Марат Әйтенов сотта оқиға болған күн жайлы айтып берді

26 Шілде, 17:19 692

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі экс-директоры Марат Әйтеновтің ісі өтіп жатыр. Сот отырысында Марат Әйтенов оқиғаның қалай болғанын баяндап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот залында сот Әйтеновтен оқиға болған күнді баяндап беруін сұрады.

Марат Әйтенов ол жерге балалармен кездесу тәртібін орнататын сот орындаушысы Алмат Арыстанбек шақырғанын айтты. Сөзінше, оның «балаларды қауіпсіз жерге апару керек, қауіп төндірмеу керек» деген нұсқаулықтарына Әтешова құлақ аспаған.

Құрметті сот, Дана Әтешованы ұрып-соғып, шашынан тартқан емеспін. Ол күні ол жерде болған себебім, Әтешоваға, балаларыма қауіп төнгеннен кейін әке ретінде міндеттемелерімді орындадым. Зорлық-зомбылық көрсеткен емеспін, мәжбүрлеген жоқпын, - деді ол.

Сот Әтешованың денесіндегі көгерген іздерге қатысты сұрақ қойды.

Оның мән-жайын білмеймін. Бірақ сараптамада жазылған. Сараптама 13 шілдеде болды. Денедегі көгерулер бір не үш күн бұрын болған. Аяқ-қолын ұстағаным рас. Әтешованы итерген жоқпын. Өзі құлап жатқан кезде басын жерге ұрып алмасын деп, басының астына қолымды қойдым. Себебі жерге ұрып алатын болса, ол жерде тастар жатты, тасқа басын жарып алады деген қорқыныштан қорғау үшін қолымды басының астына салдым. Оған екеуміз жеке сөйлесейік деп ұсыныс та жасадым. Мен оны сүйреген жоқпын. Өзі құлайын деп жатқанда құшақтағаным рас. Шашынан тартқан деген жалған, - деді Әйтенов.

Ол Дана Әтешованы неліктен далаға күштеп шығарғаны жөнінде айта кетті.

Үй ішінде сот орындаушылары болды. Олардың көзінше Дана Әтешова мені сабалап жатқаннан кейін, сот орындаушының жұмысына бөгет болып жатқаннан кейін сол қауіптен сақтап қалайын деп сыртқа шығуға ұсыныс жасағанбыз, - деді Әйтенов.

Бұған дейін Әйтенов кешірім сұраған болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: