Масат ата туралы аңыз

22 Қазан 2015, 07:14

Масат ата туралы "Бабалар сөзінде" жазылған. Назар аударып көрейік.

Масат ата туралы "Бабалар сөзінде" жазылған. Назар аударып көрейік. 

Ертеде елін дау мен жаудан қорғай, жердің шетінде, желдің өтінде, тұлғасына батырлығы, батырлығына парасаты жарасқан Масат деген адам өмір сүріпті. Оның тағы бір қасиеті-оған атқан оқ, шапқан қылыш өтпейді екен. 

Оны алам деп келген талай жаудың меселі қайтып, діңкесі құриды. Сонан кейін олар әр түрлі айла, сан қилы шарғы ойлайды. 
Ақыры, Масаттың жауынгерлікте қолға түскен жап-жас тоқалына жол табады. Сол тоқалмен жаудың жансызы әуес болады. Оған жас тоқал Масаттың осал тұсын айтып қояды. Сөйтсе, Масат таң намазына ұйып отырған кезде оның алпыс екі тамыры иіп, тұла бойы пенделік қалыпқа түсіп, бусанып кететін көрінеді. Тіпті, ол намаз кезінде Масат мекен ететін қара тас баланың еңбегіндей болып, былқылдап жатады екен. 
Сонан соң әлгі жансыз Масаттың осы осал тұсын пайдаланып, таң намазы кезінде оның басын шауып түсіреді. Сол кезде алдына домалап түскен басын Масат жерге түспестен етегіне салып алып, жас баланың еңбегіндей болып былқылдап еріп жатқан көк тастың үстімен жүгірген екен дейді. Оның соңынан бұл сұмдықты көріп тұрған Масаттың құлынды биесі де кісінеп ілесе жөнеледі. Масат тұтасып жатқан көк тастың жиегіне жете бергенде әлдеқандай бір құдірет күшімен аспан күңіреніп, қара жер қақ айрылады да, оған етегіне басын салған қалпы алдымен Масат, соңынан биесі кіріп кетеді. 

Осы аңыздың көрінісі күні бүгін көк тасты аландайдың үстінде сарнап жатыр. Алшаңдап аттап басқан Масаттың да, құлынды биенің де іздері, шашыраған қып-қызыл қанның дақтарына дейін сол қалпында сақталған. Тіпті сол сұмдық оқиға күні кеше ғана болғандай. Сонан ел жаңағы жерді «Масат ата» деп атап кетеді.

(Бабалар сөзі)

Масат ата – қорым. Атырау облысының Үштаған сілемінен оңтүстікке қарай 25 км қашықтықта. Аңыздарға қарағанда бұл қорым Мешхедтен шыққан әулие Масаттың есімімен аталған. Құрылысқа жер бетіне шығып жатқан әк тастар пайдаланылған. Осы жерде есігі оңтүстікке қаратылған жартылай жер асты бір бөлмелі мешіттұрғызылған. Масат Ата қорымында түрікмен және қазақ бейіттері бар. Ескерткіштердің бірінші тобы (14 — 18 ғасырлар) гөрханадан және қойтас тұрпатты көптеген құлпытастан құралған. Ескерткіштер ықшам аумақты сәндік белгілермен, жазу-сызулармен безендірілген. Құлпытастарға таңбалар, әр түрлі бедерлер салынған. Қазақ бейіттері қорымның солтүстік-шығыс шетіне тұтас орналасқан.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу: