Мақсат Халық: Инфляцияның өсуіне байланысты базалық пайыздық мөлшерлеме де көтеріліп жатыр

Бүгiн, 17:56 135

Кеше АҚШ долларының ресми бағамы 513 теңге болды. Бүгін де солай. Сонымен қатар бүгін базалық мөлшерлеме көтерілді. Ұлттық банк оны бұл жолы 15,25 пайыз етіп бекітті. Базалық мөлшерлеме биыл ақпаннан бері 14,75 пайыздан аспап еді. Ал өткен айда 14,25 пайыз болған.

Базалық мөлшерлеме нені білдіреді? Қаржы саласына қазақша тіл біте ме? El.kz тілшісі осы және еліміздің экономикасына қатысты басқа да сұрақтар төңірегінде белгілі экономист, Sana business academy директоры Мақсат Халықпен сұхбаттасқан еді.      

El.kz: Қазір жалпы елдегі экономика қалай болып тұр? Ұтқан жеріміз бен ұтылар тұсымыз қайсы?

Мақсат Халық: Қазір елдегі экономикалық жағдайды мемлекеттік бюджеттен көруге болады. Оның шығысы – 23 триллион теңге, ал кірісі 16-17 триллион теңгеге жақындайды. Арада үлкен тапшылық бар. Бұл – бюджет тапшылығы. Сол тапшылықты мемлекет Ұлттық қор арқылы жауып отыр. Ең негізгі мәселе осы болып тұр. Өткен жылы да 5 триллион теңгеден астам ақша аударылған еді. Биыл да солай болайын деп тұр. Экономикалық дағдарыс болмай тұрғанның өзінде жыл сайын 10 миллиард доллардан астам ақша аударып отыру жақсы емес.

Бізде экономикалық дағдарыс соңғы рет пандемия кезінде болған. Сол тұста Ұлттық қордан 4,6 триллион теңге аударылды. Енді ойлаңызшы, қазір экономикада оң көрсеткіш бар. Соның өзінде біз 5 триллион теңге, одан да көп ақшаны аударып жатырмыз. Бұл ақылға сия ма? Меніңше, ақылға сыймайды. Өкінішке қарай, осы мәселелер жыл өткен сайын одан ары күшейіп барады. Яғни Ұлттық қордан өте көп ақша аударылып жатыр. Оның қаржысын дәл осы қарқынмен жұмсай берсек, ертең ортайып қалады ғой. Біз онсыз да Ұлттық қордан балаларға деп инвестициялық кірістің 50 пайызын бөліп беріп отырмыз. Былтыр жүз доллардан бөлінді. Ал биыл қанша болады? Егер биыл аз болып қалса ше? Онда үкімет қалай жауап береді? Міне, осындай нақты сұрақтар бар.

Жалпы тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан экономикасының бір ұтқан жері мынау деп айту қиын. Бізде экономикалық өсім жақсы болған деп 2000-2007 жылдар аралығын айта аламыз. Ол негізінен сол кездегі мұнай бағасының жоғары болуына, Қазақстанның Каспий құбыр желісі консорциумын сәтті жүзеге асыру арқылы мұнайымызды Еуропаға тасымалдауды дұрыс жолға қоюына байланысты еді. Сол жеті жылда Қазақстан экономикасында жыл сайын 10 пайыз деңгейінде өсім болды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ондай өсімге біз әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Егер де тура сондай өсім тағы бір жеті жылға созылғанда, бізде экономикалық ғажап жағдай болар еді. Әлемде Жапонияның «экономикалық ғажайыбы», Германияның «экономикалық ғажайыбы» деген ұғымдар бар. Бізде де тура сондай мәртебе болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, 2007-2009 жылдары бүкіл әлем қаржы дағдарысына тап келді. Сол кезде мұнай бағасы түсіп кетіп еді, Қазақстан экономикасының шын мәнінде тек шикізатқа ғана арқа сүйеп отырғаны көрініп қалды. Одан кейін де еліміздің экономикасы қалыпқа келе бастаған. Бұл жағдай 2013 жылға дейін болды. Бірақ онда да керемет өсімге қол жеткіздік дей алмаймыз. 2010 жылы Қазақстан экономикасында 6 пайыздан астам өсім болған. Алайда одан кейінгі жылдардың бәрін қарасаңыз, біз соған да қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Тек өткен жылы ғана бізде 5 пайыз өсім болды. Бірақ одан жоғарылаған жоқ. Ал биылғы өсім 5 пайыз да болмайын деп тұр. 4 пайыздың өзі жақсы деп отырмыз. Мінекей, осындай мәселелерге қарасаңыз, біз қазіргі уақытта экономикасы тұралап қалған ел болып тұрмыз. Ал енді Президент тапсырған 6 пайыз жылдық өсімді жасай алмасақ, онда 2029 жылы 450 миллиард долларға жететін экономиканы құра алмаймыз. Егер біз жәй ғана бағаларды өсіріп, инфляция қарқынын жоғарылатып жіберсек, аталған межеге жетуге болады. Бірақ бағалардың өсімі арқылы жетістікке жету сапасыз экономиканы білдіреді. Яғни оның қарапайым халықтың табысына, өмір сүру деңгейіне ешқандай әсері болмайды. Бүгінге дейін біз тек сондай өсімді көріп келдік. Қазір бізде 260 миллиард доллар жалпы ішкі өніміміз бар. Бірақ 2005 жылғы бағамен есептесек, ол шын мәнінде 160 миллиард доллар болып қалады. Яғни қазіргі көрсеткіш 100 миллиард долларға кем. Бұл нені көрсетеді? Демек, бұл – біз бағалардың өсімі арқылы ғана осындай 260 миллиард доллар экономиканы жасап отырмыз деген сөз. Сондықтан да халықтың табысы инфляциялық өсімді, тауарлардың қымбаттауын қуып жете алмай келеді. Содан тұрғындардың табысы ортайып барады. Кедейлердің қатары көбеюде. Бірақ жалпы ішкі өнім өсіп жатқандай. Міне, біздің экономикамызда қазір болып отырған ең үлкен кемшіліктер осы. Яғни бюджет-салық саясаты да, монетарлы саясат дейміз, ақша-несие саясаты да, жалпы қаржы саясаты елімізде дұрыс жасалып жатқан жоқ.        

El.kz: Биыл жазда 2024 жылғы Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі жарияланды. Оны Швейцариядағы Менеджментті дамыту халықаралық институтының Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы жасаған. Қазақстан 35-орында екен. Былтырғыдан екі саты жоғары. Сіздіңше, бұл нені білдіреді?

Мақсат Халық: Швейцариядағы Менеджментті дамыту халықаралық институты, әрине, өз алдына рейтингтік ұйым ретінде қаралады. Бірақ ол бәсекеге қабілеттілікті дамыту бойынша негізгі көрсеткішті беретін ұйым емес. Осы рейтингке 60-тан астам мемлекет қатысады. Оның ішінде 35-орын деген, менің ойымша, сондай бір керемет көрсеткіш емес. Ал негізгі бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін Дүниежүзілік Давос экономикалық форумы бере алады. Ол – осы форум қорытындысы бойынша жасалатын рейтинг.  Оған 144 ел қатысады. Соның ішінде Қазақстан бір кездерде елулікке кірген болатын. 2015 жылы тіпті 42-ші орында болдық. Бірақ кейін елуліктен қайтадан шығып қалдық. 55, 57-орындарда жүретінбіз. Қазіргі күйіміз де сондай рейтингте деп есептеймін. Бұл жерде 12 көрсеткіш бойынша жасалады. Халықтың өмір сүру ұзақтығы, денсаулық жағдайы, интеллектуалдық білім деңгейі, экономикалық, макроэкономикалық жағдайы деген сияқты факторларға бөледі де, сол бойынша есептейді.

Бірақ рейтингтік ұйымдарға қатты сене беруге болмайды. Өйткені елімізде статистикалық мәліметтер дұрыс көрсетілмейді. Бізде макроэкономикалық көрсеткіштер әдемі. Мысалы, жоғарыда айтқанымдай, жалпы ішкі өнімнің көлемі 260 миллиард доллар дейміз. Бірақ соның 2005 жылғы бағамен есептегенде, 100 миллиард долларға кем екенін де айтып өттім. Сонда Қазақстандағы халықтың шынайы жағдайы көрсетіліп тұр ма деген нақты сұрақ туады. Әрине, басқа мемлекеттердің барлығы таза жүргізіп жатыр деп айта алмайсың. Алайда мұндай рейтингтер нақты мәндерге қарайды. Одан бөлек, елімізде жұмыссыздық деңгейін де 5 пайыз деп көрсетеді. Бірақ Дүниежүзілік банк ондай емес деген мәліметтерді келтіреді. Ол 15 пайыз деп көрсеткен. Кедейшілікті де өзімізде 5 пайыз деңгейінде шамалас деп келтіреді. Ал Дүниежүзілік банктің есебі бойынша ол 12 пайыздан асып кеткен. Одан бөлек, халықаралық үлкен аудиторлық компаниялар бар. Солардың бірі – KPMG. Осы компанияның есептерінде де Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі әлдеқайда жоғары екені көрсетіліп тұр. Яғни ол 15 пайыздың үстінде. Тіпті Президенттің өткен жылғы жолдауында бізде 900 мың адам жұмыссыз деп айтылған. Ал статистикаға сүйенсек, 5 пайыз дегеніміз, еңбекке жарамды 10 миллион халық болса, соның 500 мыңға жуығы жұмыссыз деген сөз. Ал Мемлекет басшысы 900 мың деп отыр. Демек, 9 пайыз болуы керек. Осыдан кейін біздегі сандардың нақты болмауы әлемдік рейтинг көрсеткіштеріне оңтайлы әсер етіп отыр деп айтуға негіз бар.

El.kz: Елімізде инфляция өткен қазан айында 8,5 пайызға дейін жылдам өсіп кетіпті. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин оны әлемдегі жағдаймен байланыстырып отыр. Яғни түрлі әскери қақтығыстар, әлемдік сауда мен инвестиция көлемінің азайып кетуі деген сияқты. Ал бұған әсер етіп отырған ішкі факторлар қандай?

Мақсат Халық: Негізінде инфляция елімізде біршама төмендеп келе жатыр. Егер жылдарға қарасақ, осыдан екі жыл бұрын 20 пайыз инфляция болған. Өткен жылы инфляция 10 пайызға дейін бәсеңдеді. Биыл әжептәуір түсіп келе жатқан еді, бірақ соңғы қазан айынан бастап қайтадан күшейе бастады. Өз басым бұны маусымдық инфляция деп есептеймін. Қазан, қараша, желтоқсан – осы үш айда жалпы азаматтардың азық-түлік, басқа да заттар мен мүліктерді сатып алуы көбейеді. Кәсіпкерлер де Жаңа жылға дейін жылды қорытындылау үшін осы қараша мен желтоқсанда өте үлкен пайда табуға күш салады. Өйткені қаңтар мен ақпанда сәл тыныштық кезеңі басталады. Ол уақыттарда аса көп сауда болмайды. Сондықтан да олар Жаңа жыл алдындағы айларда көп сауда жасауға тырысып, жарнаманы да күшейтеді. Бұл да инфляцияның өсуіне септігін тигізетіні анық. Барлық азаматтар Жаңа жылға дайындалады. Тіпті мерекені жаңа үйде, жаңа көлікпен қарсы алайық деп жатады. Сондай ниетпен үй, көлік сатып алатындар бар. Басқа да заттар алып қалуға тырысады. Бұл кезеңдегі баға өсуін маусымдық инфляция дейтінім сондықтан. Қазір сол болып жатыр.

Ал әлемде инфляция шын мәнінде қарқынды болды. Тутушкин мырзаның айтып отырған сөзінің жаны бар. АҚШ-тың өзінде де бұрын-сыңды болмаған инфляция белең алды. Еуропада да солай. Бұл пандемиядан кейінгі болған жағдайлар. Себебі пандемияның уақытында әлем өзі бір түсініксіз дағдарысқа тап келді ғой. Не істерін, қалай боларын ешкім білмей қалды. Бүкіл логистикалық қызметтер жабылды. Кәсіпкерлер тауарды тиісті жеріне жеткізе алмайды. Оның өндірісі де қысқарды. Қызмет көрсету саласы – мейрамхана, қонақ үй дегендер мүлдем тоқырап қалды. Соның салдарынан әр елдің орталық банктері өте көп ақша басып шығарды. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі (орталық банк солай аталады – ред.) 2 триллион доллар басып шығарып, соны өте төмен пайызбен айналымға енгізді. Әрине, сол ақшаның барлығы инфляцияны тудырды. Яғни мұны экономикадағы артық ақша деп айтсақ болады. АҚШ әлі күнге дейін сол инфляциямен күресіп жатыр. Еуропада да тура сондай. Бірақ, әрине, ол жақтағы инфляция біздегідей емес, 20 пайызға көтерілген жоқ. Бізде, осы Орталық Азия төңірегінде, салыстырмалы түрде қарағанда, сол жылдары үлкен инфляция болды. Негізі, азық-түлік инфляциясы бізде 25 пайызға дейін барды. Ал қазір инфляция 8,5 пайыз болып тұр. Бірақ әлде де оны төмендеді деп айта алмаймыз. Ұлттық банктің межелеп отырған нақты нысаналы дәлізі – 5 пайыз инфляция. Келесі жылы соған қол жеткіземіз деген ниеті бар.

Осы жерде өзім сарапшы ретінде айтайын дегенім, Ұлттық банк оны жалғыз өзі жүзеге асыра алмайды. Үкіметпен бірлескен жұмыс керек. Мұны айтып келе жатқаныма қаншама жыл болды. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе жұмыс істегенде ғана 5 пайыздық инфляцияға қол жеткізуіміз мүмкін. Әрі оны тұрақты ұстап тұруға да болады.

El.kz: Билік осындайда инфляцияны тежеу жолдарын қарастырады. Соның бірі ретінде монетарлы саясат қолданылады. Осы монетарлы саясат деген не екенін қарапайым тілмен түсіндіре кетсек. Ол қалай қолданылады? Жалпы, инфляцияны тежеудің басқа қандай жолдары бар?

Мақсат Халық: Монетарлы саясатты Ұлттық банк жүргізеді. Фискалды саясат бар, оны Үкімет жүргізеді. Фискалды саясат дегеніміз –  бюджет-салық саясаты. Монетарлы саясат дегеніміз – ақша-несие саясаты. Жаңа айтқанымдай, монетарлы саясатқа жауапты бізде Ұлттық банк. Оның міндеті – елдегі ақша массасын қадағалау, ақшаны басып шығару және сол ақша массасын реттеп отыру. Өйткені ақша массасы ұлғайып кетсе, бұл инфляцияға, бағаның шарықтауына алып келеді. Соны реттеп отыру керек.

Ұлттық банктің монетарлы саясаттағы ең негізгі құралы – базалық пайыздық мөлшерлеме. Базалық пайыздық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, онда ол теңгеге күш беріп тұрады. Өйткені ондай кезде депозитте ақшаны теңгемен ұстау тиімді болады. Яғни депозиттің пайызы жоғарылайды. Ал бір жағынан базалық мөлшерлеме – несие пайызының да көрсеткіші. Жалпы, базалық мөлшерлеме жоғарыласа, елдегі барлық пайыздар өседі. Депозиттің де, несиенің де пайызы өседі. Ал несие пайызы өссе, керісінше, халыққа тиімсіз болатыны мәлім. Бізде базалық мөлшерлеме бүгінге дейін 14 пайыздың үстінде болып келді. Осы пайыз арқылы ең алдымен екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен ақша алады. Олар сосын халыққа беретін кезде оның үстіне өздерінің пайыздарын қосып береді. Қазір ипотекалық несиенің 18 пайыздың үстіне шығып тұрғаны осыған байланысты. Енді бизнеске арналған несиені қарасаңыз, ол 20 пайыз, тіпті одан да жоғары. Ал егер базалық пайыз мөлшерлемесі неғұрлым төмен болса, онда ипотекалық несиенің де, бизнеске арналған несиенің де пайыздары азаяды. Сондықтан да осы базалық мөлшерлемеге байланысты да көптеген пікірлер айтылып жатыр.

Ал енді үкімет не істей алады дегенге келейік. Бізде үкімет инфляциямен күресетін кезде әп-әдемі костюм-шалбар киіп, галстук тағып алады да, базар аралайды. Дүкен-дүңгіршектерге барып, сатушыны: «Бағаны неге өсіріп қоясыз? Қиярыңыз неге қымбаттап кеткен? Қызанақ неге қымбат?» деген сияқты сұрақтардың астына алады. Бірақ бұл – ең төменгі, қымбатшылықпен күресудің түкке тұрмайтын әдісі. Олай жасалмауы керек. Негізгі мәселе тереңде жатыр. Егер Үкімет нақты инфляциямен күресуге атсалысамын десе, ол қарапайым азық-түлік өндірісін дамытуға тиіс. Оның түп тамыры ауыл шаруашылығында жатыр. Бұл шаруалар мен фермерлерге жағдай жасауға байланысты. Оларға сапалы, жақсы тұқым жеткізіп беру қажет. Кейбір жерлерде шөлейтті аймақтар болса, соған төтеп беретіндей, су аз болса да өсетіндей тұқым жеткізіп берген жөн. Егер жылыжаймен айналысып отырғандар болса, сол жылыжайларын да газбен жылыту мәселесін алға тартып, соны қамтамасыз етуге үлес қосу керек. Субсидиясын берсін. Егер нақты осындай қадамдар жасалса, шаруа бар ынтасымен өнімді жұмыс істей бастайды. Жанар-жағар майдың тұрақтылығын да қамтамасыз етсін. Әсіресе, маусымдық кездерде жанар-жағар май бекеттерінде бензин тапшылығы болады. Оны әдейі қолдан жасайтындар да бар. Сол жерге барып, бағасын келісіп алып жатады. Солардың жолдарын кессін. Үкіметтің араласатын жерлері осылар, негізі. Одан бөлек, арада неше түрлі делдалдар бар. Олардың бәрімен күресіп болмаймыз ғой дегенді айтады. Делдалдар, негізі, нарықта керек-ақ. Бірақ олардың тым көбейіп кеткені дұрыс емес. Өйткені шаруаның егін алқабынан алған өніміне қоятын бағасы мүлдем басқа да, ал қалада тұратындар үшін оның құны он есе жоғары. Бұл сол делдалдардың кесірінен болады. Міне, осындай жағдайларды үкімет тыюы керек.

El.kz: Үкімет осының бәрін жасап отыр емес пе?

Мақсат Халық: Иә, үкімет жасап отырмыз деп есептерінде көрсетеді. Бірақ егер жасап отырған болса, неге егін егу кезінде тұқым жетіспей қалады? Жасап отырған болса, маусымдық кезеңде бензин бағасы неге қымбаттап кетеді? Көптеген жанар-жағар май құю бекеттерінде тапшылық болады. Егер күресіп отырған болса, сол бағаны келісіп алатын азаматтарды неге жазаламайды? Ал жазалағандарын жария етіп айтпайды. Сол жария етіп айтылмағаннан кейін нарықтың өзге де ойыншылары «е, бола береді екен ғой» деген тұжырымға келеді. Соның салдарынан қымбатшылық үдей түсуде.

Жоғарыда айтқанымдай, Ұлттық банк пен үкіметтің бірлескен жұмысы өте маңызды. Биыл 15 қарашада қаржыгерлер конгресі өтті. Сол кезде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов: «Біз үкіметпен ақылдаса отырып, бір шешімге келдік. Инфляциямен бірлесіп күресетін болдық» дегенді айтып қалды. Егер сол сөзі рас болса, онда енді инфляция белгілі бір дәрежеде сапалы түрде төмендейді деген үміт бар.

Негізі, бізде үкімет инфляциядан бұрын экономикалық өсімге жауап береді. Сондықтан да атқарушы билікке экономикалық өсімді жасау үшін тауарлардың қымбаттағаны тиімдірек болып тұр. Тауар бағасы өссе, жаңа айтқанымдай, сол инфляция арқылы экономикалық өсімді көрсетуге болады. Осылайша, жылдық жалпы ішкі өнімді, яғни өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жиынтық құнын есептеген кезде ол өсіп шыға келеді. Сөйтіп, «экономикалық өсім 5 пайыз болды, ой керемет» деп отырады. Осы экономикалық өсім үкіметтің негізгі жұмыстарының көрсеткіші болып тұр ғой. Ол болмаса, халық атқарушы билікті сынайды. Сондықтан да олар сандық өсімді ғана жасап отыр, өкінішке қарай. Ал бізге сапалық өсім керек.

El.kz: Үкімет неге олай істейді?

Мақсат Халық: Әлемде өзі сондай тенденция қалыптасқан. Жоғарыда айтқанымдай, үкімет экономикалық өсімге жауап береді, ал Ұлттық банк инфляциямен күреске жауап береді. Екеуі бір-біріне қарам-қайшы. Таяқтың екі ұшы сияқты. Негізі екеуі де керек. Яғни инфляциямен күрес те, экономикалық өсім де қажет. Бірақ инфляция төмен болса, онда экономикалық өсім аз болады көп жағдайда. Өзінің сондай бір тенденциясы бар. Егер инфляция қарқынды болып, тауар бағасы өсіп жатса, онда ол да елдегі экономикалық өсімге ықпал етеді. Бір жағынан бұл жерде кәсіпкерлер де тауар бағасын өсіру арқылы көбірек табыс табады. Сол жағы бар. Тиісінше жалпы ішкі өнімнің көлемі ұлғаяды. Ал ол экономикалық өсімді береді.

Бірақ үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуды ойласа, бағаларды өсірмеуге әрекет жасауы керек. Сапалы өсім болуын қамтамасыз етуге тиіс. Сол кезде халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Және сапалы түрде экономикалық өсімге қол жеткізеді.  

El.kz: Биыл осы уақытқа дейін базалық мөлшерлеме, өзіңіз айтқандай, 14 пайыздың үстінде, нақтыласақ, 14,25-14,75 пайыз аралығында болды. Бүгін оны Ұлттық банк 15,25 етіп бекітті. Базалық мөлшерлемені төмендету керек деп жатқанда, бұл қалай болғаны?

Мақсат Халық: Бұл жерде бір мән беретін жайт, базалық пайыздық мөлшерлеме инфляциядан төмен болмауы керек. Өткен жылдарда Түркияда президент Режеп Тайып Ердоған араласып, «бизнеске несие аз болып қалды, ол енді төмен пайызбен берілуі керек» деп, базалық мөлшерлемені түсіріп жіберген еді. Соның әсерінен бұл елде 20 пайыз болып тұрған инфляция 80 пайыз болып бір-ақ өсті. Көрдіңіз бе? Сондықтан да бұл – теңгерімді саясат. Бұл жерде біржақты шешім қабылдауға болмайды. Бірінші инфляцияны түсіру керек. Сосын барып базалық мөлшерлемені төмендетуге болады. Сондықтан бізде 15 пайыздың үстіне шығуының бір себебі – елдегі инфляцияның өсуіне байланысты базалық пайыздық мөлшерлеме де көтеріліп жатыр. Бұл бір. Екіншіден, Ұлттық банк әлемдегі жағдайға да қарайды. Мысалы, АҚШ-тың Федералды резервтер жүйесі долларға қатысты осы базалық мөлшерлемені қалай бекітеді, соны ескереді. Қазір ол жақта да жоғары болып тұр. 5 пайыз деген АҚШ үшін өте үлкен пайыз. Бірақ оны бірте-бірте түсіру жөнінде шешім қабылдап жатыр. Егер Құрама штаттарда негізгі пайыздық мөлшерлеме (АҚШ-та осылай аталады) төмендесе, әлемдегі орталық банктер де өздерінің үстеме пайызын азайтады. Міне, осы мәселе бар. Одан кейін бұл елдегі инфляция деңгейіне де байланысты. Егер бізде инфляция ертең шынымен де 5 пайызға дейін төмендесе, онда базалық пайыздық мөлшерлемені де 9 пайызға түсіруге болады. Тіпті одан да төменірек қоюға да болады. Негізінде инфляция мен базалық пайыздың арасы шамамен 4 пайыздан жоғары болмауы керек.

El.kz: Сіз Алашорда идеясы бойынша ұлттық экономикалық модель құру керектігін айтып жүрсіз. Бұл – қандай модель? Оны жүзеге асыру мүмкін бе?

Мақсат Халық: Оны жүзеге асыру, әрине, мүмкін және асыру қажет деп есептеймін. Неге? Өйткені қазіргі мемлекетте қабылданған бағдарлама 2029 жылға арналған стратегиялық бағдарлама болып тұр. Сол 2029 жылға дейін қойылған меже ел экономикасын 450 миллиард долларға дейін көтеруді көздеп отыр. Бірақ ол бағдарламада «еліміз қай бағытта дамиды, оның негізгі экономикалық болмысы қандай болады, біз қандай салаларда еңбек бөлінісін арттырамыз, қандай салаларға байланысты өзіміздің жалпы экономикалық бет-бейнемізді айқындаймыз?» деген сияқты сұрақтарға жауап болуы тиіс еді. Мысалы, Жапония десек, Тойота, Германия десек, Мерседес көз алдымызға келеді. Яғни әр мемлекеттің өзінің салалық ерекшелігі бар.  Ал Қазақстан десек, қашанғы біз мұнай мен газ деп отырамыз? Шикізатпен мақтана алмаймыз ғой. Иә, бізде қазба байлық өте көп. Бірақ біз де белгілі бір дәрежеде белгілі бір салада бір өнімдерді өндіруге тиіспіз. Мынадай алпауыт Қытай тұрған кезде біз қандай нәрсе өндіре алуымыз мүмкін деп айтатындар бар шығар. Бірақ арнайы реестріміз болуы керек. Сол жерде Қытайда қандай тауарлар өндірілетіні көрсетілсін. Соларды біз өндірмей-ақ қояйық. Оларда жоқ шикізат пен өнімдерді өндіріп, соларды Қытайдың өзіне сатайық. Міне, осы мәселеге біз көңіл бөлуіміз керек.

Сосын азық-түліктің бәрін өз елімізде өндірейік. 90 пайыздан астам азық-түлік өнімдерін, экоөнімдерді, табиғи өнімдерді өзімізден шығарып, халқымыздың денсаулығын сақтауға үлес қосайық. Және сол өндірістерді кеңейтсек, біздің экоөнімдерді (қазір ГМО-сыз өнімдер дейді) әлемдегі мемлекеттер қуана-қуана алар еді. Яғни біз оны өзімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге сата аламыз.

Ал енді мен неге Алаш идеясын айтып жүрмін? Алаштықтардың қай сөзін, қай бағдарламасын алсақ та, олар көне тарихтың бәрін, сонау сақтардан, түркілерден бастап, кейінгі Қазақ хандығынан бері қарайғы шежірені түгел бойына сіңіріп, ұлы Абайды идеолог ретінде қойып, бүкіл дүниені сүзгіден өткізіп, мемлекетшілдік, отаншылдық, елжандылық идеяны жасап шыққан. Менің көзқарасым бойынша, одан асқан идея жоқ. Біз соны негізге ала отырып, Жаңа Қазақстанның бет-бейнесі, экономикалық болмысы қандай болуы керек деген мәселеге қатысты стратегиялық жоспар құруға тиіспіз. Ол жерде Әлихан Бөкейхан Жапонияның Мэйдзи реформасын негізге алады. Олар да сондай бағдарлама жасаған. Сол бағдарламамен жақсылап танысып, оның алатын жерлерін алуымыз керек. Әрине, толық ала алмаймыз. Өйткені ол сол уақыттағы екінші өнеркәсіптік революция негізінде жасалған. Қазір әлемде төртінші өнеркәсіптік революция болып жатыр. Енді алда бесіншісі болады деп айтылуда.

Біз әлгі бағдарламаның негізгі мемлекетшілдік, елдік мүдде тұрғысындағы идеяларын алуымыз керек деп ойлаймын. Сонда бүкіл қазақ халқы оянады. Осы идея бойынша жұмыс істейді. Мемлекетке деген сенім артады. Қазір халықтың мемлекетке деген сенім индексі төмен. Дамыған мемлекеттермен терезесі тең ел болуға атсалысайық, ол үшін мынадай басым бағыттарды дамытайық, соған бүкіл ел болып кірісейік деген талпыныс жетпей тұр бүгінгі қоғамға.    

El.kz: Алашорда демекші, экономика, оның ішінде қаржы саласын қазақ тілінде көбірек сөйлету үшін не істеген жөн?

Мақсат Халық: Иә, экономиканың, қаржы мен бизнестің, ғылымның  тілін қазақыландыруымыз керек. Онсыз біз қазақы түсінік, қазақы идея, ұлттық экономика деген ұғымдарға жете алмаймыз. Сондықтан да осы бағытта үлкен жұмыстар жасалуы қажет.

Біз өз тарапымыздан «Sana Business Forum-ды» қолға алдық. Оны бастан-аяқ қазақ тілінде өткіземіз. Және біз қазақ тілінде сөйлейтін мықты спикерлердің де бар екенін көрсете бастадық. Қазір халықтың алдында орыс тілінде сайрап жүрген көптеген кәсіпкерлерге қарағанда, мемлекетке мол мөлшерде салық төлеп отырған, тауар айналымдары әлдеқайда көп қазақтың іскер азаматтары баршылық. Соларды қазір халықтың алдына шығарып, жастарға үлгі болсын, олар блогерлерге қатты еліктемей, «ертең-ақ байып кетесің» демей, «Шын мәнінде еңбек етіп, алдыңызға мақсат қойып, іскерлікпен айналыссаңыз, тура осындай азаматтар сияқты мықты бола аласыз. Сондай-ақ елдің дамуына үлес қоса аласыз. Мемлекеттік бюджетке біраз салық төлейсіз. Сонымен қатар қаншама адамды жұмыспен қамтуға болады. Міне, осылай ел экономикасының дамуына үлес қоса алатын азамат болып шығасыз» дегенді насихаттау мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің спикерлер кейде кәсібінің деңгейі өздерінен төмен орыстілді әріптестерін барып тыңдайды. Сосын мен оларға: «Сіздер оларды тыңдағанша, қайта өз тәжірибелеріңізді, кәсіпкерлік жолында болған қиындықтарды жастарға айтып беріңіздер» деймін. Одан бөлек, бизнестің тілін қазақыландырамыз деген ниетпен қазақ тілінде MBA (Master business administration) бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алдық. MBA осыдан жүз жыл бұрын Америкада пайда болған. Қазір АҚШ-та көш бастап тұрған Гарвард бизнес мектебі осы негізде құрылған. Олар аталған бағдарламаны жүзеге асырады. Бүкіл әлемдегі ең мықты бизнесмендер сол жерден білім алып келеді. Онда оқыған қазақтар да бар. Осы жазда BI Group басшысы Айдын Рақымбаев соның дипломын алып келді. Жақында TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекей де Гарвард бизнес мектебінің дипломын алды. Енді осы бағдарламаны өз елімізде оқытуымыз керек деп шештік. Ол тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақыт бойы еліміздегі санаулы университеттерде тек орыс тілінде жүргізіліп келді. Әрине, ол қазақша өткізілмегеннен кейін, қазақша мықты контент болмағаннан кейін бизнестің тілі бізде орыс тілі болып қала береді. Сондықтан мен оқыту тілі де, бизнес тілі де осы магистратуралық бағдарламаны, сосын DBA (Doctor of Business Administration) докторлық бағдарламасын қазақыландыру керек деген ұйғарымға келдім.

Алғашқы түлектеріміз бар. Дипломдарын алып шықты. Damu Business Group дейтін кәсіпкерлер қауымдастығы бар. Сол жердегі азаматтар ең алғашқы біздің тыңдаушыларымыз болды. Олар аталған бағдарламаны оқып, бізбен бірге АҚШ-қа барып, ол жақта ағылшыншадан қазақшаға тікелей аудармашы жалдап, профессор Кейт мырзадан Мичиган университетінде тағылымдамадан өтіп, сол жерден сертификаттары мен дипломдарын алып келді. Енді осы бағдарламаны NARXOZ университетінің қабырғасында ары қарай жалғастырамыз. Қазір жаңа топ жинап жатырмыз. Сөйтіп, бизнестің тілін қазақыландыру мақсатында жұмыс істеп істеп жатқан жайымыз бар.  

Тура осындай жұмыстар үкіметте де жүргізілуі керек. Тура осындай жұмыстар біздегі ғылым саласында да жүргізілуі қажет. Сонда біз бірте-бірте тұтастай негізгі іскери тілді де, экономика, қаржы тілін де қазақыландырамыз деп есептеймін.               

El.kz: Ал қарапайым халықтың қаржылық сауатын ашудың қандай жолдары бар?

Мақсат Халық: Қаржы сауаттылығы қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Мұндай сауаты мықты азаматтар болса, олар қаржылық шешімдерді дұрыс жасайтын еді. Ал оны дұрыс жасаса, ол отбасының қаржылық тұрақтылығына әсерін тигізеді. Менің ойымша, бұл осы ақшаны дұрыс құрай алмау салдарынан болатын ажырасуды азайтатын еді. Соңғы статистикалық мәлеметтерге қарасақ, әлемде ажырасу бойынша Қазақстан екінші орынға шығып кетіпті. Бұл, әрине, өкінішті. Ал оған негізгі себеп осы тұрмыс жағдайы деп ойлаймын. Сондықтан да қаржы сауаттылығы бүгінгі таңда өте маңызды.

«Экономика» сөзі грек тіліндегі «үй шаруашылығы» (οἶκος) және «ереже, заң» (νόμος) деген сөздерден құралған. Біз экономика деген кезде банктер, мемлекеттік бюджет, импорт, экспорт деген күрделі нәрселерді бірден елестететміз. Жоқ, бұл қарапайым ғана үй шаруашылығын жүргізу ережесі. Ол әрбір отбасының өз кіріс-шығыстарын дұрыс есептеуді, табысын ұлғайтып, шығынын азайта білуді, қаржы алаяқтарына алданбаудың жолдарын үйренуді, жинаған қаржыны сақтау мен оны одан ары ұлғайтудың жолдарын білуді қамтиды. Егер дәл осындай жайттарды біздің жастар біліп алса, онда еліміздің болашағы мықты болады. Сондықтан да ең алдымен олардың қаржы сауаттылығын арттыруға үлес қосуымыз керек. Біз қазір осы мақсатта Аятжан Ахметжан басқаратын QAZBILIM ұлттық лицейінде Sana Business Academy-дің курстарын өткізіп жатырмыз. Сабақтар жақсы жүргізіліп жатыр деп ойлаймын. Осы бір жылды өткізгеннен кейін оқу құралын жасаймыз. Сосын оны бүкіл ел бойынша таратуды көздеп отырмыз.  

Және бір айтарым, осы қаржы сауаттылығы курсынан сабақ беретін мұғалімдерге мән беруіміз керек. Қазір «Экономикаға кіріспе», «Қаржы сауаттылығы» деген пәндер көптеген мектептерде бар. Бірақ бұлардан сабақ беретіндер – сағаты жетпей қалған мұғалімдер. Соларға қосымша пән ретінде беріп қояды. Сөйтіп, қаржы саласынан мүлдем хабары жоқ, басқа пән мұғалімдері сабақ өткізіп жүр. Кітапханашы апайлар да өткізген кездер болыпты. Бұл, әрине, дұрыс емес. Аталған пәндерден нағыз сол саланың мамандары бергені дұрыс. Біз сондай мамандарды дайындап, бүкіл мектептерде «Қаржы сауаттылығын», «Экономика негіздерін» және «Кәсіпкерлік негіздерін» жүргізуіміз керек деп ойлаймын. Осындай пәндерді жаппай қолға алсақ, онда біз ертеңгі жастарымызды мектеп бітірген кезде-ақ белгілі бір дәрежеде қаржыдан сауаты бар азамттарды дайындап шығарамыз.

Одан бөлек, бізде қаржы сауаттылығын арттыруға жауапты орган бар. Бұл – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Олардың қарамағында fingramota.kz дейтін сайт бар. Мен соның доменін өзгерту керек деп ұсыныс айтқанмын. Qarjysauattylyq деп қазақшалап қояйық дедім.

Негізі, қаржылық сауаттылыққа мұқтаж болып отырғандар ауыл-аймақта тұрады ғой. Оларға орысша білудің қажеті жоқ. Сол сайттың ішінде қазақ тіліндегі контентті де күшейтуіміз керек. Және қазір қазақша көптеген подкасттар түсіріліп жатыр. Ақшаға қатысты сондай жобаларды аталған агенттік пен Ұлттық банк қолына алуы керек деп есептеймін. Олар дайындаған подкасттарды арнайы бір сайтта жариялап отырса, қаржы алаяқтарының жолы кесілер еді. Әйтпесе, қазір әртүрлі блогерлер немесе түрлі сайт жасап, видео түсіріп, тіпті Президенттің өзін жасанды интеллект арқылы сөйлетіп қойып, осындай халықтың табысын арттыруға «ҚазМұнайГаз» акцияларын таратып жатырмыз деп бейнекөріністер салатын алаяқтар көбейіп кетті.

Осы айтылғандардың барлығы жүйелі түрде жүзеге асырылса, халқымыздың қаржылық сауаттылығын арттырар едік.

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: