"Мәселені шеше алмайсыз". Экс-министрдің баяндамасын қайталаған Қанат Шарлапаев депутаттардан сөз естіді

22 Қараша 2023, 12:05 1015

Мәжілісте Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Талқылау барысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда кезекте тұрғандар неліктен көбейіп жатқанын және бұл мәселені шешу үшін министрлік қандай шаралар қолданып жатқанын сұрады.

Министр бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелері шешілетінін айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған.

Ал мәжілісмен тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар әлі де баспана ала алмай жүргеніне тоқталды.

Құрметті министр, сізге дейінгі министр Қайырбек Өскенбаев осы заң жобасын мәжіліске екі жыл бұрын таныстыруға әкелген кезде тұрғын үй кезегінде тұрған 240 мың адамды тазартамыз деген еді. Біраз уақыт өтті. Сіз бұрынғы министрдің репликасын қайталап отырсыз. Ол тізімді тазарта алмайсыздар. Баспана басқармасында еңбек еткен адам ретінде айта аламын, –  дейді Бейсенбаев.

Екі жылдан бері кезекте тұрған адамдардың саны тағы 200 мың адамға көбейген.Депутат бұл мәселе шешімін таппаса кезекте тұрғандар саны 1 млн адамға көбейетінін айтады. Депутаттың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 250 мың Кезекте тұрғандардың аз ғана бөлігі баспана алуға мүмкіндік алады. Бұл ретте мемлекет тек 18 миллион теңге бөледі.

Бұл ақшаға олар тек бір бөлмелі пәтер ала алады. Қанат Бисімбайұлы, мәселе бар екенін мойындауымыз керек. Сіз қабылдаған шаралар тиімсіз және бұл мәселені шешпейді. Неліктен осындай көп сұрақ туындап отыр? Себебі, бізге адамдар қоғамдық қабылдау кезінде әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша көмек сұрап, жүгінеді, - деді Бейсенбаев.

Сондай-ақ, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова 63 мыңға жуық ата-анасының қамқорлығынсыз өскен азамат баспана ала алмай отырғанын айтты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: