Марқұм Салтанат Нүкенованың отбасы қазақстандықтардан көмек сұрады

20 Қараша 2023, 09:00 2147

Экс министрдің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың інісі Айтбек Амангелді қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол қиын сәтте қолдау көрсеткен барлық азаматқа алғысын білдіріп, көмек сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қадірлі достар, қымбатты қазақстандықтар. Қызымыз Салтанаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты көңіл білдіргендеріңізге шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сіздердің жазған қолдау пікірлеріңізді, шалған қоңырауларыңызды, хабарламаларыңызды, білдірген көңілдеріңізді көріп отырмыз. Біз зорлық-зомбылық пен адам өліміне төзбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осы оқиға ел тұрғандарын дүр сілкіндірді. Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды. Кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшіпті. Осыған байланысты біздің әулетті қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздерде пайда болыпты. Бірақ бұл шыңдыққа сәйкес келмейді. Біз ешкімді кешірген жоқпыз. Мыңдаған адам қайғымызға ортақтасып, шын көңілін білдіріп, бізді жұбатып жатыр. Аса қатігездікпен жасалған бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел президентіне ерекше алғысымызды білдіреміз, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар марқұмның отбасы болған оқиғаның куәсі болуы мүмкін қазақстандықтардан тергеуге көмектесуін сұрады.

Сол қорқынышты түннің суреті қалпына келтірілуде. Тергеуге көмектесетін маңызды ақпараты бар куәгерлер болса белгілі фактілерді сот пен тергеуге айтсаңыздар. Сіздерден полицияға немесе біздің заңгерлерге: Игорь Вранцевке немесе Жанна Уразбаховаға хабарласуыңызды сұраймыз. Өз кезегінде сізде іске қатысы бар маңызды ақпарат болса, бірақ өз қауіпсіздігіңізден қорқатын болсаңыз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қауіпсіздік шаралары көрсетіледі, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 9 қараша күні Астанадағы мейрамханалардың бірінді бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген жаңалық тарады. Сондай-ақ Қуандық Бишімбаев өзін өлтіретінін айтып, полиция қызметкерлерін қорқытқан. Жантүршігерлік оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, қылмыскерді қатаң жазаға тартуды талап етіп жатыр.

Бұған дейін экс-министрдің қаза тапқан әйелі Салтанат Нүкенова мен оның өліміне жалғыз күдікті  Қуандық Бишімбаев туралы толығырақ жазған едік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: