Мақсат Сералы: Тапшылық – автокөлік сатумен айналысатын ірі компаниялардың лоббиі

5 Мамыр 2023, 18:50 836

Елімізде жаңа темір тұлпар тақымдауды армандайтын адамдардың қарасы көп. Бір қызығы, сұранысқа ұсыныс сай келмей отыр. Жеңілдігі бар автонесие көлемі теңізге тамған тамшыны еске түсіреді. Мәселен, бұл мақсатқа бөлінген қаржының көлемі – 5 миллиард теңге. Борышкерлер соның ай сайын 1 миллиард теңгесін қайтарып жатыр. Ал бұл қаражат бары-жоғы 100 көлік сатып алуға ғана жетеді. Енді үкімет 5 миллиард теңгенің қайта жиналуын күтіп отыр. Содан кейін ғана несие алғысы келетіндердің өтінімі қабылданбақ.

Экономист Мақсат Сералы El.kz тілшісіне берген сұхбатында автокредит мәселесі қордаланған түйткілдің бір бөлігі ғана екенін тарқатып айтып берді.

Таяуда Индустрия және инқұрылымдарды дамыту министрі Марат Қарабаев осы мақсатқа жұмсалған қаражат қайтқан соң ғана жеңілдігі бар автонесие қайта беріле бастайтынын айтты. Сіздіңше, нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін қандай шара қажет?  

– Посткеңестік кеңістіктегі автокөлік нарығын алып қарасақ, ескі көліктердің саны өте көп мемлекет Қазақстан болып шықты. 2022 жылғы статистикаға сүйенсек, елімізде бір миллионға жуық көлік сатылыпты. Оның 90 пайызға жуығы ескі. Яғни, сатылып жатқан көліктердің дені 2005 жылдан әрі қарай шыққан. Соның 6 пайызының бағасы 1 миллионнан бастап 2 миллионға дейінгі аралықта. Бұл елімізде ескі көліктердің сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр.

Ескі-құсқы көлік экологияға орасан зиян келтіреді. Мәселен, Алматы қаласына бір күнде 400 мыңнан аса көлік келіп-кетеді. Алматы облысынан да, басқа өңірлерден де ағылып жатыр. Такси болып, нәпақа айырып отырған азаматтар да аз емес.

Басты міндет – ішкі нарықтағы көліктерді жаңа көліктерге алмастыру. Ескі көлігін сатып, орнына қосымша ақысын төлеп немесе автонесие жүйесін пайдаланып, халыққа көліктерді жаңарту тетіктерін ұсынуымыз керек.

Мәселен, қолды болған 670 миллиард теңге елге қайтарылды. Соның кемінде 100 миллиардын жеңілдігі бар, 4 пайыздық несиемен осы мақсатқа жұмсаса, құба-құп болар еді. Сонда орта есеппен бағасы 10 миллион теңге тұратын 10 мың жаңа автокөлік сатып алуға мүмкіндік болады.

– Бұл мақсатқа бөлген 5 миллиард теңге аздық ете ме, сонда?

– Әрине, өте аз. Небәрі 18 секундта бітіп қалғанына бәріміз куә болдық. Айналып келгенде, бұл ақша түкке жетпейді. Жыртығымызды да жамай алмайды.

Көліктерді жаңарту тетігі автокөлік өндірушілерге де үлкен көмек болар еді. Қазіргі таңда халық жапа-тармағай Chevrolet көлігін сатып алып жатыр. Алдыңғы жылдары Лада Priora көп сатылған-ды.

Chevrolet неге бірінші орынға шықты? Өйткені, қолжетімді. Жеңілдігі бар автонесие тізімінде бар. Бұл – өте жағымды дүние.

Қазіргі кезде Астана мен Алматы қалаларында такси шақырсаңыз, жаңа автокөлік келеді. Осы Chevrolet. Арасында Hyundai да кездеседі. Такси қызметіндегі азаматтар үшін, бұл – үлкен жеңілдік. Демек, такси сервисінде жаңа көліктер жүреді деген сөз. Мұның өзі туризмге жанама түрде оң әсерін тигізеді.

Таксисттерге де өте тиімді. Жаңа темір тұлпарлар аз шығынды қажет етеді. Ұзақ жүреді. Сәйкесінше, иесінің табысы да көбейеді. Экономикалық тұрғыдан оңтайлы жағдай тудырады.

– Жаңа көліктер экономикамыздың өзге салаларына да оң әсерін тигізіп, дамуына серпін бере ме?

Әрине, солай. Бір сөзбен айтқанда, әл-ауқатты арттырады.
Төрт пайызбен көлік сатып алған азамат такси жүйесінде жұмыс істесе, ай сайын несиесін төлеуі керек болады. Сондықтан жақсы жұмыс істеуге ұмтылады.

Жаңа көлікке сұраныс көп, ендеше неге осы салаға қаржыны көбірек бөлмеске? Бұған басты кедергі не?

– Иә, сұраныс көп. Нарықтағы 5 миллиард қазір айналымда жүр.  Көлік сатып алған адам несиесіне ай сайын 50 мың төлейді дейік. Несиесін төлеп жатқан мың адам бар. Бұл қаражат жинала береді. Жиналған соң қайта бөлінеді. Мәселен, екі-үш айда бір рет. Ақпанда басталған еді, сәуірде тағы да жүз көлікке несие берілді. Қаржы осылай айналымда болады.

Бар гәп – қазіргі таңда жаңа көліктердің жоқтығында.

Кейбір сарапшылар елімізде жаңа көліктердің дефициті бар екенін айтады. Бұл әлемде жоқ құбылыс көрінеді. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Бұл – автокөлік сатумен айналысатын ірі компаниялардың лоббиі. Тапшылық қолдан жасалып отыр. Қазақстанда өндірілетін автокөлік атымен жоқ екені ешкімге құпия емес. Барлығы шетелден әкеліп құрастырылады. Көп пайда табу үшін ғана бағаны ұстап тұр.

Сондықтан автокөлік нарығында бәсекелестікті дамыту керек. Сонда тасымал қызметтерінің түрлері де көбейе түседі. Бес-алты жыл ішінде сең қозғалмаса, диллерлер де өше бастайды. Олардың өз шығындары бар. Қаншама адам жұмыс істеп, бала-шағасын асырып жатыр. Қазір диллерлердің мемлекеттен субсидия алып күн көріп отырғанын бәрі біледі. Енді үкімет әр мәселені екшеп, жүйелі түрде қарай бастайды деп ойлаймын.

Автокөлік нарығын реттеу – халықтың сұранысы. Сондықтан тағы да өзгерістер болады деп ойлаймын.

 – Бұдан бөлек, ескі көліктерге місе тұтуымызға әкеп соққан не жайт? Утильалымдардың қымбаттығы ма,  кедендік алымдардардың шамадан тыс көптігі ме? Бәлкім, автонесие көлемінің аздығында жатқан шығар?

– Автокөлік нарығына қатысты заңдарда үкімет қойған шектеу көп. Армениядан немесе Біріккен Араб Әмірлігінен әкеліп жатқан көліктерге, керісінше, бонус беруіміз керек. Утильалымдарды тағы да азайтқан жөн. Жаңа автокөліктердің нарыққа келуін құптауымыз қажет.

Алғашқы тіркеудің бағасын түсірген жөн. Тіркеу деген не, тәйірі! Нөмір алып, тіркеуге қойса, болғаны. Жалпы, бұл жерде айтарлықтай шығын да жоқ.   

Осыдан мынадай заңды сұрақ туады? Осы уақытқа дейін қанша көлік утилизацияға өткізілді? Өтіп жатыр ма, өзі?

Дамыған мемлекеттерде ескі көліктерді өткізсе, жаңа көлік алуға 30 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Бізде ескі көліктердің қаптап жүргені сол. Сондықтан ескі көліктерден құтылып, жаңарту тетіктерін қарастырған абзал. Мұның бәрі көп жеңілдік болар еді. Халық осы тетіктерді қуана кәдеге асырушы еді. Еліміздегі көліктер де жаңара бастайды. Әсіресе, экологиясы қауіпті өңірлер, Алматы қаласы үшін бұл аса маңызды.

Үкімет ынталандыру жолдарын қарастырып, шұғыл шаралар жасауы тиіс деп есептеймін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сәкен Арыс
Бөлісу: