. Ондай шығармашылық талапқа Ахаң жауап бермеді. Сол себепті, ол қуғынға ұшырады», – дейді филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сұлтан-Хан Аққұлы.

Консерватория ректоры, «Абай» атындағы опера театрының жетекші дрижері академик Ахмет Жұбанов барлық атағы мен қызметінен бір күнде айырылып, жұмыссыз қалады. Айналасы оған қырын қарай бастайды. Оған көнені аңсаушы Құрманғазы мен Кенесарыны феодализм аспаптары домбыраны насихаттаушы деген айыптар тағылды.

Бұл уақытта Ахметтің ұлы Болат пен қызы Ғазиза Мәскеуде оқитын. Жұбанов студент балаларының жанына барып пана тапты. 1953 жылға дейін мәскеуде тұрды.

Ахмет Жұбановты қаралап, елден кетіргенде айналасындағы әріптестері еді. Кезінде өзі Ленинградқа арнайы барып, Алматыға алдыртқан, жұмыс және баспанамен қамтып, жағдайын жасаған Е.Брусловский Ахмет Қуанұлына қарсы шығып, баспасөз бетінде қаралаған  мақалалар жариялап, биік мінберлерден айыптап сөз сөйледі. Ол 1951 жылы Жұбановқа қарсы бағытталған барлық жиын мен акцияның негізгі ұйымдастырушысы болып, Маркстік және Лениндік эстетиканы аяққа басушы, жайдақ социализмді дәріптеуші, Кенесаризмнің жақтаушысы, ұлтшыл идеяны насихаттаушы деген айыптардың тағылуына әсер еткен.

«Брусловскийді өзі алып келген еді. Ол Мұхан Төлебаев пен Ахмет Жұбановтың арасына от жаққан адам. Екеуі дүрдараз болып кезінде амандаспайтын жағдайға жетті. Содан артынан түсініп, Мұқан Төлебаев жанына Бақытжан Байқадамовты ертіп, Ахметтің үйіне барып, кешірім сұрап, аяғына жығылып, татуласады», – дейді Қр еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев.

Композитор Мұқан Төлебаев та Брусловский секілді Ахмет Жұбановтың ағалық қамқорлығын көрген ізбасар шәкірттерінің бірі болды. 1951 жылы қудалап көріп, Мәскеуге кеткен Жұбанов 1953 жылы ақталып, елге оралады. Осыдан кейін, Ахмет Қуанұлының шаңырағына барып кезіндегі қателігі үшін академик ағасынан кешіріп сұрағасын, көп ұзамай дүниеден озады. Ахмет Жұбанов сол тұста, «Мұхан Төлебаев» деп аталатын шағын кітап жазды.

Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын...

«Ахмет Жұбановтың суреткерлік арманы қуғын-сүргінді көп көріп, бас бостандығы үшін күрескен зор қажыр-қайрат иесі сахараның ең үлкен жұлдызы Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын», – деп жазады қызы Ғазиза өз естелігінде.

Бұған дейін Ұлы Абайды опера сахнасында сәтті сөйлеткен Ахмет Жұбановтың Құрманғазыға тоқталуы заңдылық болатын. Академик заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен бірлесіп жаза бастаған «Құрманғазы» операсын аяқтай алмай дүниден өтті. Аяқталмай қалған операны бітіруді «перзенттік парызым» деп білген қызы Ғазиза Жұбанова белгілі ақын Х.Ерғалиев пен бірге оны қазақтың тұңғыш радио операсы етіп бастап, кейін оған қосымша сахнаны кірістіріп үш актлі «Құрманғазы» операсының толық сахналық нұсқасын жазады.

Ахмет Қуанұлының алғашқы сүбелі ғылыми-зерттеу еңбегі «Халық композиторы Құрманғазы» деп аталды. Бұл тақырып композитор шығармаларының түп қазығына, күре тамырына айналды. Жұбанов Құрманғазы күйлерінің жеке жинағын, өмірі мен шығармашылығы жайында монография шығарып, 1944 жылы қазақ халық аспаптары оркестіріне және 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына өзі тұрған көшеге Құрманғазы есімінің берілуіне, соңында Құрманғазы операсының жазылуына атсалысты.

1966 жылы Алматыда академик Ахмет Жұбановтың 60 жылдық мерейтойы мен шығармашылығының 40 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. 1968 жылы 62 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Академик Жұбанов қазақ музыкасының негізін қалады. Тамыры тереңге жайылған мәуелі бәйтерегі. Оның есімі уақыт өткен сайын ұлт сахнасында жаңарып, жаңғыра бермек!

Бүгінде елімізде әйгілі композитор атындағы даңғылдар мен көше, оқу орындары аз емес. Оның есімі де музыкасы секілді мәңгілік.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: