Марат Омаров: Таланттарымызды Голливудтағы байқауларға апарамыз!

20 Қараша 2014, 04:53

El.kz редакциясына қазақ қызының нәзік жанын әсем үнмен, анаға деген толассыз сүйіспеншілікті қоңыр сазбен жеткізген дарынды композитор Марат Омаров арнайы сұхбат беруге, әндерін сайтымызға орналастыруға арнайы келіпті.

El.kz редакциясына қазақ қызының нәзік жанын әсем үнмен, анаға деген толассыз сүйіспеншілікті қоңыр сазбен жеткізген дарынды композитор Марат Омаров сұхбат беруге, әндерін сайтымызға орналастыруға арнайы келіпті. Сазгерлігі мен қоса ұйымдастырушылығы да жоғары, түрлі халықаралық байқауларда қазақтың жас өнерпаздарын таныстырып жүрген Марат Омаровпен аз-кем әңгімелесудің жолы түсті.

– Марат аға, сіздің «Ыстамбұл мен Алматы» дейтін әніңіз бар-тұғын. Қазір Астана мен Анталияның арасын жалғап жүрсіз. «Астана-Анталия» деген жаңа ән жазуға қалай қарайсыз?

– Бұл ән сонау тоқсаныншы жылдардың басында, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде шыққан болатын. Біздің тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған, соның артынан елшіліктерін ашқан Түркия болатын. Екі ел арасында орнаған бірлік әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Жыл сайын бауырлас Түркия мемлекеті мені әртүрлі фестивальдерге, байқауларға қонақ ретінде шақырып тұрады. Қазіргі таңда «Астана мен Анталия» арасында достық көпірін салуға ат салысып жүрміз. Ондағы мақсат ұлттық өнерімізді, тілімізді, мәдениетімізді сыртқа таныту, жастарымызға жаңа белестер ашып беру.

– Тілімізді, мәдениетімізді сыртқа таныту дедіңіз ғой, американдық әнші қыз сіздің «Анашым» деген әніңізді қазақ тілінде орындап шыққаны туралы айта кетсеңіз?

– Ия, Мисс Лили Делоис деген әншіні айтып отырсыз ғой. 2000 жылы Түркияда жүрген кезімде Бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясының төрағасы Арман да Морено менің әндерімді ұнатып, мүшелікке қабылдаған болатын. Содан осы ассоциацияның мүшесі ретінде мені Каирге жібереді. Ол жерде мен ассоциацияның басқа да мүшелерімен таныстым. Олардың арасында Мисс Лили Делоис болды. Осыдан үш жыл бұрын Астанада Халықаралық талантты жастар орталығының ашылу салтанатына Америкадан Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос пен Кери Тагава және осы Лили Делоис келіп, қазақша ән шырқап, жұртты таңқалдырған болатын.

– Осы жерде, «Талант» орталығына тоқталайықшы. Бұл орталықты ашудағы мақсат қандай?

– Негізгі мақсат бүкіл әлемде болып жатқан байқауларға қазақстандық жас жұлдыздарды іріктеп, дайындап, Қазақстан атынан таныстыру. Мысалы, осы жазда Түркияда, Испанияда және Голливудта болатын байқауларға қатысуды, жәй қатысып қоймай, өлеңдеріміздің бір шумағын қазақ тілінде орындап шығуды жоспарлап отырмыз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген! Біз өнер адамдары қазақ тілін шетелдіктерге осылай танытуымыз керек. «Талант» орталығының алғашқы қарлығаштары Ресейдегі «Минута славы» шоу-бағдарламасында Аврам Руссомен ән айтып, үшінші орын алған Еркеш Хасен, Дубайда өткен байқауда екінші орынды иемденген Томирис Баймурзина және Голливудтағы өткен жас таланттар байқауында гран-при алған өзімнің қызым Бибімәриям.

– Енді, өз жанұяңызға келсек. Азамат, Зарина және Бибімәриям деген ұл-қыздарыңыз бар екен. Олар қайда, немен айналысып жүр?

– Үлкен қызым Зарина Ақтөбеде тұрады, тұрмыста, екі баласы бар. Азаматым бұрын футболға қатысты, қазір осы Астанада қызметте. Кіші қызым Бибімәриям Гарвард университетінің Түркиядағы филиалында оқып жатыр. Соған арнап «Мен қазақтың қызымын» деген ән шығардым. Қайда жүрсе де, қазақ қызын танытып жүрсін деген ниетпен.

– «Қоштасқым келмейді» әнінің тарихы туралы айта кетсеңіз?

– Бұл әннің шығуы «Қоштасқым келмейді» фильмімен тікелей байланысты болды. Қаныбек Қасымбеков деген керемет режиссер ағамыз болған. «Қыз сыны» деген байқауға арнап шығарған әнімді 1992 жылы арулар байқауында естіп қап, ұнатып, мені тауып алады. Содан: «Алғашқы махаббат туралы фильм түсіріп жатырмын, сол фильмге сіз композитор болсаңыз», – деп өтініш жасады. Ертеңіне жолығып, фильмнің сценариімен танысып шықтым. Ол жерде мұңлы оқиға екен, мылқау қыз бен бозбала арасындағы махаббат туралы. Бозбала рөлінде бүгінгі мақтаулы әншіміз Мейрамбек Беспаев, қыздың рөлінде қазіргі танымал режиссер Ахан Сатаевтың жолдасы ойнайды. Сол фильмді шығарған осы әннің құдіреті деп айтып жатады. Мақтанғаным емес, бірақ менің әнімді орындаған әншілер Нұрлан Өнербаев («Анашым») болсын, Мәдина Ералиева («Қыз сыны») болсын үлкен қошеметке бөленді.

– Шынын айту керек, сіздің әндеріңіз тыңдаушының жүрегіне жетіп, ерекше тебіреніс тудырады. Жалпы, жаңа әннің жарыққа шығу процесі сізде қалай болады?

– Бұл енді тылсым жағдай. Оны айтып жеткізу қиын. Ішкі дүниеңізбен сезінетін нәрсе. Сондықтан, табиғатқа, анаға, туған жерге деген махаббатты жүрегіммен қабылдап, жүрегіммен халыққа жеткізуге тырысамын.

– Әндерді белгілі бір әншіге арнап шығарасыз ба?

– Шығарамын, бірақ әннің өзі әншісін тауып алады емес пе.

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан – Қаламқас Нұрмақова.

 

Бөлісу: