Маржықпаев гроссмейстер Қазыбек Нөгербекті қабылдады

20 Маусым, 04:22 649

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жуырда Үндістанның Гандинагар қаласында шахматтан өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған шахматшы Қазыбек Нөгербек пен Қазақстан шахмат федерациясының президентін жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – отандық шахмат спортындағы тарихи оқиғаның бірі. Өйткені 1998 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Дәрмен Сәдуақасов бас жүлдеге ие болған еді. Енді, міне, араға 26 жыл салып тағы бір отандасымыз әлем чемпионатының тұғырына көтерілді. Чемпионатта топ жару жерлесімізге оңайға соқпағаны анық. Соған қарамастан жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен бүкіл командаға алғыс білдіремін, - деді Ермек Маржықпаев.

Туризм және спорт министрі еліміз әлем чемпионын мақтан тұтатынын және біздің спортшылар алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындырып, қазақстандықтарды өз жетістіктерімен қуантатынына сенімді екенін жеткізді.

Айта кетейік, шахматтан 20 жасқа дейінгі юниорлар арасындағы әлем чемпионаты 2-13 маусым күндері Үндістанның Гандинагар қаласында өткен болатын. Әлемдік біріншілікке 123 шахматшы, оның ішінде 13 гроссмейстер мен халықаралық 28 шебер қатысты.

Әлем чемпионатында Қазыбек Нөгербек 11 раундта 8½ ұпай жинап, жаһандық доданың бас жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ отандасымыз Әлем кубогіне қатысуға жолдама жеңіп алды.

Кездесу соңында туризм және спорт басшысы Нөгербекке мемлекет басшысының құттықтау хатын, министрліктің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ министр Қазыбек Нөгербектің жаттықтырушысы Ержан Жақсылықұлына жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы мен федерация президенті Тимур Турловтың еңбегін ерекше атап өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: