Марат Омаров: АҚШ-та тұрып, екінші тынысым ашылғандай болды

2 Қыркүйек, 18:00 8021

Белгілі әнші-композитор, ҚР еңбек сіңірген артисі Марат Омаров қазір АҚШ-та тұрады. Қазақ эстрадасының жұлдызы не үшін мұхит асып кетті? Ол жақта немен айналысады, қалай өмір сүріп жүр? El.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтар төңірегінде әнші-композитормен әңгімелескен еді.

El.kz: Марат аға, Америкада тұру бұрыннан ойыңызда бар ма еді? Әлде аяқ астынан кеттіңіз бе?

Марат Омаров: Мен бала кезімде АҚШ-та шығарылған «Генералы песчаных карьеров» («The Sandpit Generals», 1971 жыл – ред.) деген фильмді көргенмін. Онда Бразилиядағы жағдай баяндалады. Қаңғыбас балалар киноның атауында айтылып тұрғандай құм төбелердің арасынан пана тапқан. Кейін сол жетімдердің қатарына оларға әпке орнына әпке, ана орнына ана болған Дора есімді қыз қосылады. Өздерінше қауым құрып алған қаңғыбастар нан табу жолында ештеңеден де тайынбайды. Бай-бағланды тонау бұлар үшін дағдылы іске айналған. Әрине, бұл үлгі қылатын жағдай емес. Бірақ фильм маған қатты әсер етті. Әсіресе, онда айтылатын ән ұнады.

Осындай керемет туындылар жасайтын Америка сол кезден бастап арманыма айналды десем болады. Яғни оны Созақта (Түркістан облысындағы аудан – ред.) жүріп-ақ қиялдағанбыз. Кейін «О, Голливудтағы қандай адам!» деп қалжыңдаушы едік қой. Сол Голливудта енді өзіміз жүрміз.    

El.kz: Сол арманға енді жетуіңізге не түрткі болды?

Марат Омаров: Мені 2021 жылы желтоқсан айында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нью-Йоркке осы қаладағы біздің консулдықтағылар шақырған еді. Сол шақырумен барып, іс-шара кезінде ту көтергенмін. Негізі, АҚШ-қа оған дейін де келгенмін. Бұл төртінші сапарым еді. Ал бірінші рет 2012 жылы мамырда кенже қызым Бибімәриямды халықаралық балалар байқауына алып келгенмін. Лос-Анжелесте «Бақытты балалық шақ» деген үлкен өнер сайысы болған. Алты жасар Бибімәриям сонда ән шырқап, бас жүлдені иеленді. Сонда қызым гран-при алып тұрып, маған: «Әкетай, мен осы жақта оқығым келеді» деп, арманын айтты. Қалдыруға мүмкіндік болды. Ондағы ұстаздар да кетәрі емес еді. Бірақ мен қалдырып кете алмадым. Ол кезде анам бар. Сол кісінің де айтқанына құлақ асамыз. Әрі елден өте қашық жер болған соң өзім де иліге қоймадым.  

Содан 2016 жылы мені АҚШ-қа арнайы шақырды.  Бұл жолы Техас штатындағы Хьюстон қаласында Наурыз мейрамы аталып өтіп, соған қатыстым. Сондай-ақ АҚШ-тың үш-төрт қаласында гастрольдік сапармен болдым.

Одан кейін 2019 жылы тағы да құрама штаттарға жолымыз түсті. Онда круиз компаниясы арқылы саяхаттауға келгенбіз. Сонда Лас-Вегас, Нью-Йорк, Хьюстонда концерт қойып қайттық.

Бұрын ән айтып жүрген Бибімәриям кейін биге қатысып, АҚШ-тан грант алды. Сөйтіп, ол 2021 жылы қарашада Америкаға келуі керек болатын. Ал мені Нью-Йоркке желтоқсанға шақырғанын жоғарыда айттым. Сол кезде қызымнан: «Сені қараша айына шақырғаны әлі де күшінде ме? Баруға бола ма?» деп сұрадым. Ағылшынша жақсы білетін ол АҚШ-тағыларға хабарласып еді, «желтоқсанда да келуге болады» депті. Сөйтіп, Бибімәриям анасы – Перизат жеңгеңмен бірге сол айдың 16-сына Лос-Анжелеске ұшты. Ал мен 14-іне Нью-Йоркке келіп алғанмын. Жаңа айтқанымдай, сондағы консулдықтың іс-шарасына қатыстым.  

Сол кезде консулдықтағылар маған: «Марат бауырым, келгенің жақсы болды. 20 штатты аралап, осындағы барлық қазақтардың басын қосып, оларды әндеріңізбен сусындатсаңыз қалай болады? Олар туған жерін, ата-аналарын, бауырларын сағынып жүр. Ал сіздің әке, ана, ел, жер туралы әндеріңіз бар ғой» деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, екі айға жоспар құрылып, АҚШ-тың 20 штатын аралауға қалдым.

Желтоқсанның 20-сында Лос-Анжелесте болдым. Қызым, жұбайым – үшеуміз сол жерде жолықтық. Бибімәриям Сан-Диегодағы бишілер байқауында алдыңғы бестікке іліккенін қуана жеткізді. Өте жақсы билеген. Оған да сонда қалу жөнінде ұсыныс айтыпты.

Бұрын ғой, әлі кішкентай деп жібере алмадық. Ал енді қалдырмасқа амал жоқ еді. Сондықтан ойлана келіп, осының жолын іздеуге кірістік. Консулдық қызметкерлері «Сіздің жағдайыңыз талант визасына келіп тұр. Дүниежүзілік композиторлар қауымдастығының мүшесісіз, халықаралық, үлкен дәрежелі байқаулар мен фестивальдердің жүлдегерісіз, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі деген атағыңыз бар. Сондықтан сізге оны береді» деген кеңес айтты. Өзім де соны құп көріп, талант визасына өтініш бердім. 

Содан қызым осында жоғары сыныптар мектебінде (high school) алты айдай оқыды. Оны бітірген соң Бибімәриямнан «енді не істейміз?» деп сұрадым. Ол бірден әнші де, биші де болмайтынын айтты. Кинорежиссерлықты оқығысы келеді екен. «Қазақтың, жалпы әлемнің тарихын түсіргім келеді» деді. Өзі ағылшынша сценарий жазады. Продюсерлікке де икемі бар. Сөйтіп, Нью-Йорк фильм академиясына тапсырып, оған түсіп кетті. Содан талант визасы ары қарай жалғасатын болды. Бірақ оған да бірнеше құжат алу керек. Яғни work authorization, social security, leasing driving дегендері бар.

Осы жерде бір нәрсені айта кетейін. Кіші қызымның атын Бибімәриям деп анам қойған еді. Бұл – тарихта бар есім. Созақ өңірінде Бибі Мәриям деген әулие әйел болған. Оның кесенесінің маңында Бибі Мәриям бұлағы бар. Суы емдік қасиетке ие. Бұлаққа барып, қызыма соның аты қойылған. Бірақ мына жақта ол Мэри болып жүр. Яғни Мэри Омар.   

«Актер болдым, мінеки!»

El.kz: АҚШ-тағы кино саласына өзіңіздің де бет бұрғаныңызды білеміз. Қалай актер болып кеттіңіз? Қандай фильмдерге түстіңіз?

Марат Омаров: Қызым Нью-Йорк фильм академиясына кинорежиссер мамандығы бойынша түскеннен кейін менің де осы салаға қадамым басталды. Алдында Лос-Анжелестен кішкене қашықтау тұрғанбыз. Кейін Лос-Анжелестің өзіне келдік. Мұнда Нью-Йорк фильм академиясының кампусы, Universal Studios Hollywood, Warner Brothers, Голливуд Даңқ аллеясы, «Оскар» сыйлығын беретін орталық орналасқан.

Warner Brothers-те мені режиссер байқап қалып, кастингке шақырды. Сол кастингке барған соң бір аптадан кейін, неге екенін білмеймін, менің типажым өтіп кетті ме екен, соған шақырды, әйтеуір. Толық өмірбаянымды сұрады. Фотосуреттерімді көріп, өнерге қатысым бар екенін білді. Сөйтіп, мені бірден Мексикадан заңсыз келетін иммигранттар туралы «Малена» фильміне алды. Бұл туындыда Малена деген қыздың өмірі суреттеледі. АҚШ-қа қандай қиындықпен келгені көрсетіледі.

Кинода мен мексикалық оққағардың рөлін ойнадым. Сонда фильмді түсірушілерден: «Мені ата ма?» деп сұрадым. Гангстерлік экшн фильм ғой енді. «Жоқ, сізді атпайды. Сіз атасыз» деді. Ал мен Созақтың топырағынан жаралған адам болғандықтан (күледі – ред.): «Атпай-ақ қойсам бола ма? Ұра салайыншы» дедім. Сөйтіп, мен үшін сценарий өзгертілді. Қарсыласымды тек ұрып талдыратын болдым. Бұл эпизод орманда түсірілді. Бірақ ол жақын жерде орналасқан. Табиғаты өте керемет екен.     

Одан кейін «Голливудтағы той» комедиясы мен «Красавчик» фильміне түстім. «Красавчик» – Еркен Жалғашевтің фильмі. Оны танитын шығарсың. Қазақстанның тумасы. Шымкенттік. Қазір Голливудта режиссер, продюсер, сценарист әрі актер. Марк Дакаскос, Кэри Тагава, Арманд Ассанте, Сильвестер Сталлоне сияқты америкалық киножұлдыздарды Қазақстанға апарып жүрген азамат.

«Красавчикте» мен өзімді ойнаймын. АҚШ-та қазақтың қызымен кездесіп қаламын. Ал ол мені танитын болып шығады. Сондай бір жақсы эпизодқа түстік.        

Нью-Йорк фильм академиясын жақында бітіретін өзіміздің қазақстандықтардың, сондай-ақ мексикалықтар мен америкалықтардың киноларына да жәйлап түсіп жатырмыз. Осындағы продюсерлік орталықпен келісім-шартқа отырдым. Оларға «Анашым» деген өздеріңіз білетін әнімнің әуенін бердім. Сол сияқты саундтректер жазуға да үлес қосып жатырмын.

El.kz: Әлеуметтік желідегі фотосуреттеріңіз бен бейнежазбаларыңызға қарасақ, мұнда жағдайыңыздың жақсы екені байқалады. Сонда да АҚШ-тағы тұрмыс-тіршілігіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз...

Марат Омаров: Тіршілік болғанда, мен көптеген штаттарда концерт қойдым. Одан кейін осы АҚШ-тағы қазақтардың басын қосып, бір-бірімізбен араласып кеттік. Бәріміз бір-біріміздің хал-жағдайымызды сұрап тұрамыз. Оларды қазақылыққа мойын бұрғыза бастадым. Комьюнитиге (қоғамдастық – ред.) барып, бәріне қазақша әндерді үйретіп жүрмін. Жалпы тіршілігіміз сол өнер ғой. Жағдайымыз жақсы, әрине.  

Негізі, бұл жерде бәрі қарбалас. Сол, күнделікті тіршілік. Әр қадамың санаулы. Қызымды сабағына апарамын. Өзім сабаққа барамын. Жеңгең екеуміздің incruises деген онлайн бизнесіміз тағы бар. Осындай қарбалас болғаннан кейін күнделікті жұмыс кестесі бойынша әрекет етуің қажет.  

El.kz: Мұнда жұбайыңыз және кенже қызыңызбен бірге тұрасыз ғой?

Марат Омаров: Иә, қазір Бербанкте үшеуміз екі бедрумда (жатын бөлме) тұрып жатырмыз. Өте керемет жер. Алматыдағы Арбат (Жібек жолы көшесі – ред.) сияқты. Сондай көп адам жиналатын аумақта тұрамыз.

«Балаларымның ешқайсысы әкесінің атағын бұлдаған емес»

El.kz: Үлкен қыздарыңыз Зарина мен Зүлфия да өзіңіз сияқты өнер жолына түсті. Қазір оларды да халық таниды. Сұхбаттарынан екеуінің (шешелері бөлек) де сізді қатты жақсы көретіні байқалады. Аналарымен ажырасып кеткеніңізге қарамастан балаларыңыздың осындай махаббатына бөленудің сыры неде?

Марат Омаров: Дарынды қыздарымның жетістіктеріне әрдайым қуанып отырамын. Алдымен оларға деген әкелік махаббатым болды ғой. Қыздарға, жалпы балаларыма деген жылуымды аямадым. Мұндай қасиет үлкендердің тәрбиесінен басталады. Яғни бұл маған әке-шешемнен, ата-әжелерімнен келген деп ойлаймын. Сол кісілердің өсиет-өнегелері әлі есімде. Міне, енді ол балаларымның бойына өтті. Маған да махаббатын көрсетіп жатқан перзенттеріме дән ризамын. Қайталап айтайын, ана мен баланың, әке мен баланың әдемі үйлесімі сонау ата-бабаларымыздан, ата-әжелерімізден жалғасып келе жатқан керемет қасиет екеніне шүбә жоқ. Кейін балаларың да өз перзенттеріне соны дарытады.   

El.kz: Ақыры жеке өмір жайына келдік қой. Сізге осы жағынан тағы сұрағым бар. Ел алдында жүрген азамат болған соң мұны жұрт та білгісі келеді. Балаларыңыз, немерелеріңіз бен жиендеріңіз туралы біз де білсек дейміз...  

Марат Омаров: Немерелерім мен жиендеріме де ата ретіндегі махаббатым шексіз. Олардың да мені жақсы көретінін білемін. Заринамның Әлижан, Жасмин деген ұлы мен қызы бар. Азаматымның Жәнел, Жантуар есімді екі баласы бар. Одан кейін Мәдинамдікі де бар. Сосын Зүлфиям да өз алдына отбасы. Бәрі де өз күштерімен жетістіктерге жетіп жатыр. Ешқайсысы да әкесінің атағын бұлдап, мені алдарына салған емес.  

Бірнеше жыл бұрын Түркістаннан тағы бір немерем табылғанын білетін шығарсың...

El.kz: Білемін. Түркістандық келіншек ұлыңыз Азаматтан қыз туып алғанын мәлімдеп, онысы рас екені дәлелденді. Немереңіз Көзайым сөйтіп сіздерге көзайым болды ғой.

Марат Омаров: Сол Көзайыммен хабарласып тұрамын. «Ата, қалайсыз? Денсаулығыңыз қалай?» деп сұрайды. Дауысы сондай керемет, тілі балдай. Біздің болашағымыз ғой. Аманшылық болса, оның да бір үлкен жетістігін көргім келеді.  

«Алпыстан асқанда ағылшын тілін оқыдым»

El.kz: Өзіңіз биыл 65 жастан астыңыз. Жетпісіңіз анау қырдың астында тұр. Бұл кезде жас көрінуіңіздің, энергияңыздың осылай тасып жүруінің де сырына тоталсаңыз...

Марат Омаров: Мен консерваторияда оқып жүргенде теннис ойнайтынмын. Соған әбден берілгенмін. Басында спорттың бәріне бардық қой. Бірақ теннисті соншалықты жақсы көріп кеттім. Жиі ойнап тұрамын. Тіпті ол туралы үш тілде ән шығардым. Қазақша, ағылшынша, орысша. Қайырмасы ағылшынша «I m play tennis, you a play tennis» («Мен ойнаймын теннис, сен ойнайсың теннис») деп келеді. 

Қазір теннисті америкалықтармен ойнаймын. Олар мені өздері шақырып тұрады. Ал әлі күнге дейін жас көрінетін болсам, бұл осы спортпен тұрақты шұғылданғанымның арқасы деп ойлаймын.   

Америкалықтарды айтамын да, олар осында алғаш теннис ойнауға барғанымда, «мынау қайдан келіп қалды?» дегендей маған таңдана қарайтын (күледі). «Мексикалық па, бразилиялық па? Қытайға да ұқсамайды өзі. Жапон ба?» дегендей сұрақтар қойылып қалатын. Ондайда: «Жоқ, қазақпын. Қазақстаннанмын» деп мақтанышпен айтамын. Қай жерде болмасын, жауабым сондай.  

Сосын барша адамға мейіріммен қараудың да денсаулыққа пайдасы зор. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді ғой. Өзім қайырымдылық шараларынан қалмауға тырысамын. АҚШ-қа келген кезде Ресей мен Украинаның арасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның атынан сондай мақсаттағы концерттерге қатыстым. Сондықтан мені Біріккен ұлттар ұйымына мәдениет кеңесшісі етіп қабылдады.

Жалпы, бізге қайда болса да соғыстың қажеті жоқ. Достық пен ынтымақты қолдайтын елміз. Тілеуіміз – тек амандық.

El.kz: Елге қашан қайтасыз? Қазақстанды сағынған жоқсыз ба?

Марат Омаров: Әрине, сағынамыз. Ең алғаш келгенде қатты сағындым. Қызымның талпынысы болмағанда кетеміз деп ойлап жүргенмін. Жоспарларым бар-тұғын. Бірақ сол ұл-қыздарымыз үшін жүрміз ғой бұл өмірде.

Мынадай жасқа келіп, тағы да тосыннан «қылық» шығарып жатқан жайым бар. Алпыстан асқанда ағылшын тілін оқуға тура келді. Содан кейін «Алпыстан ассам да, жақсыны көру кеш емес» деп бір сұхбат бердім. Сөйтсем, елдегі азаматтар да қайтадан оянып, хабарласып жатыр (күледі). Құрдастарым: «Марат, сен жаңа Қазақстанды Америкада бастап кетіпсің ғой. Ал біз орнымыздан енді тұрып жатырмыз» деп әзілдейді. Мен: «Осында келіп, бір серпіліп қайтыңдар. Балалары, немерелері үшін келіп жатқандар бар» деймін. Сөйтіп, оларды да қанаттандырып қоямын. 

Жалпы, елге барсақ деген ойымыз бар. Құдай қалап, грин-картаны тезірек алып алсақ, Қазақстанға ұшып жеткелі отырмыз.

El.kz: Сағыну демекші, өзіңіз керемет әннен тірі кезінде ескерткіш орнатып қойған марқұм анаңызды жиі еске алып тұрасыз ба?

Марат Омаров: Әрине, анамның әруағына бағыштап құран оқытып тұрамыз. Зираты Шымкенте жатыр. Елмен хабарым үзілген емес.  

El.kz: Бұл әнде «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп келетін әдемі өлең жолы бар. Енді анасы жоқ адам қалай болады екен?

Марат Омаров: Ол кісінің қолдауы жүрегімде мәңгілік қалады. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын! Адам өмірде ата-анасы үшін Алладан кешірім сұраса, олардың о дүниеде де сатысы көтеріледі дейді. Сондықтан мен оларды аузымнан әрдайым тастамаймын. Жалпы, мен үшін анам мен әкем тірі. Енді анам жоқ деп айтуға да аузым бармайды. Ол менің мәңгі жүрегімде. Менің жүрген жолым, жеткен жетістіктерім, алған алғыстарымның барлығы Алланың әмірімен, сосын әке-шеше, ата-баба әруақтарының қолдауымен болып жатыр деп ойлаймын.

«Лос-Анжелесте Қазақ мәдени орталығы ашылса екен»

El.kz: Қазір ән жазып жүрсіз бе?

Марат Омаров: Күні кеше ғана жаңа ән шығардым. Әзірге «Жақсы адамдар» деп атап отырмын. Мағынасы баласы жақсы, әке-шешесі жақсы адамдар ешқашан қартаймайды дегенге саяды. Өзің «жас көрінудің сыры неде?» деген сұрақ қойдың ғой. Міне, соның бір жауабы. Яғни ол көңіл-күйге де байланысты. Мына жақта, әйтеуір, жаймашуақ жағдайда жүресің. Оның үстіне баяғы жас күнім қайта келіп жатқандай күй кешудемін. Сол кездерде Шымкенттегі филармонияда істегенмін. «Ямаха» деген аспап болушы еді ғой, сонымен ән айтатынмын. Қазір АҚШ-та да дәл солай жанды дауыспен өнер көрсетіп жүрмін. Мұнда солай жасасаң ғана бағалысың. Нағыз композитар, нағыз әнші екеніңді көрсетуің керек. Өзің де соны сезініп, жақсы болып қаласың. Екінші тынысым ашылғандай күйде жүрмін.  

Басқа да әндер жаздым. Достар туралы, «Қазақстан-Америка», «Қазақтар» деген әндерім шығып жатыр. 

Сосын бүкіл әндерімді, «Анашымнан» бастап, ағылшыншаға аударып жатырмын. Өйткені бұл жақта осы тілде айтпасаң түсінбейтіні мәлім. Жалпы, қазір барлық тілдерді қамтуға тырысып жүрмін. Сонымен қатар ағылшынша жаңа туындылар шығып жатыр. Мысалы, «Melody of life», «Ocean» әндері. Екі мұхиты бар, сарқырама, басқалары бар, бұл жердің табиғаты өте кермет. Сол табиғатқа көп шығып тұрсаң, мол шабыт аласың.

El.kz: Ал енді мұнда әндеріңізге бейнебаян түсіру ойыңызда бар ма?

Марат Омаров: Жақында ғана Нью-Йоркке барып қайттым. Онда «Нью-Йорк – Астана» деген әніме бейнебаян түсірілді.

El.kz: Ондағы қазақтардың тойларына барып жүр екенсіз. Ән айтумен бірге асабалық та өнеріңіз бар сияқты. Олардың тойы қалай өтеді?

Марат Омаров: Әрине, енді тойларда тамадалықты үйреніп, қазақша білгеннен кейін мені шақырып жатады. Қазақтар үйленді. Қазақ америкалық қызға үйленді. АҚШ-тағы мықты жоғары оқу орындарында оқыған қазақ жастарының тойларына бардым. Керемет болды. Америкалықтар таңғалып жатыр. Біз барған соң тойды қазақи қылып жібердік. Өздері де «Марат аға, қазақи қылып басқарсаңыз болды» деген еді. Кәдімгі елдегідей дүрілдетіп өткіздік. Той иелері риза болып жатыр. Өйткені олар елге барғандай керемет әсер алады. Келешекте де мұндағы ағайындардың осындай қызықшылықтары көп болады деп сенемін.

Мұнда қазақтар көбіне оқу, жұмыс бабымен келеді. Көбі – жастар. Олар басында кез келген жұмысқа кіруге тырысады. Сөйтіп қиналыңқырап та қалады. Себебі алғашқыда тіл білмейді. Баспананы жалға алу ақысы өте қымбат. Одан кейін ішіп-жемі, киімі, тағы басқасы бар дегендей. Солардың жағдайын ойлап, демеп жіберуге тырысамыз.  

Менің мұндағы тағы бір ойым – қазақтардың мәдени орталығы ашылса екен. Вашингтонда елшілік, Сан-Франциско мен Нью-Йоркте консулдықтар бар. Ал Лос-Анжелесте ондай ештеңе жоқ. Негізі, бұл жерге консулдық қажет те емес. Тек «Қазақ ауылы» деп пе, сондай бірдеңе ашсақ деймін. Соған кішкене қол ұшын созып, септігіміз тиіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: