Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов «балаларыммен үйден күштеп қуып шықты» деген Дана Әтешованың даулы видеосындағы жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі «Barys Media»--ға сілтеме жасап.
Марат Әйтенов бұрынғы әйеліне қаншама рет ұсыныс жасаса да, қабылдамағанын алға тартады.
Бұл мәселе бейбіт жолмен шешілу керек еді. Ол жерде ешқандай заң бұзушылық әрекет болған жоқ. Ол пәтерге Дана өзі кіріп алған. Ал меншіктің иесі сотқа жүгініп, мүлікті босатып, өзінің заңды иесіне беру керек деген сот шешімін алып барған. Ол сот шешімі бұдан екі жыл бұрын шыққан болатын. Сол кезде Дана соттан 1 жыл уақыт беруін сұраған және 2023 жылы босатып беретінін айтқан. Сот оның өтінішіне құлақ асып, біраз уақыт берген. Оның арасында мен Данаға ұсыныстар жасадым. «Сендердің меншіктеріңде мынадай баспана бар, сол жерде тұрыңдар, сендерді далада қалдырмаймын, ұрыс-жанжалды қояйық» деп отбасылық достар және медиатор арқылы, сондай-ақ сот процестерінің аясында да бірнеше ұсыныстар жасадым, - дейді Әйтенов.
Алайда Дана Әтешова олардың біреуіне де ресми түрде немесе жазбаша түрде жауап бермеген.
Мен оған не керек екенін түсінбедім. Жекеше сөйлескенде «менің атыма сол үйді қалдырасың, пәтерді де қалдырасың, мен оны жалға беріп, ақшасын алуым керек» деді, содан кейін бірнеше жоқ қаражаттарды сұрады және менің балаларымның атына жазасың деп түсініксіз нәрселер айтты, - дейді Марат Әйтенов.
Марат Әйтенов заң бойынша, Дана Әтешова үйді босату керек болғанын, алайда ол қарсыласқанын айтты.
Кейін Дана Әтешова тағы да сотқа жүгініп, тағы бір жыл уақыт беруін сұраған. Алайда бұл жолы сот келісім бермеді. Содан соң ол прокуратураға жүгінді. Алайда қалалық прокуратура «бәрі заңды, меншік сіздікі емес, босатуыңыз керек» деген. Енді не үшін сол күні бүкіл туысқанын үйге жинап, балаларды сондай сынаққа салғанын білмеймін, - дейді ол.
Еске салайық, Дана Әтешова 12 шілде күні бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп қуып шықпақ болғанын айтты. Бұған дейін Әтешова өзінің бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ол – Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.