Мария Шарапова: Зарина болашағы бар спортшы!

23 Қаңтар 2015, 12:36

Көпшілік алдын ала кесіп айтқандай, бұл кездесуде Мария Шарапова қазақстандық Зарина Диястан әлдеқайда басымдық танытты.

Қазақстанның нөмір бірінші ракеткасы (әйелдер арасында) Зарина Дияс «Australian Open» турнирінің үшінші айналымында әлемдік рейтингте екінші ракетка саналатын (әйелдер арасында) Мария Шараповамен кездесті. 

Көпшілік алдын ала кесіп айтқандай, бұл кездесуде Мария Шарапова қазақстандық Зарина Диястан әлдеқайда басымдық танытты. 

Зарина Дияс әлемнің үздік теннисшілерімен талай кездескен еді. Симона Халеп, Петра Квитова, Доминика Цибулкова, Анжелика Кербер, Саманта Стосур және Мария Шарапова... Бірақ, жас спортшы әзірге әлемнің үздіктерін бірде-бір мәрте жеңе алған емес. Мүмкін, мәселе дайындығында емес, тәжірибесінің аздығынан болар.

Кездесуден кейін әлемнің үздік теннисші қызы, "Үлкен дулыға" турнирлердің барлығын жеңген Мария Шарапова қазақстандық Зарина Дияс туралы жылы лебізін білдірді. 

"Егер Заринамен допты жерлете, төмендете ойнағанда мені жеңіп кетуі де әбден мүмкін еді. Егер оған уақыт берсеңіз, үлкен қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Мен қандай қарсыласпен шықсам да жеңіс үшін барымды салатынымды білдім, сондықтан үлкен дайындықпен келдім. Өткен матч мен үшін қиын болды. Сондықтан алғашқы минуттан бастап көп күш жұмсамауды жөн көрдім. Зарина жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін спортшы" дейді Мария Шарапова. 

Мария Шарапова мен Зарина Дияс арасындағы кездесу көпке созылған жоқ. 6:1, 6:1 есебімен аяқталды. Зарина қарсыласынан небәрі екі гейм ұтты. 

Алғашқы сет небәрі 27 минутта Мария Шарапованың пайдасына шешілді. Екінші сетте де соған жобалас уақыт кетті. Жалпы алғанда 1 сағаттан сәл көп уақытта Мария Шарапова сенімді түрде жеңіске жетті. 

Естеріңізге сала кетейік, Зарина Дияс «Australian Open» турнирінде бірінші айналымда Урсула Радваньскамен (Польша) кездесіп, үш сеттің қорытындысы бойынша (3:6, 6:4, 6:2) үлкен күш жұмсап жеңіске жетті. Екінші қарсыласы неміс қызы Анна Шмидлова (Словакия) болатын. «Үлкен дулыға» турнирлерінде рейтинг деген ресми мәртебе рөл ойнамайды, мұнда кез келген қарсылас мықты. Сондықтан, Анна Шмидлованы жеңу Зарина үшін оңай тиген жоқ. Бірінші сеттің қорытындысы бойынша Зарина ұтылып жатты. Нәтижесінде жарыс үш сетке созылып, Зарина зордың күшімен әзер жеңді (3:6, 6:2, 8:6).

«Australian Open» турнирінде бақ сынаған Ярослава Шведова да бақ сынап, үшінші айналымға дейін шыққан еді. Алайда, үшінші айналымда Пэн Шуайдан ұтылып қалды. Қытайлық Пэн Шуайдың келесі қарсыласы Мария Шарапова екендігін естеріңізге салайық. Егер Ярослава мен Зарина үшінші айналымда жеңіске жеткенде, қос қазақстандық спортшы кездесетін еді. 


Әзірлеген – Досжан Мейірбек.

Бөлісу: